АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Отандастарымыздың зейнетақы активтері 8 ай ішінде 3 трлн теңгеге көбейді
2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша отандастарымыздың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері 20,9 трлн теңгеден асып, жыл басынан бергі 8 ай ішінде 3 трлн теңгеге немесе 17% өсті. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4,1 трлн теңге (немесе 23,7%).
Қазақстандықтардың жинақтарының 96,25% мөлшері МЗЖ есебінен қалыптасқан, оның көлемі 01.09.2024ж. шамамен 20,1 трлн теңге болды (бір жылдағы өсім – 23,9%, жыл басынан бері – 16,3%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары - 627 млрд теңге, бір жылдағы өсім – 17,7%, ал жыл басынан бері 10,3% артты. Ең үлкен өсімді (жылына 49,2%, жыл басынан бері - 33,2%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі - 7 млрд теңге.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 8 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 148,9 млрд теңгеге жетті.