Меркі ауданы Ақарал, Андасбатыр ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы
2021 жылғы 25 маусымда Меркі ауданы аумақтық сайлау комиссиясының отырысы болып өтті, онда "2021 жылғы 25 шілдеге тағайындалған Меркі ауданы Ақарал, Андасбатыр ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы" Шешім қабылданды.
Ағымдағы жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер мен түзетулерге қол қойды. Мұндағы өзгерістер аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуді көздейді.
Сайлау заңнамасына сәйкес, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жиырма бес жастан төмен емес Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Абылкасымов Шорман Туреханұлы Күнтізбелік жоспардың негізгі кезеңдері туралы баяндама жасады.
Комиссия төрағасы кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні, яғни 2021 жылғы 26 маусымнан басталып, сайлау өткізілетін күнге он бес күн қалғанда, яғни 2021 жылғы 9 шілдеде жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталатынын хабарлады.
Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде, яғни 2021 жылғы 14 шілдеде сайлау өткізілетін күнге дейін он күн бұрын аяқталады.
Сайлау қорытындылары аудандық сайлау комиссиясының отырысында учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлаудан кейін үш күн мерзімнен кешіктірілмей белгіленеді.
Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өтті, онда сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.