Сайлаушылармен кездесті
Ағымдағы жылғы 9 сәуірде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Т. Жамалов пен комиссия мүшесі Е. Жапаров, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д. Шортанбаев Өндіріс ауылындағы клуб үйінде Игілік ауылдық округі әкіміне кандидат Н. Әл-Сержанидың сайлаушылармен кездесуіне қатысты.
Кездесуде кандидат сайлаушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ауыл тұрғындарын мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау көрсететінін, сонымен қатар ауылдық округте арнайы ауылшаруашылық жануарларын емдеу орындары мен тоғытпалар жасау мал қорымдарын қалпына келтіру, ауыл жастары үшін ангар типтегі жабық футбол алаңшаларын салу жұмыстарын атқаратынын атап өтті.
Кандидатқа ауыл тұрғындары Өндіріс - Игілік бағытындағы айналма жолы мен Саудакент - Игілік ауылдары арасындағы тас жолдар жөнделсе деген ұсыныстарын айтып, кандидатқа сайлауда сәттілік тіледі.
Кездесу соңында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Т. Жамалов ауыл тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
Кездесуден кейін сайлау процесінің тиімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округте орналасқан сайлау учаскелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Сайлау учаскелері орналасқан ғимараттардың қолжетімділігіне, сайлаушылардың дауыс беру үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне және учаскелердің барлық құқықтық талаптарға сай жұмыс істеуіне зерделеу жасалды.
Сарысу аудандық сайлау комиссиясы