Баршаңызды 30-тамыз – ҚР Конституциясы күнімен құттықтаймын.
Мемлекеттігіміздің заңды кепілі – Ата заңымыздың қабылданған күні біз үшін ерекше мереке болып табылады.
Осыдан 28 жыл бұрын халқымыз жалпыхалықтық референдум өткізіп, тарихи таңдауын жасаған еді. Осы уақыт ішінде Ата Заңымыз мемлекетіміздің дамуына, көркеюі мен гүлденуіне негіз болып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсті.
Ата заңымызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Сондықтан, Конституцияның нормаларын берік ұстанып, адам құқықтары мен құндылықтарын сақтау – Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті парызы деп білемін.
Конституция негізінде еліміз құқықтық мемлекетке айналып, әлемнің өркениетті дамыған елдерімен бірдей, демократиялық принциптермен дамуды жалғастырып келеді. Құқықтық жүйені берік орнатып, әлеуметтік-экономикалық дамуға, ішкі және сыртқы саясатта орнықтылыққа қол жеткіздік. Елімізде қоғамдық келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық орнады.
Қоғамның дамуы мен әлемдік өркениеттің ілгері өрлеуі жаңару мен жаңғыруды талап етері заңдылық. Қоғамның көзқарасы, халықтың заман талабына сай сұранысы үлкен өзгерістерді қажет етеді. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.
Қадірлі жерлестер! Сіздерді Конституция күнімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Отанымыз – Қазақстанның болашағы жарық, келешегі кемел болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, береке мен бірлігіміз арта берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін.
Жорабек Баубеков
Меркі ауданының әкімі