Мемлекеттік корпорация өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын жетілдіруде: постоматтар арқылы 1,5 мыңнан астам құжат берілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы цифрландырудың әлемдік трендтеріне сәйкес келетін заманауи шешімдерді ХҚКО жұмысына енгізуді жалғастыруда. Осындай оңтайлы шешімдердің бірі – постоматтар. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу процесін икемді және ыңғайлы ететін, дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға арналған құрылғы.
Осы жылдың басынан бастап қазақстандықтар фронт-офистердің жұмыс кестесіне байланбай, өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғылары арқылы 1623 рет құжат алды. Бүгінде постоматтар еліміздің 10 өңірінде, 14 жаңғыртылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «24/7 аймақтарында» орнатылған. Бұл шешім ХҚКО-лардағы дайын құжаттарды беру секторларына түсетін жүктемені едәуір азайтуға және қызмет көрсету процесін жеделдетуге мүмкіндік берді.