Қаракемер ауылдық округінің әкімі Құмтиын ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында ауыл өміріне тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Аталған ұсыныстар бойынша тиісті мекемелер мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеліп, іс-шаралар жоспары бекітілді.
Бірінші мәселе — Б.Шманованың шаруа қожалығындағы пияз алқабына түрлі агрохимиялық дәрілердің себілуі салдарынан ауылға жағымсыз иістің таралуы. Тұрғындар бұл жағдайдың экологиялық және денсаулыққа әсері бар екенін айтып, мәселені шешуді сұрады. Аталған ұсыныс аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбеков, ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі және Қаракемер ауылдық округі әкімдігіне жүктелді. Бұл мәселе бойынша ақпарат тоқсан сайын аудан әкімі аппаратына ұсынылатын болады.
Екінші мәселе — Құмтиын ауылынан өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімін беру. Бұл сұраныс ауыл тұрғындарының жеке шаруашылықтарын дамытуына мүмкіндік беру мақсатында көтерілді. Жауапты органдар ретінде аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбеков, ауданның жер қатынастары бөлімі және округ әкімі белгіленді.
Бұл кездесуде көтерілген мәселелерді шешу ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам болмақ. Жергілікті билік тарапынан бұл ұсыныстар тұрақты бақылауға алынып, орындалуы қадағаланып отырады.