АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«БЖЗҚ» АҚ 2024 жылдың 8 айында көрсеткен
қызметтерінің саны 31 миллионнан асты
01.01.2024ж. бастап 31.08.2024ж. дейінгі уақыт аралығында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) халыққа 31,6 млн астам қызмет көрсетті. Қызметтердің жалпы санының 15 млн астамы электрондық форматта көрсетілсе, 15,4 млн жуық қызмет автоматты түрде, ал 0,4 миллионы қашықтықтан жүзеге асырылды. Күндізгі форматта 783 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, оның ішінде тікелей Қор кеңселерінде шамамен 755 мың қызмет ұсынылды.
Есепті кезең ішінде автоматты режимде көрсетілетін қызметтер саны едәуір өсті. Әсіресе, нысаналы талаптарға қатысушылар үшін шоттар (ЖЗШ/ШЗШ/НЖШ) мен карта ашу ерекше серпін бергенін байқауға болады. Бұл өсім 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) енгізуге, сондай-ақ, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы шеңберінде төлемдерді есепке алу және есептеу бойынша БЖЗҚ қызмет ауқымын кеңейтуге байланысты болды. Естеріңізге сала кетсек, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар автоматты түрде есептеледі. Атап кету керек, шоттарды автоматты түрде ашу, кәмелетке толмаған азаматтарға нысаналы талаптарды есептеу және ЖМЗЖ сомаларын есепке алу БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялануының арқасында мүмкін болып отыр.