Сайлау алдындағы үгіт
Мойынқұм аудандық сайлау комиссиясының шешімімен ағымдағы жылдың 11 ақпанда Мынарал ауылдық округі әкімінің сайлауына түсетін кандидаттар үшін сайлау алдындағы үгіт шаралары аталған ауылдық округі әкімінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталды. Үстіміздегі жылдың 21 қантарда сағат 18:00-де басталып, сайлау болатын күннен бір күн бұрын, яғни 10 ақпан күні сағат 00:00 -де аяқталады. Қазіргі кезде аталған ауылдық округі әкімінің лауазымына түскен үміткерлер Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2465 "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық Заңының 27 бабының талаптарына сай өздерінің үгіт жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Әкім лауазымына үміткерлердің өмірбаяны мен сайлау алдындағы бағдарламалары аудандық "Мойынқұм таңы " газеті мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдары өз округінде сайлау алдындағы жиналыс, сайлаушылармен жеке кездесу, жария пікір таластар мен пікір алысулар өткізуде. Сондай-ақ, үміткерлер өздерінің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламалары басылған баспа, бейне материалдарын шығарып, көпшілік жиналатын орындар мен арнайы үгіт-насихат материалдарын орналастыратын тақталарға іліп, таратуда. Аудандық сайлау комиссиясының мүшелері округ әкімі сайланатын Мынарал ауылына барып, ауылдық округ әкімі лауазымына кандидаттар мен сайлаушыларға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңында белгіленген сайлау алды үгіт жұмыстарын жүргізу тәртібін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар әкімдікке үміткерлер мен олардың сенім білдірген адамдарына, сайлаушылармен жеке кездесулер, баспа, дыбыс-бейне және өзге де материалдар шығару, онлайн платформалар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.