GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Құжаттар
Все материалы
23 октября 2026
Мереке күндеріндегі ХҚКО мен МХҚКО-лардың жұмыс кестесі

Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар дүйсенбі, 26 қазан күні жұмыс істемейді.

Бұл ретте, 24 қазан, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істейді. ХҚКО-лар азаматтарды сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштер сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, құжаттар 13:00-ге дейін беріледі.

Шығыс Қазақстан облысындағы ХҚКО-лардың жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып, бір сағатқа ерте аяқталатынын ескерген жөн.

27 қазаннан бастап ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес қызмет көрсетеді.

Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 нөмірі арқылы білуге болады.

22 октября 2026
Мойынқұмда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді

2026 жылғы 23 қазанда Мойынқұм ауылының орталық алаңында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді. Сағат 09:00-де басталатын шараға ауыл тұрғындары мен қонақтары шақырылады.

Жәрмеңкеде жергілікті шаруалар мен тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынады. Сауда сөрелеріне ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, балық, көкөніс, жұмыртқа және күнделікті тұтынуға қажетті өзге де азық-түлік түрлері қойылады.

Аталған шара тұрғындардың қажетті өнімдерін бір жерден сатып алуына мүмкіндік беріп, жергілікті шаруалардың еңбегін қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жәрмеңке өнім өндірушілер мен тұтынушылардың тікелей байланыс орнатуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізілуіне жағдай жасайды.

Ауылдың берекесін арттырып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған еңбек адамдарына қолдау көрсету – ортақ іске қосылған үлес. Жергілікті өнімді таңдау арқылы тұрғындар ауыл кәсіпкерлерінің жұмысына серпін беріп, аудан экономикасының дамуына атсалыса алады.

Мойынқұм ауылының тұрғындары мен қонақтарын 23 қазан күні сағат 09:00-де орталық алаңда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шақырамыз.

21 октября 2026
Қылышбай ауылында тұрғындармен кездесу өтті

Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков Қылышбай ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің өзекті мәселелері мен алдағы даму бағыттарын талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған жиында ауылдық округте атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер сөз болды.

Кездесу барысында тұрғындар ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл ішіндегі үш көшеге асфальт төсеу, көше жарығын көбейту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар аудан елді мекендерін табиғи газбен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды.




Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков пен тиісті сала басшылары түсіндірме беріп, оларды шешудің мүмкіндіктері мен алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде ауыл тұрғындары өз ойларын еркін жеткізіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Жиын барысында ұсынылған есеп тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп бағаланды.

Кездесу қорытындысында Қуандық Серікбайұлы көтерілген мәселелерді назарда ұстап, тұрғындардың ұсыныстары негізінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ауылдық округ әкіміне тапсырды. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауға алып, олардың жүзеге асырылу барысы жөнінде халықты жүйелі түрде хабардар етіп отыру қажеттігін атап өтті.

Тұрғындармен тікелей байланыс орнату, олардың талап-тілектерін тыңдау және өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

21 октября 2026
Қарабөгет ауылдық округінде тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды

Жол жөндеу, көшені жарықтандыру, ауыз су нысандарының жағдайы және техникалық көмек көрсету мәселелері Қарабөгет ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесудің негізгі тақырыптарына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков Сарыөзек, Қарабөгет және Құмөзек ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер таныстырылып, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына кезек берілді. Жергілікті жұртшылық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және күнделікті тұрмысқа қажетті мәселелерді шешуге қатысты пікірлерін ортаға салды.

Қоғамдастық төрағасы Ғ. Бадықов Қарабөгет ауылына кіреберіс көшені жөндеу жұмыстарының қашан басталатынын сұрап, көше бойына жарық шамдарын орнату қажеттігін жеткізді. Ол жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, көшені тұрғындардың игілігіне пайдалануға берудің маңызын атап өтті.

Ауыл тұрғыны А. Джунисбеков Қарабөгет пен Сарыөзек ауылдарындағы ауыз су нысандарына жөндеу жүргізу мәселесін көтерді. Сондай-ақ А. Жекеев техникамен көмек көрсету жөніндегі өтінішін білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша айтылған ұсыныс-пікірлерді орындауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу және олардың орындалу барысы туралы тұрғындарға мерзімді түрде ақпарат беріп отыру қажеттігі белгіленді.

Тұрғындар көтерген мәселелер ауылдық округтің өзекті қажеттіліктерін айқындап, алдағы жұмыстарды жоспарлауға негіз болады.

21 октября 2026
Ұланбел тұрғындарымен кездесу өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен жылына кем дегенде екі мәрте кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков Ұланбел ауылының тұрғындарымен кездесті.

Жиында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндалып, одан әрі кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Атап айтқанда, ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Атабаев жұмыссыз жүрген ауыл жастарын жұмыспен қамту және ауыз су құбырларында апат болған жағдайда аудан тарапынан көмек көрсету мәселелерін қозғады. Әйелдер кеңесінің төрайымы Ж. Жұмабаева ауыл аумағында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстарынан түсетін қаражатты елді мекеннің қажеттіліктеріне бағыттау жөнінде ұсыныс білдірді.

Ауылдың төбе биі Жолшыбек Елубаев Ұланбел – Мойынқұм тасжолы бойында жолдың көрінуіне кедергі келтіретін сексеуілдерге қатысты мәселені көтеріп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ал зейнеткер Ж. Тұрғамбаева Мойынқұм – Ұланбел бағытындағы автобустың белгіленген кестеге сай қатынауына назар аударуды сұрады.

Көтерілген сұрақтарға кездесу барысында Қуандық Төлеубеков тарапынан және тиісті бөлімдердің басшылары мен мамандарынан жауаптар беріліп, түсіндірме жасалды. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты пікірлерін білдіріп, ұсынылған есепті қанағаттанарлық деп бағалады.

Жиын қорытындысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу және оның орындалуын бақылау ауылдық округ әкіміне міндеттелді. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің шешілу барысы туралы ауыл тұрғындарына тұрақты түрде ақпарат беріп отыру тапсырылды.

21 октября 2026
Ақсүйек ауылында әлеуметтік мәселелер талқыланды

Ақсүйек ауылының тұрғындары Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадиновпен кездесіп, елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.

Кездесуде ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілді. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз ету нысанына жаңа трансформатор орнату, мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын толықтыру, балабақша жағдайын жақсарту және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қосымша үйірмелер ашу жөнінде ұсыныстар білдірді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы көтерілген мәселелердің әрқайсысына жеке тоқталып, жауапты бөлім басшыларымен бірге оларды шешу мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар ауылдық округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берілді.




Жиын барысында тұрғындар ұсынылған есепке қанағаттанарлық баға берді.

Кездесуді қорытындылаған Алибек Нурадинов ауылдық округ әкіміне тұрғындардың ұсыныстарын нақты іс-шаралар жоспарына енгізіп, орындалуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ қолға алынатын жұмыстардың барысы туралы халыққа жүйелі түрде ақпарат беріп отыру қажеттігін жеткізді.

21 октября 2026
Мыңарал ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өтті

Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадинов Мыңарал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткен кездесуде ауылдық округте атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Жиын барысында тұрғындар Қашқантеңіз станциясын ауыз сумен қамтамасыз ету, Мыңарал ауылындағы көше жарығын жақсарту, жайылымдық жерлерді кеңейту және балық шаруашылығымен айналысатын азаматтардың мәселелерін көтерді.


Алибек Нурадинов тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті бөлім басшыларымен бірлесе әрбір мәселе бойынша түсініктеме берді. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді шешу жолдары мен оларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Аудан басшысының міндетін атқарушы ауылдық округ әкіміне тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың барысы туралы тұрғындарға тұрақты ақпарат берудің маңыздылығын атап өтті.

21 октября 2026
Шығанақ ауылында тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды

Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадинов Шығанақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, елді мекендегі өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді талқылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған жиында ауылдық округте атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне назар аударылды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары үш көшеге жарық шамдары мен бейнебақылау камераларын орнату, медицина мамандарының тапшылығын шешу, сондай-ақ ауыз су құбырларын жүргізу жұмыстары кезінде бұзылған көшелерді қалпына келтіру мәселелерін көтерді.




Алибек Нурадинов жауапты сала басшыларымен бірге тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Жиын қорытындысында тұрғындар ұсынылған есепті қанағаттанарлық деп бағалады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы ауылдық округ әкіміне айтылған ұсыныстар негізінде тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, оның орындалуын бақылауды және атқарылатын жұмыстар туралы халықты тұрақты хабардар етіп отыруды тапсырды.

21 октября 2026
Аппараттық кеңесте өзекті мәселелер қаралды

Бүгін Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында санитарлық тазалық, салық түсімдері, күзгі әскерге шақыру және сайлау науқанына дайындық мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқан санитарлық тазалау жұмыстары туралы баяндалды. Талқылау барысында елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын арттыру және анықталған олқылықтарды жою мәселелеріне назар аударылды.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұржан Тастанов көлік салығы бойынша берешек пен 2026 жылғы бюджетке салық түсімдерінің орындалуы жөнінде есеп берді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысы қаралып, берешекті азайту және салық түсімдерінің жоспарлы көрсеткіштерін орындау мәселелері талқыланды.

Күзгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Болат Ауелбаев баяндады. Ал сайлау науқанына дайындық жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы ақпарат берді.

Баяндамалар негізінде аудан басшысы ауылдық округ әкімдерінен, бөлім және мекеме басшыларынан тиісті бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды нақтылап сұрады. Жұмыстағы кемшіліктер мен оларды жою жолдары талқыланып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

Кеңес қорытындысында Ермек Карентаев тапсырмалардың орындалу мерзімдерін белгілеп, әрбір мәселе бойынша жұмысты уақтылы әрі сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

21 октября 2026
Ерлік пен еңбекке құрмет

 Бүгін Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Құтқарушылар күні мен Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, марапаттады.

 Аудан басшысы адам өмірін қорғап, төтенше жағдайлардың алдын алу және табиғат байлығын сақтау жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Аумағы ұлан-ғайыр Мойынқұм жерінде өртті дер кезінде ауыздықтау үлкен жауапкершілікті, кәсіби шеберлік пен төзімділікті талап ететінін атап өтті.

 Өрт жиі орын алатын өңірімізде құтқарушылар мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі айрықша. Олар аптап ыстықта да, қатты желде де қауіпке қарсы тұрып, елді мекендерді, жайылымдар мен орман алқаптарын қызыл жалыннан қорғауға күш салады. Осындай сәттерде танытқан батылдықтары мен бірлескен жұмыстары — ел амандығына қосылған өлшеусіз үлес.

 Кездесу барысында жауапты міндетін абыроймен атқарып жүрген қызметкерлер марапатталып, олардың адал еңбегіне құрмет көрсетілді. Ермек Карентаев сала мамандарына зор денсаулық, отбасыларына амандық және қызметтеріне табыс тіледі.

 Ел тыныштығы мен табиғат тұтастығын күзеткен азаматтар әрдайым құрметке лайық. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы