Жамбыл облысында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
2026 жылғы 3 тамызда Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, оның құрамында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы – Самат Төрегелдиев, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы – Арман Маканов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі – Еркін Қуанышев, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы – Шалқар Амантұров, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы – Уәлихан Байдуанов және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғайтын өңірлік қоғамдық ұйымдардың төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жұмыс тобының отырысында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын өткізу кезеңінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 14 шілдедегі №33/62 қаулысына сәйкес сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды қажетті арнайы құралдармен жабдықтау, сурдоаударма қызметін ұйымдастыру, инватакси қызметін пайдалану, сондай-ақ көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы
С. Төрегелдиев сайлауға дайындық аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Отырыста «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталындағы сайлау учаскелері туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №525 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне арналған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру мәселесі қаралды. Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері аталған бастамаға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша жұмысшы топ жетекшісі-облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев жұмыс тобының отырысында көтерілген мәселелерге тоқталып, баяндамашылардың ұсынған ақпараты мен қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы назарға алынатынын атап өтті.
Сонымен қатар, ол жұмыс тобының мүшелеріне жергілікті атқарушы органдардың жауапты мамандарының, мүгедектігі бар азаматтардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оларды жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар мен талаптарды айқындау қажеттігін, сондай-ақ, мониторинг барысында анықталған кемшіліктер мен берілген ұсыныстар бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.
Бұдан бөлек, сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, сайлау учаскелерінің қолжетімділігін заң талаптарына сәйкестендіруді, сондай-ақ «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» inva.gov.kz интернет-сайтындағы сайлау учаскелері туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды жүзеге асыруы қажет екенін атап өтті.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру барысында әрбір азаматтың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың конституциялық сайлау құқықтарын толық жүзеге асыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы