Республикалық референдумды даярлау мен өткізудің
ұйымдастырушылық аспектілері
туралы өткен семинар-тренингтің
БАСПАСӨЗ ПАРАҒЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығымен 2024 жылдың 6 қазанына республикалық референдумды өткізу тағайындалуына орай, Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастырумен Тараз қаласы мен аудандарда ағымдағы жылдың 9-23 қыркүйек күндері аралығында аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренинг өткізілуде.
2024 жылдың 10 қыркүйегінде «Республикалық референдумды даярлау мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері» тақырыбында Меркі ауданында Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының оқыту семинары болып өтті. Семинар-тренингке Меркі ауданы бойынша аумақтық референдум комиссиясының мүшелері мен учаскелік референдум комиссияларының толық құрамы, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның референдум процесіне қатысты өкілдері, тиісті бөлім басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған оқыту семинары Меркі аудандық мәдениет үйінде өтті.
Семинар-тренингтің мақсаты – Республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар туралы, сайлау заңнамасының негіздерін және оны сайлау процесінде қолдану практикасын түсіндіру және референдумды ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттерінің деңгейін арттыру болып табылады.
Оқу-семинарын Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С. Айдапкелов ашып, қатысушыларды семинардың бағдарламасымен таныстырды.
Оқу-семинарының жоспарына сәйкес, облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С. Айдапкелов Республикалық референдумды өткiзудiң принциптерiне тоқталып, дәріс оқыды. Сонымен қатар, облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері саяси науқанды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі жұмыстар мен дауыс беру күні жөнінде дәрістер оқыды.
Оқыту барысында учаскелік референдум комиссияларының мүшелері дәріскерлерге сайлау науқанында орын алатын жағдайлар бойынша бірқатар сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар, семинар-тренингте учаскелік референдум комиссиялары мүшелерімен кейстік тапсырмалар талқыланды.
Учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінен оқытуға кіргенде және оқытудың қорытындысы бойынша тест алынып, сертификаттар табысталды.