Нұрлыкент (2007 жылға дейін – Бурнооктябрьское) — Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ауыл, Нұрлыкент ауылдық округінің орталығы.
Құрылған уақыты - 1917 жыл
Бұрынғы атаулары
Бурно-Ивановское, Бурнооктябрьское
- Тарихы
- Бурнооктябрь - аудандағы ең көне елді мекендердің бірі. Іргетасы 1917 жылғы Қазан төңкерісі алдында қаланған. Теріс өзенінің солтүстік беткейіндегі осы бір шырайлы жерді қызыл көрген түлкідей бас салған Ресей переселендері көше тіліп, үй сала бастайды. Өздері Теріс өзенінің балғын балығын аулап, оның суымен егіс алқаптарын суарған. Селоның атын Иванов есімді кулактың құрметіне Бурно-Ивановск деп атайды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін селоға Бурнооктябрьское деген атау берілді.
- Теріс өзенінің солтүстік қапталынан Қаратау жоталарының етегіне орналасқан Бурнооктябрский селосының айналасы таулы алқап. Бұл өңірде жабайы тау сағызы қалың өсетіндіктен ХІХ ғасырдың 20 жылдары бұл өңір орыс ғалымдарының назарын көп аударған. Орталықтан келген арнайы экспедиция жылдар бойы зерттей жүріп Бурнооктябрь ауылы маңындағы таулы алқаптан шөлге төзімді тау сағыздың мәдени түрін өсіріп, оны каучук өнеркәсібіне шикізат ретінде пайдалануға болады деп шешкен. 1928 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі Жарлығымен "Бурнооктябрь" селосында каучук өнеркәсіп шаруашылығы, каучук промхозы ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары "Каучук промхозы" орнына Бурный кеңшары құрылып, ол енді тау сағызы орнына картоп дақылын өсірумен шұғылданды. 50-ші жылдары бұл шаруашылық әскери ведомство құрамына енгізіліп, Кеңес Одағы тараған соң, аудан құрамына қайтарылды.