Меню

Страницы

Статья

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

 

2025 жылғы 26 желтоқсан күні М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің залында облыста жастардың саяси мәдениетін қалыптастыруға және сайлау процесіне қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған — Жас сайлаушылар форумы өтті.

Форум жұмысына облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеев, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Құралбайұлы Ілебаев, Жамбыл облыстық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрайымы Жүнісова Фарида Амансарықызы, облыстық, қалалық/аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, қала/аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық/аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен Жастар ресурстық орталықтарының директорлары, қалалық/аудандық Жас сайлаушылар клубының мүшелері, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлық қарсы жалпыұлттық қозғалыс и Республикалық Қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры, қоғам белсіндісі Қ. Төлендиев, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Солтыбаев, саяси партиялар мен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың төрағалары, БАҚ өкілдері жұмысшы жастар мен білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.

Форум басында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-қабаттағы фойесінде сайлау учаскесінің үлгілік көрінісі ұйымдастырылып, сайлау процесінің қалай ұйымдастырылатынын, учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын және сайлаушыларға жасалған жағдайларды көрсету арқылы жас сайлаушыларға ақпарат беріліп, сайлау учаскесіндегі жұмыстардың ұйымдастырылу тәртібімен жан-жақты танысты.

Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін тыңдаумен басталды. LED экранда Мемлекеттік Ту бейнесі көрініс тауып, қатысушылар бірден салтанатты атмосфераға енді.

Алғашқы сөз Жамбыл облысының әкімі Ерлан Шырақбайұлы Қарашөкеевке беріліп, құттықтау сөз сөйлеп, жастардың ел дамуы мен болашағындағы шешуші рөліне тоқталды. Сонымен қатар, сайлау мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және жастардың саяси өмірге белсенді қатысуының маңыздылығын айтты.

Ербол Шырақбайұлының сөзінен:

«Құрметті форумға қатысушылар!

Қадірлі жас сайлаушылар!

Жастар – еліміздің  келешегі мен дамуының негізі.

Олар - қоғамның ең белсенді, шығармашыл және жаңашыл бөлігі болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың ақпан айында өткен «Жаңа адамдар» жастар форумында «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын» – деп атап өткен болатын (08.02.2025 ж.).

Бүгінгі таңда мемлекет жастардың сұранысы мен қажеттіліктерін ескере отырып, олардың өзін-өзі  дамытудың белсенді жолдарын қарастыра отырып, жаһандану, технологиялық жетістіктерді, жасанды интелект технологияларын игеруге және еліміздің саяси өміріне араласуына қолдау көрсететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда.

 Атап айтсақ, олардың білім беру мен мансаптық бейімдеуге бағытталған 6 бағдарлама («Серпін-2050», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Бастау Бизнес» және т.б.), сондай-ақ, тұрғын үймен қамтуға бағытталған «Әулиеата жастары» бағдарламасы бар.

Бүгінге біздің бір қатар жастарымыз тиісті жеңілдіктер мен әлеуметтік-тұрмыстық қолдауларға ие болуда.

Биыл жастарды жұмыспен қамту шараларына субсидияланатын жұмыс орындары және жастар практикасына 1988, «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына» 506 және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 30 орын бөлінді.

Бұл жобалар жұмыссыз ретінде тіркелген 2524 жастың жұмыспен қамтылуына ықпал етті (2025 ж. 11 айдың мәліметі).

Жыл басынан бері облыс бойынша жаңа
бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 1006 азаматқа (халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын) жалпы сомасы
1 млрд. 582,2 млн. теңге (1 адамға – 1 572 800 теңге)  құрайтын мемлекеттік қайтарымсыз грант берілсе, оның 328-і жастарға тиесілі (515, 9 млн. теңге, 32,6%).

Құрметті жас достар!

Бүгін біз демократияның ең басты құндылығы – азаматтардың сайлау мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілік туралы диалог алаңында жиналып отырмыз.

Бұл кездесу – ел ертеңіне, өз болашағымызға бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды сәт деп ойлаймын.

Сайлау – жай ғана дауыс беру емес.

Ол – ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылдайтын және әр азамат өз даусымен еліміздің әлеументтік-экономикалық, саяси өміріндегі өзгеріске үлес қосуына мүмкіндік беретін жүйе.

Қазір елімізде саяси жүйе жаңа серпін алды. Конституциялық реформалар нәтижесінде 2022 жылы ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізіліп, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында, партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың сапалық құрамында әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар квотасы 30 пайыздан кем емес пропорциясында болу міндеттелді.

Жамбыл облысындағы жергілікті өкілді органдарға сайланған 210 депутаттардың 23-і (11%) жастар санатына жататын азаматтар болса, облыстағы барлығы 151 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімдерінің ішінде 30-ы жастар (20%).

Яғни жастар да сайланбалы орындарға белсене қатысу арқылы, жергілікті халықтың сеніміне ие болуда деп ерекше айтуға болады.

Мемлекеттік қызметке жастарды тарту

Мемлекеттік қызмет дарынды жастар үшін әрдайым ашық.

Бүгінде мемлекеттік аппарат жұмысына білімді де білікті жас мамандарды тартуға бағытталған жаңа тәсілдер белсенді енгізілуде. Соңғы жылдардағы заңнамалық өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен оқып, оны жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен жоғары) бітірген жас түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілді.

Осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметке келген жастардың облыстағы үлесі – 44 қызметкерді құрап отыр.

Жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында өңірлік кадр резерві құрылып, оның құрамына 26 резервші кірді.

2024 жылдың 26 тамызынан бүгінгі күнге дейін өңірлік кадр резервінің 15 мүшесі мемлекеттік қызметке тағайындалды.

Президенттік жастар кадр резерві

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны жариялап, 2019 жылғы №141 Жарлығы негізінде «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске асырылуда.

2019 жылы алғаш рет Президенттік жастар кадр резерві жобасы бастау алып, 2021 және 2023 жылдары өз жалғасын тапты (2019 жылы - 300 адам, 2021, 2023 және 2025 жылдары – 50 адам).

2025 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында 50 адам Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды, оның ішінде Жамбыл облысынан – 6 қызметкер.

Құрметті жастар!

Сіздер – еліміздің болашағы ғана емес, қазіргі уақыттың барлық саласына қажетті белсенді қатысушылары болып табыласыздар.

Сайлау процесіне қатысу арқылы, Сіздер өз көзқарастарыңызды білдіресіздер, елдің дамуына үлес қосасыздар.

Бақытты болашақ құру, өздеріңіздің қолдарыңызда.

Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, сапалы білім алып, саналы орта мен тәрбиелі келешек құрудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Өздеріңізбен бірге жыл ішінде атқарған жұмыстарымыз  аз емес.

Облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 550,5 млрд. теңгені құрады  (2025 ж. 1 жартыжылдық), нақты көлем индексі - 107,9% (ҚР - 106,3%) болып қалыптасты.

Экономикалық өсім 109,4%- ды құрады (2025 ж. 11 ай).

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 199,3 млрд. теңгені құрап,  өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,0%-ға артты (ҚР – 107,4%). Өңдеу өнеркәсібіндегі нақты көлем индексі 110,9%-ды (745,3 млрд.теңге) құрады.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 485,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,4%-ға артты (ҚР – 106,1%) (өсімдік шаруашылығы – 297,0 млрд.теңгеге (101,3%), мал шаруашылығы – 186,9 млрд. теңгеге (101,5%) өнім өндірілді).

Негізгі капиталға 599,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 33,1%-ды құрады  (ҚР – 113,3%).

Құрылыс жұмыстарының көлемі 297,9 млрд. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 20,4%-ды құрады (ҚР – 114,7%).

642,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нақты көлем индексі – 101,1% (ҚР – 103,9%). 

Сауда айналымы 100,2% (941,4 млрд. теңге) (ҚР – 108,8%) құрады.

Тұтыну бағаларының индексі 110,4%-ды (ҚР – 111,4%), оның ішінде азық-түлік тауарларына – 111,4% (ҚР – 112,2%) құрады.

Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды (2025 жылғы 3 т) (ҚР – 4,6%) құрады.

Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы                     308,1 мың теңгені (2025 жылғы 3 тоқсан) құрап, номиналды көріністе 10,2%-ға өсті.

Жан басына шаққанда орташа атаулы ақшалай табыс 2025 жылғы 2 тоқсан қорытындысымен 168,3 мың теңгені құрап (2024 ж. 2 тоқсан – 155,9 мың теңге), номиналдық көріністе 7,9%-ға артты, нақты – 1,6%-ға төмендеді.

Құрметті форумға қатысушылар!

Бүгінгі сәтті пайдалана отырып Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді.

Жаңа жылда әр отбасында толағай табыстар мен жақсы жаңалықтар көп болсын!

Бүгінгі форумның жұмысына сәттілік тілеймін.

Назарларыңызға рақмет!».

 

Облыс әкімінің құттықтау сөзінен соң, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері дайындаған «Сайлау тарихы» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.

Көрініс барысында еліміздегі сайлау институтының қалыптасу және даму кезеңдері ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманғы демократиялық үдерістерге дейін терең символикалық мазмұнмен және жоғары шығармашылық шеберлікпен бейнеленді.

Сахналық қойылымда қазақ даласындағы дәстүрлі хан сайлау рәсімі көрініс тауып, тарихи сабақтастық пен ұлттық құндылықтардың маңыздылығы айқын көрсетілді.

Әсіресе, Абылай ханды ақ киізге көтеріп сайлау сәті көрерменге әсерлі түрде ұсынылып, халқымыздың бірлігі, ел басқарудағы даналығы мен жауапкершілігі айрықша көрініс тапты. Аталған көрініс көрермен қауымды отансүйгіштік пен ұлттық рухқа бөледі. Қойылым тарихи сананы жаңғыртып, тәуелсіз Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты.

Сондай-ақ, көрермендер тарихи көрініс арқылы сайлаудың қоғам дамуындағы рөлі мен әр ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін көркем түрде сезіне алды.

Форум барысында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры, Жас сайлаушылар клубының төрағасы Айбек Амансейітұлы Қадралиев сөз сөйледі.

«Жас сайлаушылар клубы – жастардың сайлау жүйесі туралы білімін тереңдетіп, олардың азаматтық жауапкершілігі мен белсенді ұстанымын қалыптастыруға бағытталған алаң. Клуб аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сайлау процесінің ашықтығы мен маңызын түсіндіру, сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау көзделген», – деді Айбек Қадралиев.

«Сонымен қатар, облыс бойынша Жас сайлаушылар клубтары құрылғалы бері қала мен аудандарда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқтала кетейік:

Клубтардың ұйымдастыруымен:

  • қала және аудан деңгейінде 11 танымдық семинар-форумдар өткізілді;
  • жастар арасында пікір алмасу мен диалог алаңдары құрылды;
  • сайлау және сайлану тақырыбында жастарға ақпараттар берілді.

Қала мен аудан мектептерінде сайлау тәжірибесін ұғындыру мақсатында мектеп Президенттері мен Парламент сайлаулары өткізілді. Аталған іс-шаралар оқушыларға:

  • сайлау тәртібін тәжірибе жүзінде түсінуге,
  • көшбасшылық қабілетін дамытуға,
  • әділ және бәсекелестік сайлауға қатысуға мүмкіндік берді»-деді.

Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастардың ел болашағына саналы түрде атсалысуына мүмкіндік береді.

«Жастардың партия жұмысына қатысуы — олардың азаматтық ұстанымының көрінісі» тақырыбында «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Айнур Шайзханқызы Келимбетова сөз сөйледі.

Өз сөзінде, партияның қысқа мерзім ішінде ел сеніміне ие болып, саяси кеңістікте өз орнын қалыптастырғанын атап өтті.

«Партия құрылған сәттен бастап, партия экономикалық еркіндікті дамытуға, әділ бәсекелестік орнатуға және ашық басқару қағидаттарын енгізуге басымдық беріп келеді. Негізгі мақсат – қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың саяси еркін білдіруіне мүмкіндік жасау.

Жамбыл облысында бүгінде партияның 3 мыңға жуық мүшесі бар, олардың басым бөлігін жастар құрайды. Бұл – жастардың саяси үдерістерге белсенді араласуға дайын екенін көрсетеді.

«Respublica» партиясы сайлау процесіне де белсенді қатысып келеді. Партиядан ұсынылған кандидаттар ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына қатысып, өкілді органдардың қалыптасуына үлес қосуда. Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінде партия атынан 6 депутат қызмет атқарады. Олардың қатарында еліміздегі ең жас депутат – 25 жасында Мәжіліске сайланған Динара Наумова бар.

Сондай-ақ Жамбыл облыстық мәслихатындағы ең жас депутат та – «Respublica» партиясының өкілі. Темірхан Нұрсұлтан Талғатұлы 29 жасында депутат болып сайланып, бұған дейін ірі өндіріс орнын басқарған. Ол өз қаражаты есебінен Тараз қаласы мен аудандарда жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, халыққа нақты көмек көрсеткен. Қазіргі таңда ол партияның облыстық филиалы Аймақтық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Серік Данияр мен Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Тажиханов Бауыржан Жарылқасынұлы да сайлаушылар мүддесі жолында белсенді еңбек етуде.

Партия жанынан жүзеге асырылып жатқан «Re Politic» және Кадрлық резерв жобалары жастарды саясат пен басқару саласына тартуда маңызды рөл атқарып отыр. Бұдан бөлек, «Re Women» әйелдер қауымдастығы мен «Re Jastary» жастар қанаты жастар мен жас кәсіпкерлерге арналған оқыту, кеңес беру және тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыруда.

Сөз соңында, форум қатысушыларына «Respublica» партиясының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес азаматтардың саяси өмірге қатысу құқығын қамтамасыз ету бағытында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Партия өкілдері жастарды ел болашағының басты қозғаушы күші ретінде атап өтіп, олардың белсенділігі мен жаңа бастамалары Қазақстанның дамуына серпін беретініне сенім білдірді.

Қоғамдағы ең өзекті бағыттардың бірі — инклюзия мәселесін «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгерім Маратбекқызы Даулетбаева кеңінен ашып берді. Ол «Мүгедектігі бар жастардың саясаттағы белсенділігі – инклюзивті қоғамның айғағы» тақырыбында сөз сөйлеп, мүгедектігі бар жастардың да елдің саяси өміріне толыққанды араласуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, инклюзивті қоғам – әр азаматтың, соның ішінде мүгедектігі бар жастардың да тең дәрежеде саяси үдерістерге қатысуына мүмкіндік беретін орта. Саясат белгілі бір топқа ғана арналмауы тиіс, ол барлық азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді болуы қажет.

Спикер бүгінгі таңда елімізде 70-тен астам мүгедектігі бар азаматтың мәслихаттар мен Парламент құрамында халыққа қызмет етіп жүргенін атап өтті. Бұл тең мүмкіндіктердің қағаз жүзінде емес, нақты іспен жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ ол жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдердің азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін, сондықтан мүгедектігі бар адамдардың билік құрылымдарында болуы олардың мәселелерін терең түсініп, тиімді шешім қабылдауға жол ашатынын жеткізді.

Айгерім Дәулетбаеваның айтуынша, өңірде сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін арнайы кабиналар орнатылып, көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті құралдармен қамтамасыз ету жолға қойылған. Бұдан бөлек, дауыс беру күндері сурдоаудармашылар мен инватакси қызметтері ұйымдастырылып, азаматтардың Конституциялық құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасалуда.

Қорытындылай келе, ол мүгедектігі бар жастардың саясаттағы белсенділігі инклюзивті қоғамның берік негізі екенін атап өтіп, жастарды өз құқықтарын білуге, азаматтық ұстанымын ашық білдіруге және қоғам өміріне белсенді араласуға шақырды.

Форум жастар үшін тек ресми форматта емес, көңілді, қызықты әрі тартымды түрде өтті.

К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі мен колледж студенттерінің орындауындағы әсем әндер мен билер форум көрігін келтіріп, қатысушыларға ұлттық рух берді. Сонымен қатар, әншілердің музыкалық нөмірлері шараны мерекелік деңгейге көтерді.

Келесі кезекте, сөз сөйлеу үшін ортаға Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев шақырылды.

 

Ол жастарға жүрекжарды тілегін жеткізіп:

«Құрметті форумға қатысушылар!

Қадірлі жастар, жас сайлаушылар!

Құрметті ұйымдастырушылар мен қонақтар!

Ең алдымен, баршаңызды Жамбыл облыстық және қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссиялары жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубының аясында өтіп жатқан маңызды танылымдық-семинар форуммен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл бастама – жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, олардың құқықтық сауатын көтеруге және еліміздің демократиялық дамуына үлес қосуға бағытталған аса маңызды қадам деп білеміз.

Бүгінгі форумның басты мақсаты – жас сайлаушылардың сайлау мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарын айқындау, жастар арасында сайлау құқығы мен азаматтық жауапкершілікті кеңінен түсіндіру. Бұл – уақыт талабынан туындаған өзекті мәселе.

Біз аға буын өкілдері!

Біз, ардагерлер, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын көзімізбен көрдік. Елдің ертеңі үшін қабылданған әрбір тарихи шешімнің артында халықтың сенімі мен таңдауы тұрғанын жақсы білеміз. Сондықтан сіздерді ел болашағына жауапкершілікпен қарауға, өз құқықтарыңызды білуге және оны заңды түрде жүзеге асыра білуге шақырамыз.

Жас сайлаушылар клубы – пікір алмасуға, ашық диалог орнатуға, білім мен тәжірибе жинақтауға арналған маңызды алаң. Осындай клубтар арқылы сіздер: сайлау заңнамасын терең меңгеріп, өз көзқарастарыңызды еркін білдіріп, қоғамдық өмірге белсенді араласуға дағдыланасыздар.

Бұл – нағыз азаматтық мектеп.

Ардагерлер кеңесі әрқашан жастардың бастамын қолдайды. Біз үшін сіздердің саналы, білімді, елжанды азамат болып қалыптасуларыңыз – ең үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Жамбыл жері талай тарихи шешімдер қабылдаған.

Сөзімді қорытындылай келе айтарым: Сайлауға қатысу – бұл жай ғана азаматтық борыш емес, бұл – Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосылған үлес. Ел ертеңі жарқын болсын десек, бүгін дұрыс таңдау жасай білейік.

Жастарымыз жалынды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деп атап өтті.

Сонымен қатар, форумда Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның директоры, Жас сайлаушылар клубының төрағасы Мади Жәнібекұлы Кунту сөз сөйледі.

«Бүгінгі бас қосуымыз – еліміздің болашағын айқындайтын, ең белсенді де саналы буын – жастарға арналуда. Жастар – еліміздің, жалпы қоғамның ең серпінді, жаңашыл және белсенді бөлігі.  Жаңа идеяларды ұсынатын, әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделетін, еліміздің экономикалық және саяси дамуына тікелей ықпал ететін буын.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың саяси белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатын алға қойып отыр.

Жас сайлаушылардың сайлау процесіне қызығушылығын арттыру негізінде Мойынқұм аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан «Жас сайлаушылар клубы» құрылып, оның құрамына әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жастар мен білімгерлердің енгізілгендігі де жастар үшін жағымды жаңалықтардың бірі болды. Осы бағытта аумақтық сайлау комиссиясымен бірлесіп нақты іс-шаралар жоспарын бекітіп, жүзеге асырылуда. Осындай кезекте Жамбыл облысының әр ауданында осы жоспардың аясында бүгінде жас сайлаушылар форумы өткізіліп, облыс орталығында ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта «Жастар ресурстық орталығы» мен жас сайлаушылар клубының қызметкерлері шеңберінде оқыту семинарларын, іскерлік ойындар, сайлау комиссияларының өкілдерінің қатысуымен кездесулер, сондай-ақ түрлі акцияларды бірлесе өткізу жоспарлануда.

Аудандағы жастардың сайлау науқандарына қатысуы аудандық сайлау комиссиясының тұрақты бақылауында.
Қазіргі таңда Мойынқұм  ауданында 28855 тұрғын болса, оның ішінде 14-35 аралығындағы жастар саны – 8244. 2025 жылы сайлаушылар тізімінде 35 жасқа дейін 3365 азамат тіркелген.

Мысалы, 2025 жылдың 18 мамырда күні өткен Ұланбел, Қызылтал, Қызылотау, Кеңес және Бірлік  ауылдық округтері әкімдерінің сайлауында 2792 сайлаушы дауыс беруге қатысып, оның ішінде 18-35 жас аралығында 908 жас дауыс берді. Яғни, сайлаушылардың 30,6% пайызын жастар құрады» - деп аяқтады.

Форумда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің 3-курс студенті, «DU UNION» студенттік парламентінің Президенті Асель Тынышбекқызы Тоқпанованова да сөз берілді.

«Болашағын бағамдайтын мемлекет - жастарының санасының ояу, білімінің жоғары, белсенді болуына басты мән береді.

Қай кезде де жастардан креативті күтілетіні анық. Жастар - ар мен намыстың, өр рухтың дүниелердің символы. Облыс көлемінде, оның ішінде Тараз қаласында жастарды қолдау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқандығының куәсі болып жүрміз. Биыл облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен жас сайлаушылар форумын жаңаша форматта ұйымдастыру қолға алынып, қаламызда әртүрлі саланың жастарын қамтыған жас сайлаушылар форумы алғаш рет өткізілді. Жастардың саяси белсенділігін арттыруға септігін тигізетін мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Сонымен қатар, жастардың саяси белсенділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы аумақтық сайлау комиссиялары жанынан «Жас сайлаушылар клубы» құрылып, оның құрамына әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жастар мен білімгерлердің енгізілгендігі де жастар үшін жағымды жаңалықтардың бірі болды. Клуб мүшелері жастар арасында сайлау құқықтарын түсіндіру бойынша заманауи тәсілдерді әзірлеп, жас буынның сайлау процесіне қызығушылығын арттырумен айналыса бастады.

Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында, тіпті мектептерде жастар өздерінің арасынан көшбасшыларды таңдау үшін парламенттік сайлаулардың өткізіліп жүргендігін көріп жүрміз. Мұны жастардың саяси мәдениетін қалыптастыруға, сайлау процесінің маңызын түсіндіруге және жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына арналған алғашқы қадам деп түсіну қажет.

Осы орайда, мен өзім білім алып жүрген М.Х.Дулати атындағы Тараз  университетінің «DU UNION» студенттік парламентінің жұмысы туралы бір ауыз сөз айта кетуді де жөн санап отырмын. М.Х.Дулати атындағы Тараз  университетінде 2024 жылдың ақпан айында
«DU UNION» жастар комитеті Президентінің сайлауы өткізіліп, сайлау арқылы жастар комитетінің Президенті мен студенттік парламенттің мүшелері сайланған.

Студенттік парламент бүгінгі күнде университетте білім алып жүрген жастардың тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешуге, олардың пайдалы бастамаларын қолдауға және әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған жұмыстармен айналысып, нәтижелі жұмыс жүргізуде» - деді.

Форумда жастар арасында жылдам ойлауды, азаматтық білімді тексеретін блиц-викторина да өткізіліп, дұрыс жауап берген жастарға арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл кезең форумның ең белсенді әрі ең қызықты сәттерінің бірі болды.

Сондай-ақ, Республикалық жайдарман ойындарында өнер көрсетіп жүрген «Әдеби Жігіттер»  КВН командасы өнер көрсетті. Олардың саяси мәдениет, жастар мәселесі және қоғамдағы өзгерістер тақырыбындағы тапқыр әзілдері көрермендер тарапынан ерекше қошеметке ие болды.

Форум барысында жастардың пікірлері мен ұсыныстарын білу мақсатында қатысушыларға QR-код арқылы 10 сұрақтан тұратын онлайн сауалнама ұсынылды. Бұл — жастардың пікірі мен ұсыныстарын жинау және келесі жобаларды жоспарлауда пайдаланылатын маңызды құрал.

Ағымдағы жылдың қараша айында жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, аумақтық сайлау комиссиялары форумдар өткізді, сонымен қатар бұл форум Жас сайлаушылар клубына жаңа серпін берді.

Форум барысында Тараз қаласы мен аудандарда өткен жас сайлаушылар клубының алғашқы форумдарының бейнежинағы көрсетілді. Бейнеролик клубтың жұмысын жүйелі жүргізгенін дәлелдейтін көрнекі материал болды.

 

Аталған форумдарда жастардың қосқан үлестері өте көп — ол біз үшін үлкен мәртебе.

Жамбыл облысының аудандарында және Тараз қаласында ұйымдастырылған жас сайлаушылар форумдары арасында үздіктер анықталып, жүлделі номинациялар бойынша сыйлықтар табысталды:

Белсенді жастарға облыс әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының және облыстық сайлау комиссиясының Алғыс хаттары табысталды.

Марапаттарды табыстау рәсіміне Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы  Айдапкелов, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары
Серік Сәтбекұлы Құрманбеков, Жамбыл облыстық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Амансарықызы Жүнісова, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Алтай Заутбекұлы Қарабеков қатысты.

Осылайша, форумның тағы бір бөлімі – марапаттау сәті өтті.

Бұл сәт форум қатысушыларына ерекше шабыт беріп, жастардың еңбегі бағаланатынын айқын көрсетті.

Одан кейін, форумға қатысушы облыс жастарының үндеуі тыңдалды. Үндеуде жастардың саяси мәдениетін нығайтуға бағытталған ой-пікірлері мен ниеттері қамтылып, жастардың елдің демократиялық дамуына үлес қосуы және саяси мәдениетті арттыруға бағытталған ойлары мен жоспарлары көрініс тапты.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы Айдапкелов форум жұмысын қорытындылады. Ол өз сөзінде жас сайлаушылардың еліміздің саяси өміріне белсенді атсалысуға шақырып, «Сайлау мәдениеті — жай түсінік емес, ол — азаматтық жауапкершілік. Осы бағыттағы сіздердің белсенділіктеріңіз елімізге қосатын үлестеріңіз», — деді.

Сондай-ақ, «Дүниежүзілік сайлау жүйесінің негізгі қағидаты – азаматтардың демократиялық жолмен дауыс беру арқылы билікке қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Осы бағытта елімізде азаматтық қоғамды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соның ішінде жастардың қоғамдағы рөлі мен олардың саяси белсенділігі – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Осы орайда, бүгін жас сайлаушыларға арналған форум өтіп,
іс-шара барысында жастардың ел дамуына бейжай қарамайтыны айқын байқалды.

Сонымен қатар, облыстағы аумақтық сайлау комиссиялары жанынан 12 «Жас сайлаушылар клубы» құрылды. Клуб құрамына түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар мен білімгерлер тартылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде» - деп атап өтті.

Форум соңында, соңғы музыкалық нөмір мен мерекелік көңіл-күй шараның шырайын аша түсіп, қатысушылар мерекелік атмосферада ортақ естелік суретке түсіп, форумды аяқтады.

Жас сайлаушыларға бағытталған танымдық-семинар форум — Жамбыл жастарының саяси мәдениетке деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Форум — жастардың тек тыңдаушы емес, қоғамның белсенді мүшесі, өзгерістердің қозғаушы күші екенін дәлелдеді.

Бұл басқосу жас ұрпақтың еліміздің болашағына бейжай қарамайтынын, сайлау мәдениетін қалыптастыруды өз қолына алуға дайын екенін көрсетті.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Дата публикации
30 декабря 2025
Дата обновления
30 декабря 2025
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
20 октября 2026
Баспа БАҚ
Ақпарат
20 октября 2026
Онлайн платформаларды пайдаланушылар
Ақпарат
16 октября 2026
Инфографики

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы