III санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу тәртібі
Мемлекеттік экологиялық сараптама Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 89-бабының (бұдан әрі – Кодекс) 1-тармағына сәйкес және мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады және жүргізеді. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттама электрондық нысанда ұсынылады.
Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар жобаның тапсырыс берушілерінен немесе мемлекеттік органдардан мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектісін жан-жақты және объективті бағалау үшін маңызды қосымша қажетті материалдарды сұратуға құқылы.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ІІІ санаттағы объектілерге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру бойынша қызмет түрін көрсетеді. Қызмет түрі келесідей тәртіппен жүзеге асырылады:
Орындаушы өтініш тіркелген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Егер ұсынылған құжаттардың толық еместігі анықталған жағдайда, дәлелді бас тарту құжаты арқылы электрондық құжат нысанында өтініш берушінің жеке кабинетіне жібереді.
Ұсынылған құжаттардың толықтығын анықтаған жағдайда қызметті берушінің орындаушысы: ұсынылған құжаттардың экологиялық заңнама талаптарына сәйкестігін қарайды, материалдарды талдайды, көзделіп отырған не жүзеге асырылатын қызметтің экологиялық қауіптілік дәрежесін, сараптама объектілерін іске асыру негіздемелерінің жеткіліктілігі мен дұрыстығын анықтайды. Сонымен қатар, ұсынылған құжаттардың мазмұны бойынша дәлелді ескертулер болмаған жағдайда, өтініш тіркелген сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде «келісіледі» деген тұжырыммен мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын дайындайды;
Егер ұсынылған құжаттардың мазмұны бойынша дәлелді ескертулер болған жағдайда, қызметті берушінің орындаушысы оларды портал арқылы көрсетілетін қызметті алушыға өтініш тіркелген сәттен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде пысықтау үшін жолдайды. Қызметті алушы 3 (үш) жұмыс күні ішінде қызметті берушіге дәлелді ескертулерді алған күннен бастап пысықталған құжаттарды ұсынады. Көрсетілетін қызметті алушы ескертулерді жойған жағдайда қызметті берушінің орындаушысы 5 (бес) жұмыс күні ішінде "келісіледі" деген тұжырыммен мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын дайындайды.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» электрондық құжат нысанында, көрсетілетін қызметті беруші басшысының ЭЦҚ-мен жіберіледі.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасының бас маманы
Шабданбекова Айнұр