АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлемі:
қалай есептеледі, қайда жүгіну керек
Зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлеміне кімдер құқылы?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-дан (бұдан әрі – Қор, БЖЗҚ) белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған (ерлер – 63 жас, әйелдер-61 жас), сондай-ақ 1 немесе 2 топ мүгедектігі мерзімсіз уақытқа белгіленген, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Кесте бойынша төлемдер қалай есептеледі?
Кесте бойынша берілетін төлемдер былай есептеледі: зейнетақы төлемін ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - ЕТК) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылы ЕТК деңгейі - 46 228 теңге).