Жылжымайтын мүлікті қалай тіркейміз?
Жуырда аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында мекеменің тіркеу және жер кадастры бөлімінің бас маман-тіркеушісі Гүлжазира Науанованың ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті. Орталық мамандарының қатысуымен өткен семинарда Гүлжазира Ержанқызы жылжымайтын мүлікті тіркеу туралы кеңінен түсінік берді.
– Жамбыл аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің мемлекеттiк тiркеу саласындағы функцияларының бірі – жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу, құқықтық кадастрды жүргiзуді жүзеге асыру.
Жылжымайтын мүлік – жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу – ҚР «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңы мен өзге де заңдарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі.
Жылжымайтын мүліктерге құқықтар сатып алу-сату шарты, айырбастау, мұрагерлік ету, жалға алу, сот шешімі күшіне енген немесе өзге де құқық белгілейтін құжаттар арқылы пайда болады. Осы пайда болған құқықтарды растау үшін жылжымайтын мүліктерді міндетті рәсімдеу қажет. Жылжымайтын мүлікке қатысты ақпараттың барлығы бірыңғай мемлекеттік мәліметтердің тізіліміне енгізілуі тиіс.
Мысалы, ҚР азаматтарының әрқайсысының ЖСН және жеке куәлігі бар, сол секілді, ел аумағындағы жылжымайтын мүлік нысандарының да өзіндік бірегей нөмірі және техникалық төлқұжаты болуы үшін жылжымайтын мүлікті тіркеу керек.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-на құжаттары тапсырылады және әкелінген құжаттардың заңдылығы мен сәйкестілігін маман тексеріп, оны тіркеуге қабылдайды, – деді ол.
Семинарда мекеме қызметкерлері осы және өзге де мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
Іңкәр СҮЛЕЙМЕН,
аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жетекші маманы.