Ветеринария саласы бойынша анықтама

2025 жылы облыс аумағында ветеринариялық іс-шараларды өткізуге барлығы 4,6 млрд теңге бөлінді (оның ішінде республикалық бюджеттен – 873,5 млн теңге, облыстық бюджеттен – 3,7 млрд теңге).

Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2025 жылы 16,5 млн вакцинация және 5,6 млн қан алу манипуляциясын жүргізу жоспарланған. Жыл басынан бері 10,4 млн вакцинация және 3,6 млн қан алу манипуляциясы орындалды.

Ағымдағы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге дейін 1 319 448 бас төл бірдейлендіріліп, деректер базасына енгізілді. Оның ішінде:

* бұзау — 144 010 бас,

* қозы мен лақ — 1 118 094 бас,

* құлын — 54 255 бас,

* бота — 1 414 бас,

* торай — 1 675 бас.

Қазіргі уақытта АСЖБ деректер базасында барлығы 4 572 472 бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген, оның ішінде:

* ірі қара мал — 503 710 бас,

* ұсақ мал — 3 836 911 бас,

* жылқы — 216 848 бас,

* түйе — 8 665 бас,

* шошқа — 4 755 бас.

2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы аясында қабылданған нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, облыс аумағында жануарларды «IT-COR» ақпараттық жүйесі арқылы есепке алу жүргізілуде.

Облыста қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстауға арналған 11 паналау орны (приют) жұмыс істейді. Қазіргі таңда Т.Рысқұлов, Шу және Қордай аудандарында тағы 3 паналау орнының құрылысы жүргізілуде.

2025 жылы жергілікті бюджеттен қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және зарарсыздандыруға 30 млн теңге бөлінді. Конкурс нәтижесі бойынша 24,1 млн теңгеге Жамбыл облыстық ветеринария станциясы жеңімпаз болып анықталып, келісімшарт жасалды.

2025 жылы 44 үлгілік ветеринариялық пункт салу жоспарланған, олардың 32-сі қазіргі уақытта құрылыс сатысында, ал 1 нысан (Шу қаласында) сатып алынды.

Облыс әкімі қолдауымен 50 жаңа «Нива» автокөлігі мен 160 термошамадан сатып алынды. Автокөліктерге облыстық бюджеттен 420 млн теңге, термошамаданға — 13,6 млн теңге бөлінді.

Қосымша 50 «Нива» автокөлігін сатып алуға облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Сондай-ақ 1 150 жиынтық қысқы арнайы киімге тапсырыс берілді.

2025 жылы сібір жарасының 189 тіркелген көміндісін күтіп-ұстау және залалсыздандыруға жергілікті бюджеттен 12,1 млн теңге бөлінді. Барлық нысандар мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген, талаптарға сәйкес қоршалып, бетондалған және «Сібір жарасы», «Қауіпті аймақ» деген ескерту белгілерімен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері сібір жарасы бойынша күдік тіркелген жоқ.

2025 жылға бекітілген Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарында тұратын халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарында және Тараз қаласында эндемиялық аймақтарда келесі жұмыстар атқарылды:

46 елді мекенде I кезең (14 сәуір – 15 мамыр) және II кезең (16 мамыр – 21 маусым) шеңберінде жалпы 5,7 млн шаршы метр аумақта дезинсекция жүргізілді, 24 398 мал қорасы, 168 мың шаршы метр буферлік аймақ және 580 мың бас ауыл шаруашылығы жануары өңделді.

2025 жылға дейін кенеге қарсы іс-шаралар әртүрлі ұйымдармен жүргізіліп келген. 2025 жылдан бастап бұл жұмыстар салалық ұйым — Жамбыл облыстық ветеринария станциясына берілді. Бұл оң нәтиже беріп, 2024 жылмен салыстырғанда адамдардың кенеге шағылу жағдайлары 75 жағдайға азайды.

2025 жылы ветеринариялық қызметтер үшін жануардың бір басына есептелетін тарифтер 2024 жылмен салыстырғанда көтерілді. Соның нәтижесінде аудандық және ауылдық округтердегі ветеринариялық мамандардың лауазымына және біліктілігіне қарай жалақысы 143 333 теңгеден 300 615 теңгеге дейінгі аралықта белгіленді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда орта есеппен 40–60 %-ға жоғары.

Бұдан бөлек, облыс аумағында жануарлардың өлекселері мен биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату үшін 44 «Беккари» биотермиялық шұңқыры жұмыс істейді. Ағымдағы жылы аудандық бюджеттер есебінен 30 шұңқыр салу жоспарланып, оның 21-і аяқталды.

Ветеринария саласы бойынша анықтама
Дата публикации
06 октября 2025