Ветеринария басқармасы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған қолданыстағы заңнамаларға сәйкес облыс аумағында мал ауруларының алдын алу және оларды диагностикалау бойынша ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастырып, жүргізе отырып, мал басының көбеюіне өз үлесін қосуда. .
Облыс аумағында эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен 2 млрд. 90 млн. теңге, энзоотиялық ауруларға қарсы жүргізілетін іс-шараларға 444 млн. теңге қаражат бөлініп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес 100 пайызға толық орындалды.
Атқарылған ветеринариялық іс-шаралардың тиісті орындалуының нәтижесінде аса қауіпті аурулардың жануарлар арасындағы ауру көрсеткіші едәуір азайған.
2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорында барлығы 4,1 млн. бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Оның ішінде биылғы төлдер 1,3 млн. басты құрап, былтырғы жылға қарағанда 31 пайызға өсім бар.
Тараз қаласы және аудандарда ветеринариялық станциялар құрамында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап жоюға құрылған 19 бригадамен қолданыстағы заңнамаларға және қағидаларға сәйкес 2020 жылы 32 943 ит, 474 бас мысық ауланып талапқа сай жойылды.Бұл мақсатқа 60,231 млн теңге жергілікті бюджеттен игерілді. Ағымдағы жылы 37,0 млн теңге бөлінді.
Облыс аумағында орналасқан қала және аудандарда құрамында 160 ветеринариялық пункті бар 11 ветеринариялық станция қызмет атқаруда. Қазіргі таңда ветеринариялық станциялардың 8-і және ветпункттердің 98-і қызметтік ғимараттармен қамтамасыз етілген.
Сібір жарасы көмінділерінің кадастрі бойынша облыс көлемінде 189 сібір жарасы ошағы белгіленген, олардың барлығы топографиялық картаға енгізілген және бетондалып, қоршалып, ескертпе тақтайшалары орнатылған.
Малдәрігерлерінің біліктілігін көтеру мақсатында аудандар мен Тараз қаласында семинар-оқытулар өткізілді, ол семинарларда мал ауруларын емдеу, жұқпалы аурулардың көрінісі, жұғуы, қоздырғышы, алдын алу және сол сияқты тақырыптар қамтылды.
Аудандық ветеринариялық станциялардың малдәрігерлерін біркелкі арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз ету ұйымдастырылды.