Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кері әсер ететін, қоғамда әділетсіздік пен сенімсіздік туғызатын қауіпті құбылыс. Сондықтан да бұл мәселемен күрес – ел дамуындағы басты басымдықтардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жүйелі әрі нақты шаралармен жүргізілуі тиіс екенін баса айтып келеді. Осы бағытта елімізде заңнамалық негіздер қалыптастырылып, тиімді бақылау және алдын алу тетіктері енгізілуде.
Меркі ауданында да бұл бағытта бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілермен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға баса назар аударылуда. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да үгіт-насихат жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді.
Мемлекеттік органдардың ішкі жұмысындағы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік бағдарламалар ашық порталдарда жарияланып, қоғамдық бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, ауданға қарасты мекемелер мен бөлімдерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп, заңбұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылдануда.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Электронды форматтағы қызметтердің үлесі артып, тұрғындар үшін қолжетімділік пен ыңғайлылық артуда. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, тәртіптік жауапкершілік көзделуде.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғам тарапынан көрсетілетін белсенділік пен қолдау шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ашықтық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген басқару үлгісі қалыптасатын болады.
Біз Меркі ауданында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру арқылы тұрғындардың билікке деген сенімін нығайтуға күш салатын боламыз. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті, бәріміздің жауапкершілігіміз.
Ербол Жиенқұлов,
Меркі ауданының әкімі