БЖЗҚ-ның цифрлық форматтағы қызметтер саны артып келеді
Соңғы жылдары салымшылардың БЖЗҚ-ның цифрлық форматта көрсететін қызметтеріне деген қызығушылығы айтарлықтай өскені байқалды. Маңыздысы – мұндай қызметтердің 7/24 режимде қолжетімді болуы.
01.01.2025ж. мен 31.05.2025ж. аралығында халыққа шамамен 22,6 млн қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 11,8 млн-нан астамы электрондық форматта, 10,2 млн-ы автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,2%-ын құрады. Қор қызметкерлері салымшыларға жүзбе-жүз шамамен 412,3 мың қызмет көрсетті, оның ішінде 403,5 мыңнан астамы тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар да автоматты түрде есептеледі.
Есепті кезең ішінде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 810,3 мыңға жетті.