Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша Жамбыл облысы сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен көшпелі семинар тренинг өтті. Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің модераторлығымен өткен жиынға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тлепов, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, хатшылары және сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинар кеңесте алдымен 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу ерекшеліктері туралы Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз сөйледі. Содан соң сайлау процесін ақпараттандыру және сайлауалды үгіт жұмыстарын ұйымдастыру туралы Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мадиева бағдарлы баяндама жасады. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үйжайды, дауыс беру пунктерін ҚР ОСК бекіткен ережеге сәйкес жарақтандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы А.Боранбаев, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруге арналған үй-жайларының, дауыс беру пунктерінің қолжетімділігін ҚР ОСК бекіткен нұсқаулыққа сәйкес, жарақтандыру және дауыс беру учаскесіне келу мүмкіндігі жоқ азаматтарға дауыс беруді ұйымдастыру туралы С.Қойшыбаев, сайлаудың өткізілуін байқауды жүзеге асыратын байқаушылармен жұмысты ұйымдастыру жөнінде Ж.Бекбергенова және сайлау күні сайлау учаскесінде ұйымдастырылатын жұмыстар туралы Т. Жамалов мінбеге шығып, баяндама жасады.
Семинар кеңесте Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мадиева іскерлік ойын жүргізіп, дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің учаске ашу, бюллетеньдер беру, ұлттық, халықаралық БАҚ-ты, кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеу, оның ішінде мүгедек адамдар үшін дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санау және қорытындылау рәсімдері туралы ойға қонымды кеңестер айтты. Сондай-ақ, Сара Қабылбекқызы құқық қорғау органдарымен бірлескен тиісті іс-қимыл алгоритмімен жұмысты ұйымдастыру туралы да қажетті кеңесін айтты. Көшпелі семинар кеңесті Серғали Өмірзақұлы қорытындылап, сайлау кезінде барлық заң талаптарының сақталуы қажеттігін ескертті.