|
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА |
Оңтүстік Кореяның зейнетақы жүйесі:
Ұлттық зейнетақы жүйесінен келген әріптестеріміз не айтты?
Бұрын хабарлағанымыздай, 2024 жылдың қыркүйек айының басында «БЖЗҚ» АҚ Корея Республикасы Ұлттық зейнетақы қызметінің (әрі қарай - NPS) зейнетақы операцияларының атқарушы директоры Тэ Гю Джонг бастаған делегациясын қабылдады.
Сіздердің назарларыңызға, Оңтүстік Кореяның зейнетақы жүйесі туралы әріптестеріміз бөліскен негізгі ақпараттарды ұсынамыз.
Зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты ұлттық бағдарламалар Кореяда 1988 жылы енгізіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. NPS - Ұлттық зейнетақы операторы. Ол жасына, мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға байланысты зейнетақы, біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. Міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі - МЗЖ) жинауды да NPS жалпы 9% мөлшерлеме бойынша (қызметкер/жұмыс беруші 4,5% мөлшерінде теңдей) жүзеге асырады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар 9% мөлшеріндегі жарналарды өздері төлейді. МЗЖ мөлшерлемесі біртіндеп өсті: 1988 жылы 3%-дан басталып, 1993-1997 жылдар аралығында 6%, 1998 жылы 9% - ға дейін көтерілді. Болжам бойынша, зейнетақы жүйесін оңтайландыруға қатысты жоспарланған шараларды ескере отырып, ол 13%-ке дейін өседі.
Оңтүстік Кореяда зейнетақымен қамсыздандыру саласында 2 реформа жүргізілді:
- 1999 жылғы бірінші реформа (кірісті алмастыру коэффициенті (бұдан әрі – КАК) 60% - ға дейін төмендетілді, зейнет жасы кезең-кезеңімен 60-тан 65 жасқа дейін артады),
- 2008 жылғы екінші реформа (2028 жылға қарай КАК-ты кезең-кезеңімен 40%-ға дейін төмендету көзделуде).