Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің сапасы мемлекеттік органдардың
жұмысын бағалаудың негізгі өлшемі болып табылады. Сапалы мемлекеттік қызмет
көрсету және олардың қолжетімділігін арттыру, оның ішінде жаңа технологиялар
мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану негізінде, қызмет көрсетудің
бизнес-процестерін жетілдіру елдің мемлекеттік басқару саласын дамытудың
басымдығы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық
мақсаттарына қол жеткізудің маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Әкімшілік, сыбайлас жемқорлық және өзге де кедергілерге байланысты
тәуекелдерді азайту, клиентке бағдарланған тәсілді енгізу мақсатында мемлекеттік
қызмет көрсетуді автоматтандыру процесін аяқтау бойынша жұмыс жүргізілуде. ҚР
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс
аясында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау бойынша әлеуметтік
зерттеулер жүргізуге бастамашылық жасайды. Бұл ретте мониторингілеуге
жататын қызметтер неғұрлым жаппай, проблемалық (бюрократияланған, сыбайлас
жемқорлыққа ұшыраған, мерзімдері бұзылған, шағымдары көп және т.б.) және
әлеуметтік маңызы бар қызметтер ретінде айқындалды.
Азаматтардың мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін
бағалауы азаматтардың мемлекетке деген сенім деңгейін айқындайтын, халықтың
күтуін (ожидание) қалыптастыратын, елде жүргізіліп жатқан өзгерістерді қолдауды
көрсететін маңызды фактор болып табылады. Осыған байланысты азаматтардың
мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қанағаттануын анықтаудың
әлеуметтанулық әдістері шет елдердің тәжірибесінде де, Қазақстан
Республикасында да кеңінен қолданылады. Бұл тәсіл мемлекеттік басқару
органдары қызметінің тиімділігін бағалауға, мемлекеттік қызметтер көрсету
саласында инновацияларды енгізу мониторингін жүргізуге, сондай-ақ одан әрі
дамыту басымдықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.