Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақовтың қатысуымен сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілуіне орай және басқа сұрақтар бойынша жиын өтті. Жиынға аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нұрзия Алтыбаева, аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Бақытжан Данияров және сайлау учаскелерінің төрағалары мен төрайымдары қатысты.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Бірінші мәселе – 2021 жылғы сайлау заңнамасындағы өзгерістер туралы болса, екінші мәселе – аудандық сайлау комиссиясының 2021 жылғы II жартыжылдығында өткізілген аудандық, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы бойынша қорытынды хабарламасы және өткен жылдың II жарты жылдығында Жамбыл облысы бойынша өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы туралы ақпарат. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – сайлау процесіне қатысушыларды электоралды оқыту бойынша аудандық сайлау комиссиясының 2022 жылға арналған күнтізбелік жоспарына қатысты учаскелік сайлау комиссиялардың атқаратын іс-шаралары туралы. Төртінші мәселе, Дүниежүзілік сайлау күніне арналған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2022 жылғы ақпан айына көзделген іс-шаралар жоспарына қатысты учаскелік сайлау комиссиялардың атқаратын іс-шаралары жөнінде болды.
Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, жүргізіп отырды.
Ол алдымен жиынға қатысушыларға сайлау науқанында халықпен тығыз байланыс жасау керегін және белсенділік пен ұқыптылық таныту керегін жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы кезінде жұмысты жүйелі ұйымдастыра білгені үшін №197 сайлау учаскесінің төрағасы Азамат Әбеевті орталық сайлау комиссиясының Алғысхатымен марапаттады.
Бұдан соң, күн тәртібіндегі бірінші мәселе, яғни 2021 жылғы сайлау заңнамасындағы өзгерістер туралы аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Бақытжан Данияров баяндама жасады. Баяндамашының түсіндірме тезистері LED-экраннан слайд түрінде көрсетіліп тұрды. Бақытжан Данияров өз сөзінде кандидаттарға қойылатын талаптарға, кандидаттарды ұсыну тәсілдеріне, сайлау науқанының ұзақтығы, кандидаттардың сәйкестігін анықтау, әкімдікке кандидаттарды тіркеу, сайлау алдындағы үгіт кезеңіне және дауыс беру уақытысына жеке-жеке тоқталып, кеңінен тарқатып жеткізді.
Әрі қарай сөз алған аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нұрзия Алтыбаева өткен жылы төрт ауылдық округтің әкімін сайлау кезінде белсенділік танытқан сайлау учаскелеріне жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге, аудандық сайлау комиссиясының 2021 жылғы ІІ жартыжылдығында өткізілген ауылдық округ әкімдерінің сайлауы бойынша қорытынды хабарламасына және өткен жылдың II жарты жылдығында Жамбыл облысы бойынша өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы туралы қорытынды ақпаратына кеңінен тоқталды.
Одан бөлек, ақпан айының бірінші бейсенбісіне түсетін, яғни 3 ақпан Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе отырып шара өткізілетіні туралы, ол шараға қоғамдық бірлестіктердін өкілдері, ауыл тұрғындарының қатарындағы сайлаушылары, жас мамандар, алғаш рет сайлауға қатысушы жастар шақырылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл шара 9 сайлау учаскесінде де өткізілуі тиіс екенін баса айтты.
Жиынды қорытындылай келе, оқыту жұмыстарын меңгеру мақсатында қатысушыларға 30 сұрақтан құралған тест сұрақтары таратылды. Сұрақтарға жауап беру үшін қатысушыларға 20 минут уақыт берілді.