GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Әкім аппараты
Все материалы
Ішкі саясат
22 октября 2026
Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады

🔹Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубымен табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мигель Анхель Хиль Маринді Қазақстанда футболдың дамуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

🔹Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базасына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламасына белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарын жекешелендіру үдерісі жалғасуда. 

🔹Бұдан бөлек, Президент ФИФА-мен бірге барлық өңірде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу жұмыстары қолға алынғанына назар аударды. 

🔹Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасы мен испаниялық футбол мектебінің жетістіктеріне айрықша тоқталып, осы озық тәжірибені терең зерделеуге және оны қазақстандық дарынды ойыншылардың жаңа буынын тәрбиелеу ісінде пайдалануға мүдделі екенімізді атап өтті.

🔹«Атлетико Мадрид» клубының бас директоры елімізде футболды қолдауға ерекше назар аударғаны үшін Президентке ризашылығын жеткізді.  

🔹Ол Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымы туралы оң пікір білдіріп, оның келешекте футболға арналған үздік оқу-жаттығу кешендерінің бірі болатынын айтты.

Ішкі саясат
22 октября 2026
Қазақстанның сауда кәсіпорындары Республика күніне орай арнайы ұсыныстар әзірледі

Қазақстанда Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары жалғасуда. Қазіргі таңда Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қосылды. Ал Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысуда.

Акцияларға дайындық алдын ала басталды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, сауда ұйымдарымен үйлестіру жұмыстарын жүргізді, ұйымдастыру мәселелерін пысықтап, қатысушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етті.

Бастамаға отандық өндірушілер мен сауда кәсіпорындары да қосылып, сатып алушыларға арнайы ұсыныстар дайындады.

«Республика күні - баршамыз үшін маңызды мереке. Қазақстандық бренд ретінде біз акцияны қуана қолдадық. Мерекеге орай тауарлардың жекелеген түрлеріне 20% жеңілдік белгіледік»,- деді MSQ дүкенінің директоры Ғазиза Алданова.

Еске салайық, екі акция аясында еліміздің барлық өңірінде тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.

«Анвар» сауда желісінің менеджері Еркежан Мұхамадиеваның айтуынша, сатып алушылар сүт өнімдеріне, жармалар мен көкөністерге қызығушылық танытуда.

«Біз акцияға бір ай бойы дайындалдық. Серіктестерімізбен бірлесіп, бірқатар тауарды белгіледік. Сөрелердегі тауарлар азая бастаған сайын оны жедел толықтырып отырамыз. Акцияға қатысатын тауарлар Bereke Fest арнайы жапсырмасымен белгіленген»,- деді супермаркет директоры Жұлдыз Есімбетова.

Акциялар халыққа Республика күнін мерекелеу кезеңінде түрлі тауарларды арнайы ұсыныстармен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал сауда ұйымдары үшін  қосымша тұтынушы тартып, сұранысты қанағаттандырып және тауар айналымын күшейтуге бағытталған.

Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 2026 жылғы 27 қазанға дейін жалғасады.

Ішкі саясат
22 октября 2026
Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасында ынтымақтастық байланыс кеңейді

Күні кеше Астана қаласында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылып, өзара уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. 

Осы келісімдерді жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту аясында бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһарға арнайы келген Ленинград облысының делегациясымен кездесті.

Жиын аясында Тараз қаласы мен Ленинград облысының Сосновоборск қалалық округі арасындағы достық қарым-қатынастар орнату туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.

Басқосу барысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков осы кездесудің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызына тоқталды.

– Тараз – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ол бай тарихымен, бірегей мәдени мұрасымен және зор экономикалық әлеуетімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Ресей Федерациясын көпжылдық тату көршілік қарым-қатынастар, берік тарихи және мәдени байланыстар, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық салалардағы сындарлы ынтымақтастық біріктіреді. Бұл байланыстарды нығайтуда өңіраралық және қалалар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Осы арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және тікелей іскерлік байланыстар орнатуға нақты мүмкіндіктер қалыптасады. Біз өңірлеріміз арасындағы әріптестік қатынастарды дамытудың келешегі зор екеніне сенімдіміз. Бүгінгі кездесу – достық қарым-қатынастарды нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ мүддеміздің айқын көрінісі, – деді Бақытжан Орынбеков.

Өз кезегінде Ленинград облысы губернаторының орынбасары Александр Кялин бүгінгі іс-шара Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. 

Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде білім беру саласындағы байланыстарды нығайту, мәдени және туристік алмасуларды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, спорт саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне назар аударды.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі Жол картасына да қол қойылды. Құжат аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Кездесу соңында мәртебелі меймандар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты.

Ішкі саясат
22 октября 2026
Жамбыл облысында үздік құтқарушылар марапатталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Құтқарушы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, азаматтық қорғау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетті.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан соң қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың рухына тағзым етіліп, олардың есімі бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, ел Президентінің сала қызметкерлеріне берген жоғары бағасын атап өтті.

– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, сіздердің еңбектеріңізге жоғары баға берді. Президентіміз құтқарушыларды «бейбіт күннің батырлары» деп атап, олардың төтенше жағдай кезінде көмекке бірінші болып ұмтылатынын айтты. Бұл – қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушыға көрсетілген зор құрмет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі өңірде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Атап айтқанда, 2026 жылы өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи техникамен жабдықтауға және шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 530 миллион теңге қарастырылған.

Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында, Балқаш көлінің жағасында заманауи құтқару станциясы ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген станция «Voyager» маркалы катермен жарақтандырылды.

Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында «Toyota Hilux» маркалы төрт жедел-құтқару автокөлігі, екі өрт сөндіру автокөлігі және еуропалық стандарттарға сай 27 жиынтық заманауи жауынгерлік киім сатып алынды.

Шалғай ауылдардың тұрғындары мен аумағын өрттен қорғау үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункттерін салу жұмыстары да қолға алынған. Облыс бойынша барлығы 27 пункт салу жоспарланса, оның 24-і жаңадан бой көтеріп, үшеуі жаңғыртылады. Қазіргі уақытта құрылысқа арналған жер учаскелері анықталып, 10 пунктте құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтау жолында аянбай қызмет ету – ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген барша құтқарушыға, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шара барысында кәсіби мерекеге орай қызметтік міндеттерін адал атқарып, өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне арнаулы атақтар берді. Бұдан бөлек, бірқатар маман «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Ішкі саясат
22 октября 2026
ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ, ISSAI ЖӘНЕ ALEM.AI FOUNDATION ӨЗАРА СЕРІКТЕСТІК ОРНАТТЫ

Taraz Creative Industries 2026 Креативті Индустриялар форумының екінші күні «Идеядан өнімге дейін: креативті индустриялар цифрлық экономика мен smart city дамуының драйвері ретінде» пленарлық отырысымен жалғасын тапты.

Форум аясында екі бірдей Меморандумға қол қойылды. Жасанды интеллект зертханасын құру және дамыту мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI Ақылды жүйелер, жасанды интеллект институтымен  және «Alem.ai Foundation» корпоративтік қорымен  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты: Жасанды интеллект (ЖИ) және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында жоғары білікті кадрларды даярлау.  Студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту және өзара тиімді байланысты кеңейту.  Қазақстан Республикасының цифрлық экономикасы үшін бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру.

Пленарлық отырыста Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллект пен цифрлық технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны туралы ой қозғады. Бұл салада кадр даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева цифрлық технология бойынша университеттегі бағдарламалар мен жобалар туралы ақпарат айтып, ЖИ бойынша қолға алынған жобалардың жемісті болуын тіледі.  

Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантуров  өңірді цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті. Облыс халқын интернетпен қамтамасыз ету бойынша нәтижелерді айтып, «Ақылды өңір» көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы 17 орыннан 11 орынға көтерілді деп мәлімдеді.

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов  жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық технологиялар бойынша мамандар даярлау және заманауи білім беру ортасын құру - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екеніне кеңінен тоқталды. Жасанды интеллект модельдерін қазақ тілінде сөйлету, тілдің ерекшеліктерін түсіндіру және аударту бойынша қолға алынған жобалар туралы мәлімет берді. Институт тек Назарбаев университетімен шектелмей, өзге аймақтардағы жоғары оқу орындарымен, соның ішінде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетімен бірлескен жобалар жасауды көздейтінін жеткізді.

«Qazinnovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Абилов ғалымдар мен студенттердің жсанды интеллект саласындағы ғылыми жобаларын нарыққа сай бизнес өнімге айналдырудың маңыздылығын айтып, мемлекеттік гранттар мен қолдаулар туралы ақпарат берді. Отандық IT-стартаптар мен инновациялық жобаларды жетілдіру және өндіріске енгізу үшін «Qazinnovations» тарапынан берілетін мемлекеттік инновациялық гранттар мен қаржылай қолдау тетіктеріне тоқталды.

Astana Hub өңірлік даму офисінің директоры Нұржан Сағындық «Astana Hub» халықаралық технопаркінің мүмкіндіктерін өңірлерге жеткізу, соның ішінде Жамбыл облысында жергілікті IT қоғамдастықты қолдау және дарынды жастарға жағдай жасау мәселесін айтты. Студенттер мен бағдарламашылардың жасанды интеллект және Smart City бағытындағы жобаларын дамыту үшін арнайы оқыту бағдарламалары, инкубациялық кезеңдер мен инвесторлар тарту мүмкіндіктерін түсіндірді.

Пленарлық отырыс «Ақылды өңір: пилоттық жобалардан ауқымды өндіріске дейін» тақырыбында панельдік пікірталаспен жалғасты.

ҮЗДІК СТАРТАПТАР МЕН ЖОБАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Дөңгелек үстел форматында өткен  «Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін»  панельдік дискуссияда университет ғалымдары, IT-мамандар, сондай-ақ EPAM systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow school және өңірлік IT-хаб сарапшылары пилоттық IT-шешімдерді ірі өндірістік секторға енгізу механизмдерін талқылады.

Дискуссиядан кейін форумның  тартысты динамикалық кезеңі –  жас стартапшылар мен инноваторлардың Питч-баттл (Pitch Battle) финалы өтті. Аталған байқауға EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev, сондай-ақ жасанды интеллект (AI) негізіндегі өнімдерді ұсынған дарынды жастар мен стартап-командалар қатысты. Қатысушылар өз жобаларының бизнес-моделін, коммерциялық әлеуетін, технологиялық жаңалығын және өңірлік экономикаға берер тиімділігін шектеулі уақыт ішінде қорғап шықты. Қазылар алқасының құрамына венчурлық инвесторлар, Astana Hub пен өңірлік IT-хаб өкілдері, облыс әкімдігінің сарапшылары және креативті индустрия көшбасшылары енді. Әділқазылар тарапынан жобалардың бәсекеге қабілеттілігіне, масштабтау мүмкіндігіне және коммерцияландыру деңгейіне жоғары талаптар қойылып, үздік стартаптар анықталды.

Форум аясында өткен байқаулар мен питч-баттл қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі   23 қазан күні «Баласағұн» орталық концерт залында өтеді.

Ішкі саясат
22 октября 2026
Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, ұрыс қимылдарын жүргізудің заманауи тәсілдерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды

🔹Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістер көзделген. 

 

🔹Атап айтқанда, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, сондай-ақ армияның негізгі компоненттерін нығайту жоспарланып отыр.

 

🔹Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.

 

🔹Әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет. 

 

🔹Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жарғыға сай келмейтін іс-әрекетке жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қабылданады.

 

🔹Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру көзделген.

 

Ішкі саясат
22 октября 2026
Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

🔹Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. 

 

🔹Негізгі мәселе – әскери реформа жоспарының жобасы.

 

🔹Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды. 

 

🔹Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына назар аударды.

 

– Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ішкі саясат
21 октября 2026
Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық кеңейеді

Астанада Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко қатысты.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Ербол Қарашөкеев өңіраралық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімі Ленинград облысының өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және білім беру әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, оны Жамбыл облысының келешегі зор серіктестерінің бірі ретінде бағалады.

– Ресей Федерациясының жетекші индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Ленинград облысын өмір жолы мен кәсіби қызметі Жамбыл жерімен байланысты мемлекет қайраткерінің басқаруы біз үшін ерекше мәнге ие. Бұл жағдай өңіраралық қарым-қатынасымызға айрықша жылылық беріп, әріптестігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесуде бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға басымдық берілді.

Өңіраралық әріптестікті дамыту аясында Жамбыл облысының әкімдігі мен Ленинград облысының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді 2026-2028 жылдары іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары көзделген.

Құжатта сауда-саттықты дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және цифрландыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың 20 бағыты қамтылған.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық байланысты кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашу. Осы мақсатта Ленинград облысының кәсіпорындарына «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағының мүмкіндіктері таныстырылады.

Кездесу аясында «Zhambyl Invest» ЖШС мен Ресейдің «БАЛТОРГАНИК» ЖШҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат Жамбыл облысында шымтезектің терең қабаттарындағы калий гуматы негізінде органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруға бағытталған.

Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 8 млн АҚШ доллары. Қаржыландыру ресейлік компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Тараптар агроөнеркәсіп кешенінде де ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өсімдік және мал шаруашылығындағы озық технологиялар мен тәжірибе алмасу, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы байланысты нығайту жоспарланған.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық пен білікті мамандар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Осы бағытта Сосновобор политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі арасында әріптестік орнату көзделген. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар А.С. Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті арасындағы байланыстарды дамыту көзделген. Тараптар ғылыми-практикалық тәжірибе алмасып, бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізеді, сондай-ақ оқытушылардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасайды.

Ынтымақтастық денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, жастар саясаты және спорт салаларында да жалғасын табады. Жоспарға медициналық мекемелер арасында кәсіби тәжірибе алмасу, мәдени-ағартушылық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру, музей ісін дамыту, мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ күрес, бокс және футболдан бірлескен жаттығулар мен спорттық жарыстар ұйымдастыру енгізілген.

– Біз үшін бүгін қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты істермен жалғасып, ынтымақтастықтың әр бағыты мазмұнды бастамалар мен жобаларға ұласқаны маңызды. Бүгінгі кездесу Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді әрі екі тарапқа да тиімді әріптестікті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Ішкі саясат
21 октября 2026
Үздік стартаптар мен инновациялық жобалар анықталды

Тараз қаласында өтіп жатқан «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» халықаралық форумы аясында үздік стартаптар мен инновациялық жобаларды анықтауға арналған Pitch Battle байқауының финалы өтті. Жас стартапшылар мен инноваторлар өздерінің тың идеяларын ұсынып, технологиялық шешімдерінің әлеуетін таныстырды.

Форумның маңызды бағдарламаларының бірі – «Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін» тақырыбындағы панельдік дискуссия болды. Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған кездесуде университет ғалымдары, IT-мамандар және EPAM Systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow School мен өңірлік IT-хаб өкілдері пилоттық IT-шешімдерді ірі өндірістік секторға енгізу жолдарын талқылады.

Қатысушылар цифрлық технологияларды өндірісте қолдану, инновациялық әзірлемелерді коммерцияландыру, стартаптарды дамыту және олардың ауқымын кеңейту мәселелеріне назар аударды. Сарапшылардың пікірінше, ғылыми әлеуетті, заманауи технологияларды және бизнес мүмкіндіктерін тиімді ұштастыру өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Панельдік дискуссиядан кейін форумның ең тартысты кезеңдерінің бірі – жас стартапшылар мен инноваторлардың Pitch Battle финалы өтті. Байқауға EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev бағыттары және жасанды интеллект негізінде әзірленген өнімдерін ұсынған жас мамандар мен стартап-командалар қатысты.

Қатысушылар белгіленген уақыт ішінде өз жобаларының бизнес-модельдерін, технологиялық жаңалықтарын, коммерциялық әлеуетін және өңірлік экономиканы дамытуға қосатын үлесін таныстырды. Әрбір команда өз шешімінің өміршеңдігін, нарықтағы сұранысын және болашақта ауқымын кеңейту мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысты.

Байқау қорытындысын шығарған қазылар алқасының құрамына венчурлық инвесторлар, Astana Hub пен өңірлік IT-хаб өкілдері, облыс әкімдігінің сарапшылары және креативті индустрия көшбасшылары енді. Сарапшылар жобаларды бағалау барысында олардың бәсекеге қабілеттілігіне, технологиялық ерекшеліктеріне, масштабтау мүмкіндігіне және коммерцияландыру деңгейіне басымдық берді. Нәтижесінде үздік стартаптар мен инновациялық бастамалар анықталды.

Айта кетейік, Тараз қаласында өтіп жатқан «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» халықаралық форумы – өңірдің креативті экономикасы мен заманауи технологиялар саласын дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бес күндік форум жаңа идеяларды қолдауға, тәжірибе алмасуға және ғылым, бизнес пен IT саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

20 октября 2026
Цифрлық технология – қауіпсіздік кепілі
Қылмысты ашуға көмектесетін бейнекамералар, адамды танитын жасанды интеллект, жол ережесін бұзуды тіркейтін автоматтандырылған кешендер. Бүгінде осындай цифрлық технологиялар полиция қызметінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Облыста да қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау үшін заманауи жүйелер кезең-кезеңімен енгізілуде.

Облыстық полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Тұрдалиевтің мәліметінше, «Кілемді бейне бақылау» жобасы аясында өңірде 91214 камера орнатылған. Оның 24488- і жедел басқару орталығы мен полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне қосылған. 2026 жылдың тоғыз айында бейне бақылау жүйелері мен ғылыми-техника лық құралдардың көмегімен 297 қылмыс ашылған.

Бұл тіркелген қылмыстардың 58,2 пайызын құрайды. Қауіпсіздік шаралары білім беру ұйымдарын да қамтиды. Облыстағы 1121 білім беру нысанының 1073-нен бейнебақылаулар жедел басқару орталығына шығарылған. Ал қалада қоғамдық қауіпсіздікті талдау функциялары бар 400 «Pelco VideoXpert» камерасы жұмыс істейді. Жүйе көмегімен 1991 тұлға танылып, оның 173-і қатесіз сәйкестендірілген.

Бұдан бөлек, өңірде бет-әлпетті және көлік нөмірлерін тану, түтін мен қараусыз қалдырылған заттарды анықтау функциялары бар 2657 камера орнатылған. Цифрландыру жұмыстары аудандарда да жалғасуда. Қордай мен Талас аудандарында жедел басқару орталықтарына қажетті жабдықтарды орнату және бейнебақылау жүйелерін облыстық орталық пен интеграциялау аяқталған. Сарысу ауданында 77 камера мен бес «Мерген» кешені орнатылып, сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.

Жол қозғалысын бақылауда да автоматтандырылған жүйелердің үлесі артып келеді. Облыста 64 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Тоғыз айда «Автосканнер» арқылы 61299, «Екин патрол» арқылы 323, ал «ПаркРайт» мобильді кешендері арқылы 101209 нұсқама тіркелген. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыруға арналған 24 «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» іске қосылған. Полицияның техникалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тұлғаны тану функциясы бар 1174 бейнетіркегішті жалға алу туралы шарт жасалған.

Биыл тоғыз ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынып, келесі жылға тағы 20 дрон алуға өтінім берілген. Тараз қаласындағы «Tetra» цифрлық радиобайланыс жүйесі жаңғыртылып, 2027 жылы сегіз аудандық полиция бөлімін «DMR» цифрлық байланыс стандартына көшіру жоспарланған. Цифрлық шешімдердің басты мақсаты – тек технологияларды көбейту емес, полиция жұмысының тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар өңірдегі қоғамдық тәртіпті бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы