Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы жүргізілетін ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар

Жамбыл облысы аумағында ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті ауруларға қарсы егу, оларды емдеу және ветеринариялық көмек көрсету іс-шаралары қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, тек бірдейлендірілген жануарларға жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген ауруларға қарсы вакцина егу, сондай-ақ белгілі бір аумақта жиі кездесетін энзоотиялық ауруларға қарсы вакцинациялау және бруцеллез бен туберкулезге диагностикалық тексеру іс-шаралары бекітілген жоспарға сәйкес мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі.

Мысалы, сібір жарасы, аусыл, қойдың күл ауруы, оба және басқа да жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы егулер мен бруцеллез, туберкулез ауруларына диагностикалық тексерулер тегін жүргізіледі.

Аталған бағытта 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында барлығы 16,5 млн вакцина егу және 5,6 млн диагностикалық ветеринариялық іс-шаралар атқарылуда.

2026 жылы жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар жоспары бойынша 16,3 млн вакцина егу және 5,4 млн диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік тапсырыс тізіміне енгізілмеген ауруларға қарсы ветеринариялық іс-шаралар «Облыстық ветеринариялық станция» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бекіткен прейскурант бойынша ақылы түрде жүргізіледі.

Ветеринария саласындағы ақылы қызметтерге жануарларды жұқпалы және жұқпалы емес аурулардан емдеу, акушерлік көмек көрсету, хирургиялық ота жасау, жануарларды биостерилизациялау, паразитологиялық аурулардың алдын алу және емдеу, сондай-ақ дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізу жатады. Аталған қызметтердің барлығы мал иелерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, жергілікті жерлердегі ветеринариялық бөлім мамандары ақылы түрде малды қолдан ұрықтандыру қызметін де көрсетеді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының «Эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру» бөлімінің сенім телефоны: 8 (7262) 54–65–95

Ветеринарно-профилактические мероприятия по предупреждению особо опасных заболеваний животных
Дата публикации
10 ноября 2025