Жуырда Ақбастау ауылдық округінің әкімі Шоқай ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, ауыл тұрғындары Шоқай ауылындағы ескі мектеп ғимаратын әкімшілік теңгеріміне алып, оны спорт нысаны ретінде пайдалануға беру жөнінде өтініш білдірді. Бұл ұсыныс ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбеков, Жамбыл ауданының білім бөлімі және Ақбастау ауылдық округінің әкімі жауапты болып белгіленді. Іс-шараның орындалу барысы туралы ақпарат аудан әкімі аппаратына тоқсан сайын ұсынылып отырады.
Жергілікті билік тарапынан бұл мәселе тұрақты бақылауға алынып, тұрғындардың бастамасы ескерусіз қалмайтыны анық. Мұндай кездесулер ауылдық жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадам болып табылады.