GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасында ынтымақтастық байланыс кеңейді

Күні кеше Астана қаласында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылып, өзара уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. 

Осы келісімдерді жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту аясында бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһарға арнайы келген Ленинград облысының делегациясымен кездесті.

Жиын аясында Тараз қаласы мен Ленинград облысының Сосновоборск қалалық округі арасындағы достық қарым-қатынастар орнату туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.

Басқосу барысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков осы кездесудің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызына тоқталды.

– Тараз – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ол бай тарихымен, бірегей мәдени мұрасымен және зор экономикалық әлеуетімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Ресей Федерациясын көпжылдық тату көршілік қарым-қатынастар, берік тарихи және мәдени байланыстар, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық салалардағы сындарлы ынтымақтастық біріктіреді. Бұл байланыстарды нығайтуда өңіраралық және қалалар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Осы арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және тікелей іскерлік байланыстар орнатуға нақты мүмкіндіктер қалыптасады. Біз өңірлеріміз арасындағы әріптестік қатынастарды дамытудың келешегі зор екеніне сенімдіміз. Бүгінгі кездесу – достық қарым-қатынастарды нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ мүддеміздің айқын көрінісі, – деді Бақытжан Орынбеков.

Өз кезегінде Ленинград облысы губернаторының орынбасары Александр Кялин бүгінгі іс-шара Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. 

Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде білім беру саласындағы байланыстарды нығайту, мәдени және туристік алмасуларды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, спорт саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне назар аударды.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі Жол картасына да қол қойылды. Құжат аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Кездесу соңында мәртебелі меймандар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты.

20 октября 2026
«Ұлы Дала» шағын ауданында кварталішілік жолдар жөнделуде

Күздің шуақты күндерін тиімді пайдаланып, «Ұлы Дала» шағын ауданында жолдарды орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала көшелерін жаңартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жалпы ұзындығы 2 шақырым 950 метр жол жабынын жөндеу жоспарланған. Жұмыстар жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі жайлы қозғалыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қаланы абаттандыру жұмыстары жалғасып, көшелеріміз көркейіп, шаһарымыздың келбеті жаңара түсуде!

 

20 октября 2026
Таразда Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары басталды

Республика күні қарсаңында Тараз қаласында 2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары басталды. Бұл күні  тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.

Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.
Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.

Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Тараз қаласында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімі

Республикалық «Republic Day» акциясы: «Luxury» (Қонаев көшесі, 39), «Status» (Қонаев көшесі, 29), «Davmir» (Тәуке хан көшесі, 1В), «Диана» («Мыңбұлақ» шағын ауданы, 18), «Free Moda» (Жамбыл даңғылы, 149), «Дос-нар» (Төле би көшесі, 1А), «Taraz Mall» (Төле би көшесі, 22А), «Алатау» (Төле би көшесі, 65), «Аулие ата» (Қазыбек би көшесі, 105), «Март» (Төле би көшесі, 27).\

Республикалық «Bereke Fest» акциясы: «Вкусная корзинка» (Бауыржан Момышұлы көшесі, 27), «Вкусная корзинка» (Сәтпаев көшесі, 5А), «Вкусная корзинка» (Ниетқалиев көшесі, 70А), «Вкусная корзинка» (Рысқұлов көшесі, 5У), «Фиркан» (Телецентр, 2Д), «Фиркан» («Алатау» шағын ауданы, 11В), «Фиркан» («Салтанат» шағын ауданы, 31/1), «Нурислам» (Ташкент көшесі, 118), «Нурислам» (Әл Фараби көшесі, 7/5), «Даниял даму» («Ақбұлақ» шағын ауданы, 13А).

20 октября 2026
«ДАЛА ДӘМІ»: Жергілікті өнімдер жәрмеңкесі

Тараз қаласындағы Жастар аллеясында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін тұрғындарға ұсынды. Сауда сөрелеріне ет, сүт өнімдері, көкөністер, жеміс-жидектер және күнделікті тұтынуға қажетті өзге де азық-түлік түрлері қойылды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз ұсыну және азық-түлік бағасының қолжетімді болуына ықпал ету.

Таңертеңнен бастап жәрмеңкеге келген қала тұрғындары қажетті азық-түліктерін тиімді бағамен сатып алды. Мұндай сауда алаңдары өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті өнімдердің сауда айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Дала дәмі» жәрмеңкесі тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге және отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталған.

20 октября 2026
Қала әкімі Абай даңғылындағы көпірдің құрылыс барысымен танысты

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Абай даңғылындағы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысының барысымен танысты.

Қала аумағының кеңеюі, халық санының артуы және көлік құралдары қозғалысының көбеюі жол инфрақұрылымын дамытуға, көлік қатынасын тиімді ұйымдастыруға деген қажеттілікті арттырып отыр. Осыған байланысты шаһардағы көлік қозғалысын оңтайландыру, негізгі көшелердегі кептеліс пен жол жүктемесін азайту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Абай даңғылы бойындағы теміржол үстінен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бұл жоба - шаһардың көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды бастамалардың бірі.

Көпір пайдалануға берілгеннен кейін Абай даңғылы арқылы қатынайтын автокөліктердің қозғалысы жеңілдеп, теміржол өткеліне байланысты туындайтын көлік кідірістерінің алдын алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар қаланың әр бөлігін байланыстыратын көлік қатынасы жақсарып, тұрғындардың діттеген жеріне кедергісіз әрі қауіпсіз жетуіне жағдай жасалады. Жоба аясында қарастырылған жаяу жүргіншілер өткелі де азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Құрылыс барысын көрген шаһар басшысы көпірдің қала үшін стратегиялық маңызына тоқталды. 
Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Әсіресе құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын, жұмыс қарқынының бәсеңдемеуін және тұрғындардың күнделікті тіршілігіне барынша қолайлы жағдай жасалуын тапсырды.

20 октября 2026
Таразда 10 мың тұт ағашы көшетін отырғызу жобасы басталды

Республика күніне орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қызылабад» тұрғын алабында ағаш отырғызу рәсімі өтті.

Туған жердің табиғатын түлетіп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, жастар және шаһар тұрғындары қатысты.

Бүгінде Жібек жолы ауданында өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, тарихи дәстүрді жаңғыртуға бағытталған «Жібек жібін өндіру» жобасы қолға алынған. Аталған бастаманы қолдаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Қызылабад» тұрғын алабына 10 мың түп тұт ағашын отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта бүгін белгіленген аумаққа 2 мың түп тұт ағашы егілді.

Шара барысында шаһар басшысы осы жобаның маңыздылығын айрықша атап айтты.

Бұл тұрғыда дәл тұт ағашының таңдалуы тегін емес. Себебі ол – жібек өндірісінің негізгі шикізаты саналатын жібек құртының қорегі. Осылайша, ағаш отырғызу жұмыстары экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, алдағы уақытта жергілікті өндірісті дамытуға да негіз болмақ.

Жалпы, Тараз қаласында жасыл желек көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары шаһар аумағында 65 мың түп ағаш отырғызылды. Ал ағымдағы жылы «Қызылабад»  алабына 10 мың түп түрлі ағаш көшеті егілді. Күзгі маусымда тағы 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.

19 октября 2026
Бүгін Тараз қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтуде

Тазалық шарасына қаладағы барлық бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, ұйым өкілдері, кәсіпкерлік нысандардың иелері және жастар белсенді түрде атсалысуда.

Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар, аулалар және мекемелерге қарасты аумақтар тазартылып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қала аумағына тал егу жұмыстары да қолға алынған.

Тазалық – баршаға ортақ міндет. Әрбір тұрғын мен кәсіпкер өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарап, қаламыздың көркеюіне үлес қосуы маңызды.

19 октября 2026
Тараз қаласының жылумен қамту жүйесі тәулігіне қанша жылу энергиясын қажет етеді?

Тараз қаласының жылумен қамту жүйесі тәулігіне қанша жылу энергиясын қажет етеді?

Бұл сұраққа жауап алу үшін қаланы жылумен қамтамасыз ететін төрт жылу мекемесінің ортақ мәліметін негізге алдық.

12 578,59 Гкал – ұсынылған мәлімет бойынша, Тараз қаласының бір тәуліктік жылу көлемі.

Бұл сан қаланы жылумен қамтамасыз етудің ауқымын көрсетеді. Оның артында тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың және басқа да ғимараттардың жылуға деген қажеттілігі тұр.

Қаладағы жылу жүйесінің жұмысы – мыңдаған тұрғынның күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты маңызды сала.

19 октября 2026
Таразда көмір сатып алуға болатын мекенжайлар
Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!
Ауа райының салқындауына және жылыту маусымының басталуына орай қыс мезгіліне алдын ала қамдануды сұраймыз.
 
Қала тұрғындары төменде көрсетілген мекенжайлардағы көмір сату орындарынан қатты отын сатып ала алады.
 
Атап айтқанда, мына мекенжайларда көмір бар.
ЖК «Алимбеков» Мәмбет батыр көшесі, 19А 8 776 633 5006;
 
ЖК «Шахло» Балуан Шолақ көшесі, 2 8 775 492 0005;
 
«Шахбоз» ЖШС Сыпатай батыр көшесі, 12А 8 776 600 6622;
 
ЖК «ADIS» Мәмбет батыр көшесі, 23                 8 708 507 8787;
 
«KAZугольснаб» ЖШС Жауғаш батыр көшесі, 39Б 8 702 652 0883;
 
ЖК «Иманалиев» Қостанай көшесі, 210А         8 701 725 9431; 
 
ЖК «Авангард» А. Байтұрсынов көшесі, №1 8 776 010 0000
 
Ескерту: Көмір сатып алмас бұрын көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, көмірдің бар-жоғын және бағасын нақтылап алған жөн.
19 октября 2026
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Қабылдауға келген тұрғындар тарапынан  тұрғын үй, жер, «Қарасу» шағын ауданындағы жатақханадан уақытша пәтер беру, қоқыс жәшіктері бойынша сауалдарын қойды. 

Сонымен қатар Әйтеке би, №7 тұрғын үй жөндеуден өткізу, талдарды кесу, арық жүйелерін қалпына келтіру, жол белгілерін орнату және өзге де әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы мәселелер көтерілді.

Шаһар басшысы өз кезегінде әрбір сауалға нақты жауап беріп, көтерілген мәселелер заң аясында өз шешімін табатынын жеткізді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы