Әлемнің алты құрылығындағы биржалар қаржылық сауаттылық қоңырауын соғуда
Әлемнің 90 елінің биржасы 2020 жылғы 5 қазаннан бастап апта бойы IOSCO инвесторларының онлайн режиміндегі халықаралық апталығы шеңберінде қаржылық сауаттылық қоңырауын соғуда. Оның ішінде Қазақстанның қор биржасы да бар.
Бүгін Fingramota.kz жаңадан бастаушы инвестор қор биржасы және қор нарығы туралы нені білуі қажет екенін айтып береді.
Тарихқа шолу
Қор нарығы – бұл бағалы қағаздармен сауда жасайтын орын. Бұл нарықта әрбір қатысушы сатушы ретінде болады, сол сияқты сатып алушы ретінде де болып, бағалы қағаздардың сауда операцияларында қомақты капитал жасауы ықтимал.
Қазіргі қор нарықтарының арғы аталары орта ғасырлық вексель жәрмеңкелері болған. Қазіргі уақытқа дейін сақталып, ең ұзақ жасап келе жатқан 1611 жылы ұйымдастырылған Амстердам биржасы болып саналады.
Амстердам сол кездің өзінде-ақ Еуропаның ең ірі айлақтарының бірі болған. Бүкіл әлемнен портқа келетін кемелер акционерлік компанияларға тиесілі болды. Теңіз саудасы сол дәуірде барынша тәуекелді іс еді. Кеме опат болған жағдайда, банкрот болмауы үшін немесе ол межелі орынға сәтті келген жағдайда, ақша табу үшін акционерлер кеме жүгіндегі үлесінің бөлігін сатты және сатып алды. Қор биржасы өзінің қызметін осылай бастаған.
Бағалы қағаздармен сауда жасау техникасы алдымен тауарлардың биржа саудасы техникасына ұқсас болды, алайда біртіндеп іс-әрекет етудің өзіндік нормалары әзірленді.
Англияда қор нарығы 18 ғасырда әдеттегідей құрылымға ие болды. 1773 жылы Джонатан кофеханасында қаржы құралдарымен сауда жасаған лондондық брокерлер өздерінің кездесулері үшін алғаш рет «қор биржасы» – Stock Exchange деп аталатын арнайы үй-жайды жалға алды.
Нью-Йорк қор биржасы Лондон қор биржасы құрылғаннан кейін 20 жыл өткен соң негізін қалады. Мәмілелер жасаған нью-йорктік 24 брокер, олардың лондондық әріптестері сияқты, кофеханаларда қор биржасын құру туралы келісімге қол қойды. Бүгінде Нью-Йорк қор биржасы Лондон және Токио қорларымен қатар әлемдегі ең ірі және ықпалды биржалардың үштігіне кіреді. Жаһандық экономиканың жағдайы осы үш биржада қандай көңіл-күйдің – оптимистік немесе пессимистік күйдің орнығуына байланысты болып келеді.
Әлемде барлығы 150-ге жуық қор биржасы, оның ішінде Қазақстан қор биржасы – KASE бар.
Біздің еліміздегі қор нарығы 90-жылдардың басында – жекешелендіру және акционерлік қоғамдар құру кезеңінде қалыптаса бастады. Алайда, 2000 жылға дейін Қазақстанның қор нарығы белсенді болмады – нарықта сатушылар да, сатып алушылар да жетіспеді. Зейнетақы реформасы қор нарығының дамуына серпін берді. Қазақстанда алғаш рет қор нарығы кәсіби қатысушыларының жеткілікті саны пайда болды, олар инвестициялау үшін құралдарды қажет ететін зейнетақы қорлары болды. Сұраныс ұсынысты тудырды – елдегі экономиканың қарқынды өсуі аясында биржаларға көбірек компаниялар кірді, олардың бағалы қағаздарының бағалары өсті, сатып алушылардың пайдасы да өсті. Әлемдік қаржы жүйесін, ең алдымен жаһандық және жергілікті қор нарықтарын құлатқан қаржы дағдарысы жағдайды елеулі түрде түзетті. Қазақстандағы қор нарығы қалпына келтіру сатысынан өтті – бағалы қағаздарға сұраныс біртіндеп өсуде, демек, ұсыныс та өсуде.
Айырмашылық неде?
«Қор нарығы» мен «қор биржасы» ұғымдарының аражігін ажырату қажет.
Қор нарығы – бұл капиталдар нарығының ажырамас бөлігі. Физикалық тұрғыдан ол жоқ – бұл бағалы қағаздармен (акциялар, облигациялар, туынды қаржылық құралдар және т.б.) саудаласуға мүмкіндік беретін әрекеттер мен тетіктер жиынтығын белгілеуге қызмет ететін абстракты ұғым.
Қор биржасы – бұл сауда-саттық жасауға орын беретін және бағалы қағаздарды сатып алушылар мен сатушыларды біріктіретін ұйым. Әр қор биржасының нақты мекенжайы, қағидалары мен кестесі болады.
Өзіңізді мысалы, пластмассадан жасалған бұйымдар шығаратын зауыттың иесі ретінде елестетіп көріңіз. Сіздің кәсіпорын нарықта бірнеше жыл жұмыс істеуде, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Зауыт өнімдеріне тапсырыс саны күн сайын артып келеді, сату желісі кеңейіп келеді және сіз белгілі бір уақытта өндіріс көлемін ұлғайту және кірістілікті арттыру үшін сізге жаңа қымбат жабдықтар қажет екенін түсінесіз. Ақшаны қайдан алуға болады? – барлық бизнесмендерді толғандырар мәселе.
Бірнеше нұсқа бар. Біріншісі – айналымнан қаражат алу. Шынын айтсақ, бұл қызықтырар нұсқа емес – айналым капиталынсыз – яғни шикізат сатып алуға, көлік шығасыларын төлеуге, қызметкерлерге жалақы төлеуге қаражатсыз өндіріс тоқтап қалуы мүмкін.
Екінші нұсқа - банктен кредит алу. Ол үшін сізге бизнес-жоспар жасау, оның тиімділігін банкке дәлелдеу, кепіл ұсыну, кепілді сақтандыру қажет болады, содан кейін сізге кредит берілетін болады - әрине, пайызбен. Қажетті қаражатты қор нарығынан табуға болады.
Ол қалай жасалады? Оның екі жолы бар. Бірінші жол - акционерлену, яғни өз кәсіпорныңыздың бір бөлігін инвесторларға сату. Сіз өз зауытыңыздың құнын көптеген тең бөліктерге (акцияларға) бөлесіз, содан кейін сол бөліктерді нарықта – мысалы, қор биржасында сатасыз. Нәтижесінде, сіздің кәсіпорныңызда қосымша иелері, ал сізде дамуға қажетті капитал пайда болады.
Екінші жол - сол қор нарығында қарызға ақша алу. Сіз өзіңізге қажетті сомаға борыштық міндеттемелер (облигациялар) шығарасыз, содан кейін бұл облигацияларды белгілі бір мерзім өткеннен кейін сатып аламын және сатып алушыларға пайыз төлеймін деп уәде беріп, оларды биржада сатасыз. Облигациялардың сыйақы мөлшерлемесі, қолданыс мерзімі және олардың бастапқы құны алдын ала келісіледі. Шын мәнінде, сіз сол кредитті аласыз, тек бірден көптеген кредиторлардан, әрі төмен бағамен және кепілсіз. Алайда, бұл процесті, бір қарағанда, жеңіл деп айтуға болмайды. Биржаға шығу үшін қаржылық аудиттен өту, кредиттік рейтинг алу қажет, бірақ шығындар соған тұрарлық.
Бағалы қағаздар – олардың құндылығы неде?
Акциялар және облигациялар бағалы қағаздар болып табылады, демек олардың әр қайсы компания құнының немесе борышының бір бөлігін білдіреді, және олардың барлығының құны бар, ол бойынша нарықта оларды сатады және сатып алады. Бұрын бағалы қағаздар қағаз форматта шығарылды, бүгін бағалы қағаздардың көпшілігі электрондық түрде – арнайы ұйымның – депозитарийдің шоттарында жазба түрінде тұр. Егер басқа елдерде бағалы қағаздардың қағаз нұсқасы бар болса, Қазақстанда сіз оларды таппайсыз.
Қазіргі заманғы бағалы қағаздар екі үлкен сыныпқа: негізгі және туынды болып бөлінеді.
Негізгі бағалы қағаздар – бұл бағалы қағаздар, оның негізіне қандай да бір активке, әдетте, тауарға, мүлікке құқықтар, түрлі ресурстар, ақша, капитал және басқалары жатады. Негізгі бағалы қағаздар бастапқы және қайталама болып бөлінеді. Мысалы, сіз облигация шығардыңыз немесе акцияны немесе вексельді орналастырдыңыз – бұл бастапқы қағаздар болады.
Қайталама бағалы қағаздар – бұл бастапқы бағалы қағаздардың негізінде шығарылатын бағалы қағаздар, басқа сөзбен айтқанда, бұл бағалы қағаздардың өздеріне арналған бағалы қағаздар – депозитарлық қолхаттар және басқалары.
Туынды бағалы қағаз – бұл қандай да бір бағалы активтің: тауарлардың бағасына (әдетте, биржалық: астық, мұнай, алтын және т.б.) арналған; негізгі бағалы қағаздардың бағасына (әдетте, акциялардың, облигациялардың индекстері) арналған; кредит нарығының бағасына (пайыздық мөлшерлемелер) арналған; валюта нарығының бағасына (валюталық бағамдар) арналған бағалы қағаз.
Туынды бағалы қағаздарға фьючерстік келісімшарттар (тауарлық, валюталық, пайыздық, индекстік және т.б.) және еркін айналыстағы опциондар жатады.
Бағалы қағаздар шағын түрлерге бөлінуі мүмкін, өз кезегінде шағын түрлер одан әрі бөлінуі мүмкін. Мысалы, акция – бағалы қағаздардың бір түрі. Бірақ акция қарапайым және артықшылықты болуы мүмкін. Қарапайым акция бір дауысты немесе көп дауысты, номиналы бар немесе номиналы жоқ және т.б. болуы мүмкін. Бағалы қағаздар шұғылдық белгісі бойынша, эмитенттің типі бойынша, иелену нысаны бойынша, қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік және корпоративтік болып бөлінеді.
Егер сіз барлық бағалы қағаздардың мәнін мұқият түсінбейтін болсаңыз, биржалық сөздікті қолданыңыз.
Бастапқы және қайталама нарықтар
Сонымен, бағалы қағаздар өте алуан түрлі, ал қор нарығы - бұл ерекше заңдарға сәйкес өмір сүретін бүкіл әлем. Бұл заңдарды түсіну үшін нарықтың архитектурасын нақты елестету керек.
Біріншіден, қор нарығы бастапқы және қайталама болып бөлінеді. Жоғарыда сипатталған пластикалық өнімдердің иесі туралы мысалға оралайық. Даму үшін қажетті капиталды табу үшін ол акционерленді және акциялардың бір бөлігін биржада сатты. Мұндай операция – бастапқы нарықтағы мәміленің мысалы және ол IPO деп аталады («Initial public Offering»-тің қысқарған түрі). IPO – бұл эмитент ретінде қор нарығына алғашқы шығу. Бастапқы нарықта бағалы қағаздарды олардың бірінші иелеріне (инвесторларға) сату жүзеге асырылады. Бірінші орналастыру жария болмауы да мүмкін – компанияның бағалы қағаздарын қаржылық ақпаратты жария етпей, белгілі бір тұлғалар тобына сатуға болады. Бірақ кез келген жағдайда орналастырылған бағалы қағаздармен кейінгі барлық мәмілелер қайталама нарықта жүзеге асырылатын болады. Қайталама нарықта бағалы қағаздар иелерінің (акционерлердің немесе кредиторлардың) ауысуы ғана орын алады, ал бағалы қағаздарды сатудан түскен қаражат эмитенттерге емес, бағалы қағаздардың бұрынғы иелеріне түседі.
Биржалық және биржадан тыс нарықтар
Қор нарығы да биржалық және биржадан тыс болады. «Биржадан тыс» термині «бейресми» дегенді білдірмейді – бұл да реттелетін нарық түрі, алайда оның басты айырмашылығы – қағаздардың сапасы. Әдетте биржадан тыс нарықта биржалық талаптарға, ең алдымен жоғары сенімділік талаптарына сәйкес келмейтін компаниялардың акциялары бағаланады. Биржадан тыс нарықтағы алыпсатарлықтың жоғары деңгейінің себебі де осыған байланысты.
Қазақстанда биржалық та, сондай-ақ биржадан тыс нарықтар да бар. Қазақстанның биржадан тыс нарығы орталық депозитарийге енгізілмеген бағалы қағаздармен жасалған барлық сатып алу-сату мәмілелерді қамтиды.
Қор нарығы Қазақстанның қор биржасында да бар.
Қысқаша KASE туралы
Қазақстан қор биржасының туған күні 1993 жылғы 17 қараша болып есептеледі. Дәл осы күні Ұлттық Банк пен 23 коммерциялық банк валюта биржасын құру туралы шешім қабылдады. Биржаның алдына ұлттық валюта нарығын ұйымдастыру міндеті қойылды. Одан бірнеше күн бұрын Қазақстанның меншікті валютасы – теңге пайда болды. Биржа құрылғаннан кейін алғашқы екі жыл көлемінде шетел валюталарының сауда-саттығын ұйымдастырумен айналысты, ал 1995 жылы мұнда мемлекеттік бағалы қағаздардың алғашқы сауда-саттығы өтті. 1999 жылы корпоративтік және муниципалдық облигациялардың қазақстандық биржалық нарығының дамуы бастау алды, осы жылдың қараша айында еліміздің қор нарығында алғашқы шетелдік бағалы қағаздар пайда болды.
2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша KASE-де биржа мүшелері - 50 компания, 182 эмитент- компаниялар тіркелген, 8 айдағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі 78,1 трлн KZT құрады.
Өз ақшаңызды басқаруды үйреніңіз және Fingramota.kz-пен қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!