GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпарат
Все материалы
06 октября 2026
Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізілуде

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оларды азаматтарға ыңғайлы ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Осы мақсатта медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізілуде. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте кезекте ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ.

Электронды кезек жобасы алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін бұл сервис Алматы қаласында да енгізілді.

2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, ал Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған.

Электронды кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жазылуға болады. Ол үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау қажет.

Азамат электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы Әлеуметтік қызметтер порталына кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы керек. Одан кейін өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу сәтті аяқталғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Белгіленген қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.

Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинеті арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстырады.

Егер азамат белгіленген уақытта келмесе, кезек автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да тиісті хабарлама жіберіледі.

Электронды кезек жүйесі медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуді жеңілдетіп, азаматтардың күту уақытын қысқартуға және қабылдауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жоба екі өңірде іске асырылғаннан кейін оның нәтижелері сараланып, электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралмақ.

06 октября 2026
"Адалдық. Заңдылық. Жауапкершілік"

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне кері әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан оның алдын алу және жолын кесу – мемлекеттік органдармен қатар бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалған. Конституцияның 1-бабына сәйкес мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ал 5-бап Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар екенін және оның еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылатынын бекітеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі құқықтық тетіктері Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында белгіленген. Заңға сәйкес бұл бағыттағы негізгі қағидаттарға заңдылық, адам құқықтарын қорғау, жариялылық пен ашықтық, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық беру және құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы жатады.

Мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, олардың себептері мен жағдайларын жою, мүдделер қақтығысына жол бермеу, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету маңызды. Қолданыстағы заңнама мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, оның қорытындысы бойынша нақты шаралар қабылдауды міндеттейді.

Сонымен қатар, 2026 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 13-бабына сәйкес мемлекеттік қызметші Конституция мен заңдарды сақтауға, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға және өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға міндетті. Бұл мемлекеттік аппараттағы адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын күшейтеді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Бұл нормалар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол берген әрбір тұлға заң алдында жауап беруге тиіс екенін көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тек құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Ол әр азаматтың заңды құрметтеуінен, адал еңбек етуінен, парақорлыққа төзбеуінен және қоғамдық бақылауға белсенді қатысуынан басталады. Заң үстемдігі, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын сақтау арқылы ғана әділетті әрі жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыруға болады.

Спорт
21 сентября 2026
Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жүлделі оралған Алматы облысының спортшылары марапатталды. Қырғызстанда өткен халықаралық додада бабы мен бағы қатар жанған жүлдегерлерге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов алғыс айтып, ілтипат білдірді, -  деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

“Көшпенділер ойындары – халқымыздың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, ат үстіндегі өнерін әлемге танытатын аса маңызды халықаралық жарыс. Әлемнің 100-ден астам елінен кіл мықтылар қатысқан дүбірлі додада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Біз үшін тағы бір ерекше қуаныш – ел құрамасының сапында Алматы облысы атынан өнер көрсеткен спортшылардың жүлделі орындарға ие болуы. Бұл ретте спортшыларымыздың жеңісіне жол ашқан бапкерлердің де еңбегін ерекше атап өткім келеді. Өңірде ұлттық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасынан спорт резервін қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортқа бет бұрған жастардың қатары айтарлықтай артты. Алдағы уақытта ұлттық спортты кеңінен дәріптеуге, оны бұқаралық сипатқа жеткізуге, жас таланттарды іріктеп, мықты спорт резервін қалыптастыруға және ел абыройын асқақтататын саңлақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық береміз. Ұлттық спорттың өркендеуі заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымға да тікелей байланысты, – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Сондай-ақ спорт нысандарын салу мен жаңғырту және әрбір тұрғынның спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын тілге тиек етті.
Аймақ басшысы санаулы күндерден соң жалауы желбірейтін ХХ Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 24 өкілі спорттың 13 түрінен бақ сынайтынын айтып, барша тұрғындарды осы байрақты бәсекеге қатысатын жерлестерімізге қолдау көрсетуге шақырды.

Бүгінгі іс-шара барысында «Алатау» федерациясының президенті Сәбит Қасенов, көкпардан VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төрешісі Елдос Тілебалдиев және аламан бәйгеден, көкпардан, көкбөріден жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Президентің “Алғыс хаты” табысталды. Өзге спортшылар мен бапкерлер де облыс әкімінің “Құрмет грамотасы” және “Алғыс хатпен” марапатталды.

Дүбірлі додада көк байрақты желбіретіп, жеңіспен оралған спортшылар өздерін елеп-ескерген Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғыс білдірді.

14 сентября 2026
Биыл Алматы облысында 510 шақырым жол жөнделеді

Алматы облысында автомобиль жолдарын жөндеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Биыл ұзындығы елу шақырым болатын облыстық маңызы бар үш жол учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Оған 16,6 млрд теңге қаржы бөлінген.

Атап айтқанда, «Есік–Саймасай (Александровка)» автожолының 11,8 шақырымында асфальтбетон жабыны толық төселіп, жұмыстардың 95%-ы орындалды. Ал, «Алмалыбақ (Киз)–Жетісу» автожолының 18,1 шақырымындағы жөндеу жұмыстары 70%-ға аяқталды. Сондай-ақ “Алматы-1 – Шамалған станциясы – Ұзынағаш” автожолының 19,5 шақырымында жұмыстар 65%-ға орындалды.

Бұдан бөлек Қарасай ауданындағы Қаскелең өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, нысан пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 551,5 млн теңге.

Қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы «Приканальная БАК» автомобиль жолының 54,8 шақырымында орналасқан Түрген өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Су шайып кеткен өткелді қалпына келтіруге 674,5 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 23,4 шақырым болатын 6 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 3 нысаны 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.

Жолдарды күтіп-ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарға 6 мердігер ұйым, 151 арнайы техника және 164 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Бүгінде облыстық маңызы бар жолдарда 800 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 65 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 480 жол белгісі, 2,5 шақырым темір қоршау және 42 автобус аялдамасы орнатылды.

Аудандық деңгейдегі көше-жол желісін дамыту бойынша биыл 142 жоба іске асырылуда. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 666 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 510,6 шақырымды 2026 жылы аяқтау, ал 155,4 шақырымды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген.

Қазіргі уақытта биылға жоспарланған жұмыс көлемінің 63%-ы немесе 322,4 шақырымы жол жөнделді.

Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары облыстың барлық аумағында жалғасуда. Атап айтқанда, Қарасай ауданында жұмыстардың орындалу деңгейі 78%, Іле ауданында 77%, Жамбыл ауданында 75%, Еңбекшіқазақ ауданында 70%-ды құрайды.

Сонымен қатар, Іле ауданындағы «Боралдай–Шіліккемер» автомобиль жолының екі учаскесінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның орындалу деңгейі 70%, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Жалпы, облыста жол инфрақұрылымын жаңарту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.

Ішкі саясат
07 сентября 2026
Олжас Бектенов Алматы облысының жаңа әкімін таныстырып, негізгі басымдықтарды белгіледі: маңызды нысандарды салу қарқынын арттыру және Президент тапсырмаларын орындау

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов және Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Алматы облысы мәслихаттары депутаттарының отырысына қатысты.

Роман Скляр депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына екі кандидатты:  бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевты ұсыну туралы хатын оқыды. 

Жиынға 178 депутат қатысты. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шыңғыс Әріновтің кандидатурасын депутаттардың 83%-ы қолдады.

Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

Өңір активімен өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов Марат Сұлтанғазиевке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. 

Үкімет жетекшісі Алматы облысының активіне өңірдің жаңа әкімі Шыңғыс Әріновті таныстырды. 

Жиында жаңа Конституцияның күшіне енуі елімізді одан әрі жаңғыртудағы маңызды жаңа тарихи кезеңнің бастауы болғаны атап өтілді. Үкімет алдында Мемлекет басшысы айқындаған мақсат экономиканың сапалы әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге қол жеткізу міндеті тұр.

Олжас Бектенов Құрылтайдың бірінші сессиясында азаматтарымыз бен ел экономикасы үшін маңызды нысандардың құрылысын озық қарқынмен жүргізу туралы Президент тапсырмаларын орындауға баса назар аударды. Атап айтқанда, олар – халықтың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға аса қажетті әлеуметтік, инженерлік, энергетикалық және су инфрақұрылымы. Бүгінгі таңда Алматы облысының әкімдігіне денсаулық сақтау саласының бірқатар жаңа жобаларына қосымша қаражат бөлінді. Олардың ішінде Қарасай ауданында перинаталдық орталық пен емхана салу, Қаскелең қаласында жұқпалы аурулар ауруханасын, Іле ауданында перзентхана бөлімшесін жаңғырту жұмыстары бар. Нысандарды уақтылы пайдалануға беру қажет. Премьер-министр бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды. Әрбір теңге өңір тұрғындары үшін нақты нәтиже әкелуі тиіс. Қадағалауды күшейту үшін «цифрлық теңге» тетігі қолданылатын болады. 

Сонымен қатар ауқымды құрылыс бағдарламаларын жүзеге асыру кезінде отандық тауар өндірушілерге басымдық берілуі тиіс. Бұл жергілікті құрылыс ұйымдарын жұмысқа тартуға, сондай-ақ қазақстандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын қолдануға қатысты. Осы ретте Олжас Бектенов сатып алынатын қызметтер мен тауарларға бағаның алыпсатарлықпен өсуіне жол бермеуді тапсырды. Кәсіпкерлер үшін бұл – өндіріс көлемін ұлғайтуға берілген өте жақсы мүмкіндік, сол себепті отандық өндірушілер бағаны жасанды жолмен көтеруге емес, жұмыс көлемін ұлғайтуға баса мән беруі қажет. Аталған қадамдар кепілдендірілген пайда табуға, жаңа жұмыс орындарынашуға, жалақыны көтеруге мүмкіндік бередіі. Мұндай тәсіл ішкі өндіріс пен азаматтарды жұмыспен қамтудың барлық тізбегін ынталандыруды қамтамасыз етеді.

Премьер-министр Алматы облысы әкімдігінің жұмысының негізгі басымдықтарын атап өтті. Ауылдық жерлерде әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқарту бойынша міндеттер айқындалды. Елді мекендерді сапалы коммуналдық қызметтермен қамтуды арттырып, инфрақұрылымның авариялық жағдапйларын азайту қажет. Су, жылу, электрмен жабдықтау және су бұру жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа электр қуатын өндіру көздерін салуға баса назар аударылды.

АӨК саласында суармалы егіншілікті дамыту, су шығынын азайту, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және өңір экономикасындағы агроөнеркәсіп кешенінің үлесін ұлғайту қажеттігі атап өтілді. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірдің автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялауды жандандыру тапсырылды. Өңірге инвестиция тартуды күшейту, өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді, туризмді және шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыру, сонымен қатар Алатау қаласының әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы қойған міндеттер барлық бағыттар мен салалар бойынша жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет.

07 сентября 2026
Қонаев қаласында орталық жылу желісі жаңартылуда

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 2,3 шақырым магистральді жылу желісі жаңғыртылуда. Тозығы жеткен құбырлар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыстырылып жатыр. Қаржы Үкімет резервінен бөлінді. Құрылыс алаңында 40-қа жуық жұмысшы мен 15 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда жөндеу жұмысының тең жартысы аяқталды. Жылыту маусымына дейін құбырлар толық төселеді.

«Қонаев қаласында 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде екі жоба іске асырылуда. Ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмысы Қонаев, Сейфуллин, Абай көшелеріне жүріп жатыр. Оның ішіндегі Қонаев пен Сейфуллин көшесінің қиылысында 500 метр жерге, ал Сейфуллин-Абай көшесіндегі 1,3 шақырым аумаққа диаметрі 630 мм құбыр қойылады. Ал Абай көшесіндегі 500 метр жерге диаметрі 426 мм болатын құбыр орнатылады. Қазіргі таңда жұмыстың 53 пайызы аяқталды», – деді «Қонаев жылу орталығы» МКК директоры Ержан Шоқан.

Шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу осы желілер арқылы таратылады. Сондықтан бұл жұмыстардың халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін маңызы зор. Алдағы уақытта да қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасын табады.

21 августа 2026
Алматы облысында 66 шақырым көшеге алғаш рет жол төселді

Алматы облысында соңғы үш жылда 50-ге жуық ауылдың көшелеріне алғаш рет асфальт төселді. Жаңарған көшелердің жалпы ұзындығы 66,5 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,64 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа жолдар Еңбекшіқазақ ауданындағы Саймасай, Ақтоған, Амангелді, Алмалы, Қорам және Сатай ауылдарында, Ұйғыр ауданындағы Шонжы, Рахат, Ақтам ауылдарында, Талғар ауданындағы Береке, Тұздыбастау, Төңкеріс, Қызылту, Жаңалық және Түзусай ауылдарында, Жамбыл ауданындағы Қарғалы, Үлкен, Шиен, Беріктас, Шолаққарғалы, Үңгіртас және Ынтымақ ауылдарында, Іле ауданындағы Байкент, Жәпек батыр, Казцик, Ақсай, Әли ауылдарында, сондай-ақ Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарындағы ауылдардың бірқатар көшесіне төселді. Бұл елді мекендердің кейбірінде тұрғындар асфальт жолды 30 жылдан астам уақыт күткен. Жолдың жаңаруы аталған елді мекендердегі 50 мыңнан астам тұрғынның күнделікті қатынасын жақсартты.

«Биыл ауылымызға алғаш рет асфальт төселіп, көптен күткен мәселеміз шешілді. Жаңбыр жауса, жолдың жағдайы қиындап, көлікпен жүру де, жаяу жүріп-тұру да оңай болмайтын. Енді міне, көптен күткен жолымызға асфальт төселді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Осы мәселені шешуге атсалысқан азаматтарға алғысымызды айтамыз», – деді Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылының тұрғыны Бейбіт Есімбеков.

Жол мәселесі әсіресе халқы көп елді мекендер үшін маңызды. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында 20 мыңнан астам тұрғын бар. Биыл мұнда бұрын асфальт болмаған тағы алты көшеге алғаш рет жол төселеді. Жалпы, облыстағы елді мекендердің басым бөлігінде көшелер асфальтталған. Дегенмен, кейбір ауылдарда қиыршық тас пен шағал төселген жолдар әлі де жеткілікті. Оларды да асфальттау жұмыстары жалғасады.

«2026-2027 жылдары облыста тағы 100 шақырымнан астам көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Жоспарға Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Райымбек, Балқаш және басқа да аудандардағы елді мекендердің көшелері енгізілген. Яғни алдағы кезеңде де бұған дейін асфальт төселмеген көшелерге жол салу жалғасын табады. Бұл жұмыстарға қарастырылған қаржы көлемі 4,67 млрд теңгеге жуық», – деді Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.

Жолдардың жаңаруы ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетті. Бұған дейін көлік жүруі қиындаған көшелерде қатынас жақсарып, мектептерге, медициналық мекемелерге және аудан орталықтарына жету уақыты орта есеппен 10 - 20 минутқа қысқарған.

21 августа 2026
"Е-өтініш" - мемлекеттік органдарға өтініш беру сервисі.

E-otinish (eotinish.gov.kz) - Қазақстандықтардың билік органдарымен мәселелерін шешуді жеңілдету үшін құрылған сервис. Сайт жеке және заңды тұлғалардың барлық өтініштерін қабылдау үшін "бір терезе" ретінде әрекет етеді.онда мемлекеттік органға шағым қалдыруға, ақпарат сұрауға, елді мекендердегі жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуге болады. Кез келген мемлекеттік органның бұзушылығы, әрекеті немесе әрекетсіздігі фактісі бойынша өтініштерді қашықтықтан жіберуге мүмкіндік береді.
Берілген өтінімдер тіркеледі және бейінді ведомстволардың қарауына жіберіледі. Азаматтардың өтініштері "кері байланыс", болып жатқан оқиғалар, процестер туралы өз пікірін білдіру, жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу және өздерінің өзге де құқықтары мен мүдделерін іске асыру мүмкіндігі болып табылады.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың Әкімшілік рәсімдері нақты регламенттелген және біріздендірілген. Сервисті пайдалану кезінде жақсы кері байланыс қамтамасыз етіледі, айналым қозғалысы ғана емес, сонымен қатар өңдеу сапасы да бақыланады – мерзімдер. Азаматтардың тікелей және өз өкілдері арқылы жүгіну, жеке өтініш жасау, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жіберу құқығы.

24 июня 2026
Алматы облысында тазалық пен қоғамдық тәртіптің сақталуына бақылау күшейтілді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аппарат жиынында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдіктері, құқық қорғау, экология және төтенше жағдай департаменттеріне «Таза Қазақстан» мен «Заң мен тәртіп» қағидатын ұштастыра отырып жұмыс істеу керегін айтты. Сондай-ақ аумақтарды абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау жұмыстарын бақылауда ұстауды жүктеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық Полиция департаментінің мәлімдеуінше, өткен аптада қоғамдық орындарды ластау бойынша 23, ал елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын сақтамаған 522 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша 194 мың 625 теңге айыппұл салынды. Ал алғашқы жарты жылда заң талаптарын бұзған азаматтарға жалпы сомасы 9 млрд 302 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 7 млрд 500 млн-ға жуығы өндіріліп, айыппұлды төлеу көрсеткіші 80,4 пайызды құрады.

Осыған орай Марат Елеусізұлы бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беру керегін жеткізді. Себебі рейдтік шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе демалыс аймақтары, өзен-көл жағалаулары, саябақтар мен халық көп жүретін орындар тұрақты назарда болады.

«Рейдтік іс-шараларға қоғамдық ұйымдар мен жастарды да жұмылдыру керек. Экологиялық қағидаларды бұзған, коммуналдық инфрақұрылымды бүлдіріп, табиғатқа қасақана зиян келтірген құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қоғамдық орындарда, демалыс аймақтарында және азаматтар көп шоғырланған аумақтарда бейнебақылау жүйелерін орнату шараларын назарда ұстау қажет. Халық арасында және білім беру ұйымдарында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырамын.

Демалу орындарына қоқыс тастауға, өрт жағуға тыйым салынғаны туралы ескерту тақтайшалар мен ақпараттық стендтердің орнатылуы қамтамасыз етілсін.

Сондай-ақ тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге күнделікті мониторинг жүргізіліп, олардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуына басымдық берілуі керек», – деді Марат Елеусізұлы.

29 мая 2026
Марат Сұлтанғазиев Қонаевтағы құрылыс алаңдарын аралады

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында алты бірдей стратегиялық маңызы бар әкімшілік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар қаланы заманауи әкімшілік орталық ретінде танытып, шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға серпін бермек. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс қайнап жатқан алаңдарға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен сапаға ерекше назар аударып, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Үкімет қаулысына сәйкес қазір Қонаев қаласында Облыстық сот, Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ведомстволық органдарға арналған әкімшілік ғимараттар мен Департаменттер үйі салынып жатыр. Барлығы дерлік «Алматы – Өскемен» тасжолының бойында орналасқан. Сондай-ақ облыстық мұрағат пен Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені және қалалық №6, № 7 жағажайларда курорттық-ойын-сауық нысандары бой көтеруде.

​Мердігерлермен жүздескен Марат Елеусізұлы жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, сапалы әрі өнімді жұмыс істеу керегін айтты. Келісім бойынша мердігерлер құрылысты өз қаражаты есебінен бастайды, соған сәйкес кейін аванстық төлемдер жасалады. Бүгінде аталған нысандарда жер асты жұмыстары жүргізіліп, іргетасы қалануда. Мәселен, Полиция департаменті салынатын алаңда ескі ғимараттар бұзылып, құрылыс қалдықтары шығарылып жатыр. Ғимараттың ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан үш-алты қабатқа дейінгі әртүрлі биіктіктегі сегіз блоктан тұрады. Онда инженерлік-техникалық қызметкерлер еңбек етіп, гидробалғамен жабдықталған және тиеу жұмыстарына арналған экскаватор мен самосвалдар жұмыс істеп тұр.

Арнайы мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттың жалпы ауданы 12 168 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 5 қабаттан және жертөледен тұрады. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы мен алты техника жұмылдырылған.
Ведомстволық бағынысты ұйымдарға арналған әкімшілік ғимарат 4 және 6 қабатты екі блоктан тұрады. Қазіргі таңда қазаншұңқыр қазу жұмыстарына 10-нан астам адам мен 7 бірлік техника тартылған.

Департаменттер үйі күрделі көпункционалды 4 блокқа бөлінген. Жоба бойынша ғимаратта қызметтік бөлмелер, мәжіліс залдары, асхана, медпункт, архив және техникалық үй-жайлар орналасады. Нысанда 6 инженерлік-техникалық қызметкер мен 13 монолитші жұмыс істеуде. Қазіргі таңда іргетасын қалау үшін дайындық қызу жүріп жатыр.
Ал облыстық Мұрағат ғимаратында гидрооқшаулау, іргетасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың ауданы – 8,4 мың м². Болашақта мұнда 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2 000 000-нан астам құнды құжаттарды сақтауға болады. Соған сәйкес ғимаратта өртке төзімді материалдар қолданылуда.

Марат Елеусізұлы сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені мен Қапшағай су қоймасы жағасындағы халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық нысандарының жай-күйімен де танысты. Автотұраққа 100-ге жуық көлік сияды. Аумағы шамамен үш гектар болатын бұл нысанда мемлекеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсететін әкімшілік және техникалық бөлмелер болады. Ал аталған жағалауларда қонақүй, аттракциондар саябағы, аквапарк, ойын алаңы, SPA салынады. Ол үшін 24 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Облыс әкімі бұл ғимараттар тарихи маңызы зор әрі қаланың көркін кіргізетін маңызды жобалар екенін ерекше атап өтті. «Жаңа облыс орталығында заман талабына сай, сапалы әрі көздің жауын алатын әдемі ғимараттар бой көтеруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді даму жоспарына сәйкес, сенімді мердігер ретінде сіздерді таңдадық. Егер жұмыс баяулайтын болса не талаптарға сай келмесе, мердігерді ауыстыруға тура келеді. Сондықтан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісу керек», – деді облыс әкімі.
Жоспар бойынша аталған нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы