Атап айтқанда, Ұланбел ауылдық округіндегі іссапарда аудан басшысы ауыл ішіне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, артынша ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында Ұланбел ауылдық округінің тұрғындары қаңғыбас иттер, мал өлексесін шығару орны, интернет желісі, балабақшаны жаңа ғимаратқа ауыстыру, пошта торабының газет жеткізу қызметінің баяулығы секілді сауалдармен қайырылды.
Одан соң, іссапар Қарабөгет ауылдық округінде жалғасты. Аталған округте аудан әкімі жаңадан соғылып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысып қайтты. Қарабөгет ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесу жиынында округ халқы аудандық пошта торабының тасымалдау қызметі, Қарабөгет ауылдық округінің кіре берісіндегі көпір мәселесі, ағын су бөгетінің орнын ауыстыру бойынша мәселелерді айтты.
Сапар соңында аудан әкімі Ә.Балқыбеков Қылышбай ауылдық округі тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Қылышбай ауылының тұрғындары аталған жиында “Ауыл аманаты” жобасы бойынша несиелендіру, ауылдың ауыз су берілу уақыты, ауыл маңынан шаруақожалықтарға жер беру мәселелерін алға тартты. Кездесуден соң 2024 жылдың 12 сәуірінде аудан басшысының жеке қабылдауында болған Иетаев Төреқұл қарияның үйіне барып, өз өтініштеріне сәйкес көше мен тұрмыстық жағдайын көре келе, заңға сәйкес тәртібін түсіндіріп, қарт кісілердің батасын алып қайтты.
Жалпы сапар барысында аудан әкімі жоғарыда аталған округтерде жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға Ұланбел ауылдық округінен С.Карнакбаев , Қарабөгет ауылдық округінен Ғ.Бадықов, Қылышбай ауылдық округінен С.Сакиева, Ә.Түсіпбеков, А.Жылқыбаевтар қатысты.
Аудан басшысы Ә.Балқыбеков айтылған сауалдар бойынша тиісті түсіндірме жауап беріп, күрделі мәселелердің шешімін шұғыл мерзімде орындауды тапсырып, жеке өз қадағалауында ұстайтынын жеткізді.