Аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы Ақарал ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
№16 жалпы білім беретін мектепте өткен кездесуге ауыл тұрғындары көптеп жиналып, аудан әкімінің атқарған жұмыстарын тыңғылықты тыңдады.
Аудан әкімі өз сөзінде Меркі ауданы көрсеткіштер бойынша облыс көлемінде үшінші орында тұрғанын айтып, 2025 жылға дейін ауданның әлеуметтік әлеуеті жоғарылайтынын айтты.
Сонымен қатар биылғы жылы білім, спорт және мәдениет салаларындағы жаңа құрылыстар бойынша ақпарат берді. Атап айтсақ, биыл Аспара және Ақ жол ауылдарында мектеп, №48 және №21 мектептерге150-200 орындық жапсарлана мектеп құрылыстары жүретінін, Ойтал және Мыңқазан ауылдарында мәдени клубтар, Андас батыр және Сарымолдаев ауылдық округтерінде спорт кешендері бой көтеретінін айтты.
Сонымен қатар, 2025 жылдарға дейін ауданның даму жоспары дайындалып, инвестициялық қаражатқа 107 жоба, бюджет қаржысына 156 жоба іске асырылатынын жеткізді.
Мәселен, жақын арада Меркіде сұйық май шығаратын зауыт, шағын қант зауыты, тұрғындарға арналған бассейн, фитнес залдары, т.б бар демалыс орны ашылатынын айтты.