Аса ауылдық округі әкімінің Рахат ауылы тұрғындарымен кездесуі: көтерілген мәселелер – басты назарда

Өткен аптада аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, Аса ауылдық округінің әкімі Рахат ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелерді көтеріп, ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын жеткізді. Барлық ұсыныстар тиісті органдарға жолданып, арнайы іс-шаралар жоспарына енгізілді.

Тұрғындар тарапынан қойылған басты сұрақтардың бірі — Рахат ауылына жаңа мектеп қашан салынады? деген мәселе болды. Жаңа білім ошағына деген қажеттілік көптен бері көтеріліп жүрген өзекті мәселе. Аталған ұсыныс бойынша жауапты орындаушылар ретінде аудан әкімінің орынбасары М. Досымбекова, Жамбыл ауданының білім бөлімі және Аса ауылдық округінің әкімі белгіленді. Іс-шараның орындалу барысы туралы ақпарат аудан әкімі аппаратына тоқсан сайын ұсынылып отырады.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары кіші футбол алаңының қоршауын және жарығын ауыстыру қажеттігін алға тартты. Бұл ұсыныс спортпен шұғылдануға жағдай жасау мақсатында көтерілді. Мәселенің орындалуы аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбековке, аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне, сондай-ақ ауылдық округ әкімдігіне жүктелді.

Кездесу барысында көтерілген тағы бір маңызды ұсыныс – балалар ойын алаңшасын салу. Бұл бастама ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, қауіпсіз ойын алаңымен қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған ұсыныстың іске асырылуын аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбеков пен Аса ауылдық округінің әкімі бақылауға алады.

Барлық ұсыныстар бойынша тоқсан сайын аралық ақпарат ұсынылып, іске асырылу барысы жүйелі түрде қадағаланып отырады. Бұл – жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалогтың нақты нәтижесі.

Рахат ауылы тұрғындарының ұсыныстарын іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары ауылдағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Дата публикации
21 июля 2025