«Әкімшілік сот төрелігінің жалпы мәселелері»
Барлықтарыңыз білесіздер, ағымдағы жылдың 01 шілдесінен бастап азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеуге бағытталған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс заңды күшіне енеді.
Мен осы мақалада қабылданған заң аясында оның жалпы мәселелеріне, ерекшеліктеріне тоқталатын боламын.
Жалпы, қабылданған жаңа заң мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін болады.
Енді шағымдар мемлекеттік органның кінәсін болжау қағидаты бойынша қаралатын болады. Оның мәні - Мемлекеттік орган өзінің шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуі керек.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте бекітілген әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу онда көзделген қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.
Атап айтар болсақ, Кодексте келесі қағидаттар бекітілген.
Олар: заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығының қағидаты, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі қағидаттары.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен Әкімшілік актіге бастамашылық етудің, оны қараудың және қабылдаудың бірыңғай, түсінікті рәсімі бекітіледі.
Әкімшілік органмен қабылданатын актілер екі түрге бөлінеді.
Олар: Қолайлы және ауыртпалық түсіретін актілер.
Жаңа құқықтар беретін, міндеттерді тоқтататын, жағдайды жақсартатын актілер қолайлы актілер болып аталады.
Құқықтарды тоқтататын, міндеттерді жүктейтін, жағдайды нашарлататын актілер - ауыртпалық түсіретін актілер болып сараланады.
Бұл ретте, заң шығарушы заңсыз ауыртпалық түсіретін актінің әрқашан міндетті түрде жойылуға жататынын, ал заңсыз қолайлы актінің күші жойылған кезде әкімшілік рәсімге қатысушының сеніміне құқықты қорғау қағидаты назарға алынатынын бекітеді.
Бұл қағидаттың мәні -бір рет қабылданған әкімшілік актінің заңды және дәйекті болып табылатындығының, ал мемлекеттік органның қателігі, егер онда оның кінәсі болмаса, адамға зиян келтірілмейтіндігінің кепілі болып табылатыны бекітіліп отыр.
Мәселен, ннвесторға зауыт салу үшін өнеркәсіптік аймақта жер бөлінді делік. Бірақ белгілі бір уақыттан кейін оның мақсаты өзгерді, бас жоспар түзетілді. Бұл орайда, міндетті түрде: сенім құқығын қорғау қағидаты жұмыс істеуі керек. Демек, әкімшілік орган зауыттың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жердің бұрынғы мақсатын қалдыруға міндетті.
Сонымен қатар, Кодекске ұлттық заңнама үшін формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, пропорционалдылық, құқықтардың басымдығы сияқты жаңа қағидаттар да енгізілген.
Маңызды қағидаттардың бірі ретінде - Соттың белсенді рөлі қағидаты бекітілді.
Оның мәні бойынша, сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен ғана шектелмей, істің барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттейді. Өз бастамасы бойынша қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы. Егер де, қазіргі таңда судья өз пікірін айта алмайтын болса, Кодекс талаптары бойынша судья әкімшілік істің құқықтық негіздемелері бойынша өзінің алдын ала пікірін айтуға құқылы.
Мұндай тәсіл тараптарға процестің қай бағытта жүретінін жақсы бағдарлауға, олардың дұрыстығына қосымша дәлелдер дайындауға және ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар процесті алдын-ала болжауға мүмкіндік береді және сот шешімі тараптар үшін тосынсый болмайтынына кепілдік береді. Сонымен қатар, мұндай тәжірибе өзара қолайлы шешім іздеуге немесе толық татуласуға ықпал етеді.
Кодекспен сотқа дейінгі міндетті шағым жасау тәртібі енгізілді.
Біріншіден, бұл институт сот шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді, екіншіден, тексеру көлемін ұлғайта отырып, шағымды қарау жеделдетіп жүргізілетін болады. Үшіншісі-төменгі органдардың қызметіне ведомстволық бақылау күшейтіледі, бұл өз кезегінде әкімшілік актілерді қабылдаудың біркелкілігіне әкеледі - әкімшілік орган бірдей жағдайларда әртүрлі актілерді қабылдай алмайтын болады.
Әкімшілік рәсімнің түрлеріне тоқталатын болсақ, Әкімшілік рәсім Негізгі әкімшілік рәсім және Оңайлатылған әкімшілік рәсім болып екі түрге бөлінеді.
Егер де арыз беруші талап ету сипатына ие болатын өтінішпен немесе шағыммен жүгінген болса, оны қарау жөніндегі қызмет Негізгі рәсім бойынша жүргізілетін болады.
Ал, арыз беруші талап ету сипатына құқығы жоқ Хабарлама, ұсыныстар, үн қосулар және сұрау салулар бойынша жүгінген болса, бұл қызмет Оңайлатылған әкімшілік рәсім арқылы жүзеге асатын болады.
Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша: 1) жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру; 2) назарға алу; 3) оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.
Хабарды, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектілер мен лауазымды адамдар арыз иесіне әкімшілік істі қараудың нәтижелері және қабылданған шаралар туралы хабар береді.
Мен жоғарыда атап өткендей, тұлға Өтінішпен немесе шағыммен жүгінген жағдайда, оны қарау тәртібі Негізгі рәсім арқылы жүзеге асады.
Оның сатыларына тоқталатын болсақ.
Ең басты саты - ол қозғау сатысы.
Әкімшілік рәсімді козғау үшін 1) жолданым; 2) әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы негіздер болып табылады.
Әкімшілік рәсім жолданым қабылданған кезден бастап қозғалды деп есептеледі.
Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.
Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген жолданымда, хаттамада: 1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде); 2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
3) жолданымның мәні;
4) жолданымның берілген күні;
5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;
Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.
Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі.
Жолданым келіп түскен күні тіркеледі. Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.
Жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар Кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
Жолданым Кодекстің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.
Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады.
Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады.
Жолданымды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға келіп түскен жолданым, келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданады.
Уәкілетті әкімшілік орган, лауазымды адам Жолданған жолданым бойынша Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімді қозғайды.
Әкiмшiлiк рәсімге қатысушы тыңдау немесе әкiмшiлiк рәсiмдi жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де іс-шаралар өткiзілетін уақыт пен орын туралы хабардар етiледi.
Егер лауазымды адам: 1) әкімшілік рәсімге қатысушы немесе оның өкілі ретінде осы әкімшілік рәсімге қатысқан болса; 2) әкімшілік рәсімге қатысушының жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылса; 3) әкімшілік рәсімге қатысушыға қызметтік немесе өзге де тәуелді болса; 4) әкiмшiлiк iстің нәтижесiне жеке-дара, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса не оның объективтiлiгi мен әділдігі туралы күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, ол әкімшілік рәсімді жүзеге асыра алмайды.
Лауазымды адамға мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) ол мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде рұқсат беріледі.
Әкімшілік рәсімді жүзеге асыратын лауазымды адамға мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) жоғары тұрған лауазымды адам рұқсат береді.
Әкімшілік органның алқалы құрамы әкімшілік істі қарау кезінде лауазымды адамдардың біріне мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) әкімшілік органның алқалы құрамының басқа лауазымды адамдары рұқсат береді.
Әкімшілік органның басшысына мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) жоғары тұрған әкімшілік орган рұқсат береді.
Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз қанағаттандырылса, әкімшілік рәсімді Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа лауазымды адам жүзеге асырады.
Бұл мәселелер шешілген соң, әкімшілік орган, лауазымды тұлға Әкімшілік істі қарау сатысына көшеді.
Қарау сатысында әкімшілік орган, лауазымды тұлға әкімшілік іс
жеке немесе алқалы түрде қаралу және әкімшілік істің нақты жағдайларын зерттеу мәселелерін шешеді.
Шағымды қараудағы жаңашылдықтарды атап өтікм келіп отыр.
Енді Әкімшілік орган, лауазымды адам Әкімшілік рәсімге қатысушыны әкімшілік іс материалдарымен таныстыруға және оны тыңдауға міндетті екені бекітілген.
Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.
Әкімшілік рәсімге қатысушы өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам тыңдау хаттамасын жүргізеді.
Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға және әкімшілік іске қатысатын өзге де тұлғаға тыңдау хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Әкiмшiлiк рәсiмге қатысушы және әкімшілік іске қатысатын өзге де адам танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша төрағалық етуші оларды қанағаттандыру не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы шешім қабылдайды.
Әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.
Әкімшілік рәсімнің мерзімі ол қозғалған кезден бастап есептеледі.
Істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен Әкімшілік рәсімнің мерзімі ақылға қонымды, бірақ әкімшілік екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
Келесі саты: Шешім қабылдау сатысы. Әкімшілік істі қарап, әкімшілік орган, лауазымды тұлға келесі шешімдердің бірін шығарады:
1) әкімшілік актіні қабылдау;
2) әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірін шығарады.
Әкімшілік істі қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.
Әкімшілік акт жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданады.
Егер әкімшілік рәсім жолданымның негізінде қозғалған болса, әкімшілік акт жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда ғана қабылданады.
Әкімшілік акт, егер: 1) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау талап етілсе; 2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда ауызша немесе өзге нысанда қабылдануы мүмкін.
Ауызша немесе өзге нысанда қабылданған әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша осындай өтінішхат мәлімделген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда ресімделуге тиіс.
Әкімшілік істі қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушы хабардар етіледі.
Ауызша нысанда қабылданған әкімшілік акт ауызша хабарлау арқылы әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізіледі.
Шешімге шағым келтіру:
Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам жүргізеді.
Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.
Сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам болмаған жағдайда, әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсiздiк таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі. Дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, бұл мерзімді әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша шағымды қарайтын орган қалпына келтіруі мүмкін.
Шешімді қайта қарау.
Шағымды лауазымды адам – жеке-дара, не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік іспен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) дау айтылатын лауазымды адамды, әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдайды.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органның, лауазымды адамның, әкімшілік рәсімге қатысушының дәлелдерімен, сондай-ақ шағымда баяндалған талаптармен байланысты емес және әкімшілік істі толық көлемде тексереді.
Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.
Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады:
1) әкімшілік актінің күшін жою туралы;
2) әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;
3) әкімшілік әрекетті жасау туралы;
4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
5) әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;
6) шағымды қараусыз қалдыру туралы.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жол берілген бұзушылықтарды көрсете отырып және, егер тиісті актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жатпаса, оларды жою жөніндегі ұсыныстармен шағымды әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жібереді.
Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі, ал шешімнің көшірмесі әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберіледі.
Егер шағымды қарайтын орган Кодексте белгіленген мерзімдерде шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап шағымды қарайтын орган шағымды қанағаттандырудан бас тартты деп есептеледі.
Егер әкімшілік рәсімге қатысушы шешіммен келіскен жағдайда, шешім орындалуға жатады.
Әкімшілік акт, егер онда анағұрлым кеш мерзім көрсетілмесе, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
Әкімшілік акт, бес жұмыс күні ішінде орындалуға жатады.
Ал егер де, Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Кодекс бойынша Әкімшілік сот ісін жүргізу Кодекс бойынша 3 сатылы жүйемен қамтылған. 1 сатылы сот, апелляция және кассация.
Әкімшілік сот ісін жүргізудегі жаңашылдықтарға қысқаша тоқталатын болсақ.
Кодексте, талап қоюшы Қандай талаптарды мәлімдейтініне байланысты талап қоюдың төрт түрі көзделген.
Олар: 1) дау айту туралы; 2) мәжбүрлеу туралы; 3) әрекет жасау туралы; 4) тану туралы талап қоюлар.
Дау ату туралы талап – бұл талаптың классикалық түрі болып саналады. Мысал ретінде жер учаскесін берудің күшін жою туралы шешімді келтіруге болады. Талап қоюдың осы түрі бойынша талап қоюшы өзінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы айтуға тиіс. Егер ауыртпалық салатын әкімшілік актіге дау айту туралы талап негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын мойындаса, онда ол оны толық немесе қандай да бір бөлігінде жояды. Осылайша, сот шешімі құқықтық жағдайды тікелей өзгертеді, сот шешімін қосымша орындау талап етілмейді.
Мәжбүрлеу туралы талап
Сот әкімшілік органға талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні қабылдау міндеттемесін жүктейді.
Мысалы, кәсіпкер балабақша салуға рұқсат беруді сұрайды. Егер әкімшілік орган бұл өтінішті қабылдамаса, кәсіпкер мәжбүрлеу туралы талап қоя алады. Табыс болған жағдайда сот әкімшілік органға осындай рұқсат беруді міндеттейді.
Талап қоюшының талаптарын қанағаттандыру туралы нақты шешім шығару мүмкін болмаған жағдайда, әкімшілік қалауы болған кезде сот әкімшілік органға талап қоюшының пайдасына тиісті актіні қабылдау туралы міндеттеме жүктейді.
Іс-әрекет жасау туралы талап
Іс-әрекет жасау туралы талап бойынша талап қоюшы жауапкерден белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға тағайындалмаған әрекеттерден бас тартуды талап ете алады.
Осы талаптың аясында қарапайым талаптар қойылуы мүмкін: мысалы: жауапкерді шлагбаумды бөлшектеуге, кәріз люктерін орнатуға, жол қозғалысының тыйым салатын белгісін алып тастауға міндеттеу және т.б.
Егер сот іс-әрекеттер жасау туралы талапты негізді және заңды деп таныса, онда ол жауапкерді нақты іс-әрекеттер жасауға міндеттейді және оларды орындау үшін мерзім белгілейді.
Тану туралы талап
Тану туралы талап бойынша талап қоюшы қандай да бір құқықтық қатынастардың болуын немесе болмауын тануды талап ете алады.
Мысалы: зейнеткердің жоғары зейнетақы мөлшерін алу құқығын тану туралы талап арызбен жүгінуі.
Тану туралы талап қою қанағаттандырылған кезде, егер мұндай талаптар дербес ретінде мәлімделген болса, сот қандай да бір құқықтық қатынастардың болуын немесе болмауын немесе оның мазмұнын таниды.
Жалпы, енгізіліп отырған әкімшілік Әділет жүйенің түпкі нәтижесі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін әкімшілік органдар тарапынан бұзушылықтардан қорғау болып табылады.
Енгізіліп отырған жүйе талаптары бойынша, сот, тараптар ұсынған дәлелдемелермен ғана шектелмей, істің барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттейді. Өз бастамасы бойынша ол қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы. Ал судья мпн жоғарыда қағидаттар туралы айтқанымдай, әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тараптарына қатысты құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала пікірін айтуға құқылы.
Мұндай тәсіл тараптарға процестің қай бағытта жүретінін жақсы бағдарлауға, олардың дұрыстығына қосымша дәлелдер дайындауға және ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар процесті алдын-ала болжауға мүмкіндік береді және сот шешімі тараптар үшін тосынсый болмайды. Сонымен қатар, мұндай тәжірибе өзара қолайлы шешім іздеуге немесе толық татуласуға ықпал етеді.
Атап өтетін тағы бір жаңашылдық, және азаматтық іс жүргізу кодексінен айырмашылығы, Кодекспен жариялы-құқықтық дауларды қарау кезінде бітімгершілік келісім жасау көзделіп отыр.
Прокурордың сот процесіне қатысуы да қысқартылды. Прокурор салық, кеден, бюджет қатынастарынан, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастардан және басқа да бірқатар мәселелерден туындайтын істер бойынша процеске қатысады.
Сот талқылауының ақылға қонымды мерзіміне келетін болсақ-ұлттық заңнамада ол қылмыстық процесте көзделген, бірақ сот ісін жүргізу қағидаты ретінде алғаш рет енгізіліп отыр. Оны айқындау кезінде әкімшілік істің құқықтық және іс жүзіндегі күрделілігі, процеске қатысушылардың мінез-құлқы, іс жүргізудің жеткіліктілігі және соттың істі жедел қарау жөніндегі іс-әрекеттерінің тиімділігі сияқты мән-жайлар ескерілуге тиіс.
Осылайша, ақылға қонымды мерзімді судья нақты жағдайға байланысты анықтайды. Сонымен қатар, қарау мерзімдері Кодексте тікелей көзделген істердің жекелеген санаттарына бұл қағидат қолданылмайды.
Ақылға қонымды мерзімнің шегі бар екенін атап өткен жөн - ол талап қойылған күннен бастап үш ай. Аса күрделі істер үшін мерзім ұзартылуы мүмкін, бірақ тұтастай алғанда алты айдан аспауға тиіс.
Кодекспен сот актілерінің орындалуына сот бақылауы институты енгізілді. Атап айтқанда, соттардың талаптарын уақтылы орындауды қамтамасыз ету мақсатында процестік мәжбүрлеу түрі ретінде ақшалай өндіріп алуды бірнеше рет (100 Айлық есептік көрсеткішке дейін) қолдану мүмкіндігі көзделген. Сот актілерінің орындалуына сот бақылауы институты енгізілді. Соттардың талаптарын уақтылы орындауды қамтамасыз ету мақсатында процестік мәжбүрлеу түрі ретінде 100 Айлық есептік көрсеткішке дейін ақшалай өндіріп алуды бірнеше рет қолдану мүмкіндігі көзделеді.
Мәселен, сот шешімі ерікті түрде орындалмаған жағдайда және белгіленген мерзімде сот жауапкерге 50 Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданады. Егер сот шешімі орындалмаса, ақшалай өндіріп алу қайта қолданылады, бірақ бұл ретте ол 10 Айлық есептік көрсеткішке өседі.
Демек, Кодекстің қабылдануы-мемлекет үшін орасан зор оқиға болып отыр. Енді талап-арыздар мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы қағидаты бойынша қаралатын болады, ол өз шешімінің, іс-әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуі тиіс.
Азаматқа шешіммен келіспеу туралы талап қою жеткілікті, ал сот талап қоюшыға талаптардың дұрыс тұжырымдарын жасауға, ресми қателіктерді жоюға, іс бойынша объективті шындықты анықтауға шаралар қабылдауға және өз шешімінің орындалуын бақылауға көмектеседі.
Тараз қалалық
сотының төрағасы Мадемаров А.Ә.