АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«БЖЗҚ» АҚ-ның 2024 жылғы 7 айда көрсеткен қызметтерінің саны
30 миллионға жуықтады
01.01.2024ж. бастап 31.07.2024ж. аралығында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) халыққа 29,2 млн астам қызмет көрсетті. Қызметтердің жалпы санының 13,3 млн астамы электрондық форматта көрсетілсе, 14,8 млн қызмет автоматты түрде, ал қашықтықтан шамамен 0,38 миллионы жүзеге асырылды. Күндізгі форматта 689 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, оның ішінде тікелей Қор кеңселерінде шамамен 663 мың қызмет ұсынылды.
Өздеріңізге белгілі, БЖЗҚ цифрлық форматта көрсетілетін қызметтер тізбесін үнемі жаңартып, кеңейтіп отырады. Тиісінше, салымшылардың Қор кеңселеріне бармай-ақ алатын қызметтер саны өсуде. Оның ішінде, нысаналы талаптарға қатысушылар үшін шоттар (ЖЗШ/ШЗШ/НЖШ) мен карта ашу. Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар автоматты түрде есептеледі. Қызметтердің көп түрі, оның ішінде, шоттарды автоматты түрде ашу, кәмелетке толмаған азаматтарға нысаналы талаптарды есептеу және ЖМЗЖ сомаларын есепке алу БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялануының арқасында мүмкін болып отыр. Есепті кезең ішінде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аудару нәтижесінде ашылған ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын (НЖШ, "Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасы шеңберінде) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 4,5 млн бірліктен асты.