Дүниежүзілік сайлау күніне арналған жастар форумының
баспасөз-релизі
2024 жылғы 29 қаңтарда Дүниежүзілік сайлау күніне орай Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» және Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Әділетті Қазақстанның жас белсенді сайлаушылары» атты облыстық жастар форумы өтті.
Аталған форумға саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, 2005 жылғы 14-17 қыркүйекте Венгрияның Шиофок қаласында сайлау ұйымдарының Дүниежүзілік конференциясы
«25 мемлекеттен тұратын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығы» бастамасымен өткендігі және оның шешімімен ақпанның бірінші бейсенбісі «Дүниежүзілік сайлау күні» болып белгіленгендігі туралы айтып өтті. Осылайша, елімізде жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде аталған мерекеге орай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Серғали Өмірзақұлы, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде енгізілген саяси реформалар туралы, оның ішінде сайлау жүйесіне енген өзгерістер мен жаңалықтар туралы да түсініктеме берді.
Сонымен қатар Жамбыл, Сарысу аудандық маслихаттарының жас депутаттары Ж.Тоқсаба және Б.Балғабай сөз алып жыл өткен сайын ұлттың болашағына бей-жай қарамайтын, жауапкершілікті сезінетін жастардың саны артқандығы, саяси науқандарға бар ынтасымен қатысып, өздерінің конституциялық құқығын дұрыс пайдаланатын жас сайлаушылардың көбейіп келе жатқандығы туралы пікірлерімен бөлісті.
Сондай-ақ іс-шара соңында, сайлау саласындағы қоғамның демократиялық дамуына жоғары белсенділік танытқан бірқатар азаматтар Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының алғыс хатымен марапатталды.
Дүниежүзілік сайлау күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар дәстүрлі түрде облысымыздың барлық аудандары мен Тараз қаласында жалғасын табатын болады.
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы