Мемлекеттік қызметтерді үйден не жұмыс орныңыздан шықпай-ақ алыңыз: «Жеке менеджер» қызметі қалай жұмыс істейді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтардың қажеттіліктеріне қарай мемлекеттік қызметтерді көрсету форматтарын үнемі жетілдіріп келеді. Солардың бірі – «Жеке менеджер» сервисі. Бұл қызмет арқылы сіз өзіңізге қолайлы уақытта және сізге ыңғайлы жерде мемлекеттік қызметке қол жеткізе аласыз. Ол үшін өтінім қалдыру жеткілікті – арнайы маман келіп, қажетті сұрақтарыңызды жұмыс немесе жеке істеріңізден қол үзбей-ақ шешуге көмектеседі.
Аталған қызмет әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайлы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың барлығына арналған.