РЕФЕРЕНДУМ – ЖАҢА ДӘУІР ТАЛАБЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үстіміздегі жылдың маусым айының бесі күні елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтеді.
Осыған сәйкес Меркі аудандық референдум комиссиясының төрағасы Абылкасымов Ш. Т. аудандық «Меркі Ақиқат» газетінің тілшісі Серікбай Л., ауданымыздағы референдум өтетін учаскелерінің дайындығы туралы сұқбат берді.
- Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына аудан бойынша 1 аудандық, 41 учаскелік референдум комиссиялары жұмыс жүргізуде. Жалпы аудан бойынша референдумда дауыс беруге құқылы 54135 адам бар. Олар еркін дауыс беру үшін аудандағы барлық референдум учаскелері толық жабдықталды.
- Ендігі мәселе. Учаскелік референдум комиссияларының дайындығы қалай? Олардың құрамы қандай?
- Ауданда 271 комиссия мүшесі, жоғарыда айтқандай 41 референдум өтетін учаскелерде дауыс берушілерге қызмет етеді. Олардың барлығы онлайн-қашықтықтан оқытылатын қысқа оқу курсынан өтіп, тиісті сертификаттарын алды.
- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беруге арналған үй-жайларда дауыс беру үшін қандай жағдай жасалған?
- Сұрағыңыз орынды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс беруге арналған үй-жайлардың кіре берісінде тұтқалар, сонымен тахтильді төсеніштер, пандустар орналасқан және арнайы жабдықталған орындар көзделген. Кресло-арбаларды пайдаланатын сайлаушылардың қолжетімділігі ескерілген және арнайы жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жабдықталған.
- Бір сөзбен айтқанда аудандағы референдум учаскелері референдум өткізуге толық дайын деуге болады.