Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу
Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету мекемелеріне келген тұтынушылардың ең көп алатын мемлекеттік қызметтің түрі жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу қызметі болып табылады. Осы қызметті алуға келген азаматтарымызға түсінікті болуы үшін қысқаша ережеден қысқаша түсіндірме беріп жіберейік.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеуді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша көрсетеді. Қызметті алушылар жеке және заңды тұлғалар. Қызмет көрсету орны 1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ 2) "электрондық үкіметтің" веб-порталы. Қызметті көрсету мерзiмдерi Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алушының қызметті берушіге жүгінген кезінде құжаттар топтамасын тапсырған кезден бастап: жылжымайтын мүлікке және өзге де мемлекеттік тіркеу объектілеріне құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу бойынша, нотариалды расталмаған шарттарды қоспағанда - қызметті берушіге келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде. Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді, бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір күн бұрын береді; нотариаттық куәландырылмаған мәміле бойынша мемлекеттік тіркеу бойынша – көрсетілетін қызметті берушіге өтініш келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде.
Құжаттар тізбесі 1) Белгіленген үлгідегі мемлекеттік жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) тіркеу туралы өтінішті. Ортақ бірлескен меншік құқығының туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеген кезде тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар немесе олардың біреуі қалған қатысушылардың нотариалды тәртіппен куәландырылған келісімін ұсына отырып беруі мүмкін. Ортақ үлестік меншік құқығының (өзге ортақ құқықтың) туындауын, өзгеруін, немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеген кезде барлық қатысушылар (уәкілетті өкілдер) мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілуі тиіс. 2) Тіркеу объектісін растайтын құқық белгілейтін құжатты ұсынуға тиіс. Жер учаскесіне құқықтарды (ауыртпалықтарды) тіркеген жағдайда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты ұсынылады. Жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға берген кезде құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шарт (активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт) ұсынылады; 3) Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін ақы төлегенін растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Тараз қалалық №3 халыққа қызмет
көрсету бөлімінің жетекші маманы
А.Оразымбетов