Меркіліктерді жинаған фестиваль
Ағымдағы жылдың 9 қыркүйек күні А.Асқаров атындағы орталық стадионға спорттық киімдерімен аудан жастары, тұрғындары «Денсаулық фестивалі» атты акцияға қатысу үшін жиналды. Бұл акция «Отбасы күні» қарсаңында «Біздің денсаулық – біздің қолымызда» атты ұранмен барлық меркіліктерге салауатты өмір салты туралы хабардарлықты арттыруға және өз денсаулығын нығайтуға бағытталды. Іс-шара аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің, денешынықтыру және спорт бөлімінің және Меркі аудандық орталық ауруханасындағы жастар орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шара Мемлекеттік Гимнмен ашылды. «Денсаулық фестивалі – 2017» акциясында аудан әкімінің орынбасары М.Қасым, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Жантаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы С.Құралбаев, Меркі аудандық орталық ауруханасындағы жастар орталығының төрайымы Х.Адешова, аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Османов мырзалар қатысушыларға денсаулық, бақыт тілей отырып, қатысушыларды іс-шараға белсене атсалысып, қатысуға шақырды. Осы акция аясында тағыда «Жүру – зиян емес, Жүрмеу – зиян» атты ұранымен аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама, флешмоб, әр түрлі спорт түрлерінен, атап айтқанда, №16, №17, №18 спорт мектептерінің шәкірттерімен бокс, футбол, күрес, волейболдан спорттық көрсетілімдер қойылды. Сондай – ақ, аудандағы дәрігерлерден тегін медициналық тексерістер, консультациялар, көмектер көрсетілді. Іс-шара мемлекеттік қызметкерлер арасындағы минифутболмен жалғасын тапты. Минифутболға 11 команда қатысты. Жарыс олимпиадалық жүйеде өтті. Судьялар құрамында К.Омарова, Д.Тохтамуратова, С.Байекеева болды, келесі ойынға қатысатын командалар жеребе арқылы шешіліп отырды. Минифутболда жеңімпаз атанған командалар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.