Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 20-1-бабына сәйкес,
Саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан Қазақстан Республикасының азаматтары байқаушылар ретінде жіберіледі.
Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе, аккредиттеудің қолданылу мерзімі бір жыл болады.
ҚР ОСК 2022 жылғы 27 желтоқсандағы № 131/626 (ҚР ӘМ 27 желтоқсандағы № 31294 болып тіркелген) Қаулысымен «Жарғылық қызметіне сайлауды бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу қағидалары» бекітілді.
Қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуді алу үшін тиісті сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды жіберуге тиіс:
1) Орталық сайлау комиссиясы белгілеген нысан бойынша өтініш;
2) сайлауға байқауды жүзеге асыру құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірме.
Аккредиттеуге өтінішті қарау мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайды.
Аккредиттеуден бас тартуға немесе аккредиттеудің күшін жоюға мыналар негіз болып табылады:
1) құжаттардың толық тізбесінің ұсынылмауы;
2) жарғының осы баптың талаптарына сәйкес келмеуі;
3) қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес ұйым қызметінің тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы.
Сайлау комиссияларының сұрау салуы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардан аккредиттеуден бас тарту немесе аккредиттеудің күшін жою үшін негіздердің бар-жоғын анықтауға қажетті ақпарат сұрау салу алынған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде беріледі.
Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары құқылы:
1) сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;
2) дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;
3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға;
4) тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға;
5) сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға;
6) тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;
7) сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға;
8) учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға;
9) дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;
10) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға;
11) дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға;
12) сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.
Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары міндетті:
1) олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге;
2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға;
3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;
4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;
5) өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге;
6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға;
7) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге;
8) фото-, аудио- және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарды сақтауға.
Ескерту: Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.