Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсыну тәртібі
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология Кодексінің (бұдан әрі Кодекс) 106 - бабы 6-тармағына сәйкес І немесе ІІ санаттағы объектінің өнеркәсіптік алаңы шегінде орналастырылатын және онымен технологиялық тікелей байланысты жағдайларды қоспағанда, экологиялық рұқсат III және IV санаттағы объектілерді салу және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін талап етілмейді.
ІІІ санаттағы объектілерді пайдалану жөніндегі қызмет осы Кодекстің 110-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация (бұдан әрі – Декларация) берілген жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
Экологиялық рұқсаттар беру, қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсыну қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Декларацияны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына ІІІ санаттағы объектілерде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (бұдан әрі – декларант) жазбаша немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электрондық құжат нысанында ұсынады.
Кодекстің 110-бабы 4-тармағына сәйкес декларация: белгіленіп отырған қызмет басталар алдында және негізгі өндірістердің технологиялық процестері, ластағыш заттар мен стационарлық көздер, қалдықтар шығарындыларының сапалық және сандық сипаттамалары елеулі түрде өзгерген жағдайда – қызметті жүзеге асыру басталғаннан кейін ұсынылады.
Декларацияда қамтылуға тиіс мәліметтер: заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және мекенжайы, объектінің атауы мен қысқаша сипаттамасы; негізгі қызмет түрі, өндірілетін өнімнің, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен көлемі; ластағыш заттар шығарындыларының декларацияланатын саны, қалдықтардың саны мен түрлері; белгіленіп отырған қызмет үшін – III санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен берілген күні.
Ластаушы заттар шығарындыларының, қалдықтардың (қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға жиналатын, жинақталатын және берілетін) технологиялық процестерінде, сапалық және сандық сипаттамаларында елеулі өзгерістер болған жағдайда декларант тиісті елеулі өзгерістер енгізілген күннен бастап үш ай ішінде қоршаған ортаға әсер туралы жаңа декларацияны ұсынуға міндетті. Декларацияны ұсынбағаны немесе қамтылған анық емес ақпаратты бергені үшін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды
реттеу басқармасының бас маманы А.Шабданбекова