КЕН ІЗДЕУШІЛІК ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЖЕКЕ ТҮРІ РЕТІНДЕ 2018 ЖЫЛДЫҢ МАУСЫМ АЙЫНАН БАСТАП "ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ" ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2017 ЖЫЛҒЫ 27 ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ КОДЕКСІНІҢ (БҰДАН ӘРІ - КОДЕКС) ҚАБЫЛДАНУЫМЕН ЕНГІЗІЛГЕН.
Кен іздеушілік деп жергілікті атқарушы органның тиісті лицензиясы негізінде бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру құқығын алған Қазақстан Республикасының азаматтары танылады.
Кен іздеушілік аумақтары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша, облыс әкімдігінің қаулысымен анықталады.
2018-2019 жылдары облыс әкімдігінің қаулысымен 5 кен іздеушілік учаскелері (Талас, Жуалы, Меркі аудандары аумағында) бекітілді, биылғы жылы тағы 1 учаске (Т. Рысқұлов ауданы) енгізілуде.
2020 жылы 4 тамызда Жеке кәсіпкер Саржановқа Меркі ауданындағы Меркі учаскесінен алтын өндіруге бірінші лицензия берілді (мерзімі 3 жыл).
Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет тізіліміне де енгізілген. Өтінішті қағаз түрінде немесе электрондық портал арқылыда бере алады.
Бұл ретте:
1) өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
2) сұралып отырған кен іздешілік аумағының координаттары, жалпы аумағы (гектары) көрсетіледі;
3) кен іздеушілік салдарын жою бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылғанын растайтын құжаттың көшірмесі;
4) өтініш иесі бекіткен және кен іздеушілік кезінде пайдаланылуы жоспарланып отырған механикаландыру құралдары мен жабдықтың тізбесін, сондай-ақ кен іздеушілік учаскесінде жүргізілуі жоспарланып отырған кен іздеушілік жөніндегі жұмыстың түрлері мен тәсілдерінің сипаттамасын қамтитын құжат;
5) сұралынып отырған аумақтағы жер пайдаланушының немесе жер учаскесінің жеке меншік иесінің, сондай-ақ жер қойнауы учаскесін пайдаланушының келісімі;
6) кен іздеушілік жоспары ұсынылады.
Осы құжаттар ұсынылғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде қарап, дұрыс болған жағдайда лицензияны береді.
Ең басты талап - экологияға зиян тигізбеуі тиіс.
Заң бойынша Кен іздеуші алтын шаю жұмыстарына көлемі 1 текше метрдің жартысынан көп болмайтын күрегі бар экскаваторлар мен бульдозерлерді, жүк көтеру салмағы 10 тоннадан аспайтын көліктерді ғана пайдалана алады.
Күрделі құрылыстар салуға, химиялық реагенттер мен жарылғыш заттар пайдалануға рұқсат жоқ.
Қазу жұмыстары кезінде 3 метр тереңдіктен асырмауыңыз керек.
Заңда көрсетілгендей Кен іздеуші әр гектары үшін жылына 9 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеп, өз учаскесінен жылына 50 кг дейін алтын өндіре алады.
Ең басты мәселе осы жер қойнауы операцияларының салдарын жою міндеттемесін орындауы қажет.
Бұл ретте Кодекстің 265 бабы 3 тармағының 2 тармақшасында көрсетілгендей лицензия алу туралы өтінішке кен іздеушілік салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қаматамасыз етудің берілгенін растайтын құжат көшірмесі (банктік салым кепілі немесе екінші деңгейдегі банк берген кепілдік түрінде) қоса беріледі.
Салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда банк салымы немесе кепілдігі үкіметте қалады, ол салдарды жою үшін пайдаланылады, егер рекултивацияның бәрін жасап қайта қалпына келтіретін болса, ол ақша өздерінде қалады.
Жергілікті атқарушы орган тарапынан кен іздеушілікке бақылау жасалады.
Кен іздеуші жыл сайын атқарылған жұмыстары туралы есебін беріп отырады. Лицензия талаптары орындаламаған жағдайда кері қайтарылады.
Кен іздеушілікке лицензия беру заңсыз жолмен алтын өндіріп жүрген көбі күнкөріс қамымен бастарын қатерге тігетін адамдарды заңды жолмен табыс табуға бағыттайтын бірден бір жол деп есептеймін.
Заңсыз кен іздеушілерге облыстық полиция департаменті, экология департаменттері тарапынан шаралар қолданылады.