Қазақстанның зейнетақы жүйесі 2025 жылғы Mercer CFA жаһандық зейнетақы индексі рейтингінде өз позициясын нығайтты
2025 жылы Mercer институты CFA институтымен бірлесіп, үлесіне әлем халқының 65%-ы тиесілі 52 елдің (салыстырмалы түрде, 2024 жылы – 48 ел) зейнетақы жүйелеріне бағалау жүргізді. Mercer CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) жыл сайынғы есебіне сәйкес, Қазақстанның зейнетақы жүйесі АҚШ, Испания, Италия, Австрия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және басқа елдерден озып, 26-шы орынға ие болды.
Қазақстанның MCGPI индексіндегі қорытынды көрсеткіші 2024 жылғы 64,0 балдан 2025 жылы 65,0 балға дейін өсті, бұл Халықаралық Валюта Қоры жариялаған экономиканың өсімі туралы жаңартылған деректермен байланысты. Сонымен қатар Қазақстан өткен жылғы "С+" деңгейінен ілгерілей отырып, "В" тобына көтерілді. Бұл зейнетақы саясатының теңгерімділігі мен дәйектілігін көрсетеді.