ӘКІМДІК МӘЖІЛІСІНДЕ

ӘКІМДІК МӘЖІЛІСІНДЕ
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжілісі өтті.
18 наурыз - Ұлттық киім күні ұлттық киіммен өткен әкімдіктің мәжілісі аудан әкімі Сәкен Үмбетұлының мерекемен құттықтауынан басталды.
Әкімдіктің күн тәртібінде бірінші «2023 жылдың қорытындысы бойынша «Жаңатас-Су-Жылу», «Сарысу сулары» кәсіпорындарының шаруашылық қызметінің есебі туралы» мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК, АЖ және ТҮИ бөлімінің басшысы Д. Шалбаев баяндама жасады.
«Сарысу сулары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Сарысу ауданы әкімиятының 2005 жылғы 15 ақпан күнгі № 29 қаулысымен ауылдық жерде тұратын халықты және мекемелерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Сарысу ауданында 24 елді мекен болса, оның 23 елді мекені орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бұл 96 пайызды құрайды. Кәсіпорын 23 елді мекенде тұратын 19719 адамның 11909-не қызмет көрсетеді бұл барлық тұрғындардың 60 пайызы. Сонымен қатар, 19 мектеп, 4 балабақша, 18 кітапхана, 19 емхана бөлімшелері және 18 мәдениет үйлеріне қызмет көрсетеді. 2023 жылы мекеме 230 мың м3 су өндіріп, тұрғындарға жеткізді. ҚР «Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің 25 желтоқсан 2023 жылғы №127- НК бұйрығымен 1 қаңтар 2024 жылдан бастап орташа төлем ақысы ҚҚС-сыз 173,57 теңге, ортақ колонкалар арқылы алатын тұрғындарға 1,5 м3 үшін адам басына 98,9 теңге, есептегіш құрылғы арқылы алатындарға 1 текше метр үшін 65,95 теңге, заңды тұлғаларға 1 текше метр үшін 425,14 теңге болып бекітілген.
Күн тәртібінде екінші «Аудандағы ұлттық жобаның іске асырылу барысы туралы» мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры Д. Борсықов хабарлама жасады.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» аясында 2024 жылдың 15 наурыздағы белсенді шаралармен қамтылған азаматтардың саны 1119 адам. Оның ішінде, тұрақты жұмыспен қамтылғандар 201 адам, қоғамдық жұмысқа тартылғандар 543 адам, жастар практикасына 18 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 24 адам, алғашқы жұмыс орындарына 1 адам, онлайн оқытуға 92 адам, "Бастау бизнес" оқыту жобасына 21 адам, күміс жас жобасына 69 адам тартылған.
Бүгінгі күнге 1125 жұмыссыз азамат есепте тұр. 2023 жылы наурыз айында 1 185 жұмыссыз азамат есепте болған. Яғни 5.1 % төмендеген. 2024 жылы пробация қызметінде есебінде тұрған азаматтардың ішінен жыл басынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 14 адам тартылды. Оның ішінде: тұрақты жұмысқа - 3 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға - 11 адам. Жыл басынан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 2 рет өткізіліп, жәрмеңке аясында 34 адам жұмыспен қамтудын белсенді шараларына тартылды.
Аппараттық кеңесте қосымша қаралған «2024 жылдың қаңтар-ақпан айларымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы» аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы И. Тілікова баяндады.
Сондай-ақ, әкімдік мәжілісінде аудан әкімдігінің қаулылары қабылданды.
Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша сала басшылары мен жауапты мамандарды тыңдаған аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы анықталған кемшіліктерді қалыпқа келтіруді, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырып, тиісті хаттамалық тапсырмалар берді.