GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Әкім аппараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Әкім аппараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
14 октября 2026
Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен өзекті мәселелерін қарады.

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен өзекті мәселелерін қарады.

Қабылдау барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыз су, газдандыру және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері көтерілді.

Атап айтқанда, Көктөбе және Сұлутөр ауылдарын сумен жабдықтау жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткен. Қазіргі уақытта қаржыландыру күтілуде. Ал Мұзбел ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында блокты-модульдік су тазарту қондырғысын орнату мүмкіндігі қарастырылуда.

Тұрғын үй мәселелері бойынша қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, әлеуметтік қолдауға қатысты өтініштер тиісті тәртіппен зерделенуде.

Азаматтардың өтініштерін қарау және олардың мәселелерін шешу жолдарын айқындау аудан әкімдігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

БАҚ үшін.
13 октября 2026
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтті

2026 жылғы 13 қазанда Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихаты депутаттарыныңкезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелеріне арналған отырысы өтті.

Отырыс күн тәртібінде Қордай аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша аумақтық сайлау округтерін құру және шекараларын бекіту туралы сайлау округтерінің шекараларын қайта бекіту туралы, сондай-ақ,сайлау науқанының күнтізбелік жоспарын бекіту туралы қаулыларын қабылдау және өзге де құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелері қаралды

Отырыс барысында алдағы сайлау науқанына дайындық барысы, сайлау заңнамасының талаптарын сақтау, сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыру аясында жүзеге асырылатын негізгі іс-шаралар талқыланды.

Комиссия мүшелері сайлау науқанын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізуге, сайлаушылардың құқықтарын сақтауға және сайлау процесіне қатысушылардың өз міндеттерін тиісінше орындауына ерекше назар аударды.

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы сайлауды ұйымдастыру және өткізу бағытындағы жұмыстарды заңнама талаптарына сәйкес жалғастырады

 

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

21 августа 2026
Сайлау күні дауыс берушілерге бір күндік тіркеу рәсімі қолжетімді болады

Сайлау күні дауыс берушілерге бір күндік тіркеу рәсімі
қолжетімді болады

          23 тамыз, Құрылтай сайлауы күні, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ қазақстандықтар дауыс беру үшін сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша бір күнге тіркеуге тұра алады. Бұл қызметті сайлау учаскелерінде халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көрсетеді.

          Дауыс беру күні еліміз бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Соның 221 учаскесінде ХҚКО қызметкерлері азаматтардың бір күндік тіркеуін рәсімдейді. Бұл өз кезегінде олардың сайлау құқығын жүзеге асырып, дауыс беруге қатысуына мүмкіндік береді.

          Тіркеу тек дауыс беруге қатысу мақсатында бір күнге рәсімделеді. Келесі күні тіркеу автоматты түрде жойылады. Егер сайлау учаскесі мектепте, колледжде, университетте немесе басқа да мекемеде орналасса, азамат сол нысанның мекенжайы бойынша тіркеледі.

          ХҚКО қызметкерлері сайлау учаскелерінде сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

          Тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар азаматтар өздерінің тіркелген мекенжайына сәйкес сайлау учаскесінде дауыс береді.

          Сайлау учаскелерінің толық тізімімен және тиесілі учаске туралы ақпаратпен Орталық сайлау комиссиясының сайтынан онлайн режимде танысуға болады.

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
21 августа 2026
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға дайындықтың соңғы кезеңі аяқталды

2026 жылғы 21 тамызда Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша учаскелік сайлау комиссияларымен пысықтау жұмыс отырысын өткізді. Іс-шараға аудан аумағындағы                                   59 учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары мен хатшылары қатысты.

Отырыс барысында сайлау учаскелерінің жұмысына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер қаралып, дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының атқаратын міндеттері жан-жақты пысықталды.

Атап айтқанда, дауыс беру процесін ұйымдастыру, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын анықтау тәртібі түсіндірілді. Сайлау құжаттарын рәсімдеу, байқаушылармен өзара іс-қимыл жасау және сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар, учаскелік сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдері сақталуы мен пайдаланылуы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жұмыс отырысы барысында учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына сайлау процесінде заң талаптарын қатаң сақтау, әрбір сайлаушының дауыс беру құқығын қамтамасыз ету, дауыс беру рәсімінің заңдылығы мен ашықтығын сақтау қажеттігі атап өтілді.

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауды заң талаптарына сәйкес, ашық, әділ, ұйымдасқан және жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті дайындық жұмыстары толық аяқталғанын хабарлайды.

Сайлау процесіне қатысушылардың барлығына қойылатын талаптардың сақталуы, азаматтардың сайлау құқықтарының қамтамасыз етілуі және дауыс беру рәсімінің заңнамаға сәйкес өтуі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының басты назарында болады.

 

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

 

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
21 августа 2026
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН КЕҢЕСІ ӨТТІ

2026 жылғы 20 тамызда Тараз қаласында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңеске облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары қатысты.

Кеңес барысында аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық, атап айтқанда, сайлау учаскелерінің дауыс беруге әзірлігі туралы есеп берді. АСК төрағалары сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық дайындығы, анықталған мәселелер және оларды шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кеңесте аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстарының қорытындылары, дауыс беру күніне дайындық барысы, ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру, есептік нысандар мен сайлау құжаттарын жоғары тұрған комиссияларға жеткізу тәртібі және сайлау процесін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Отырыс барысында сайлаушыларды онлайн-сервистер арқылы ақпараттандыру, сайлау учаскелеріндегі байланыс және интернет желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ тиісті уәкілетті органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығына да ерекше мән берілді. Атап айтқанда, сайлау бюллетеньдерін тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің жол бойындағы сүйемелдеуін ұйымдастыру және бюллетеньдерді сақтау орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар белгіленді.

Кеңесте дауыс беру күніндегі ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жеке қаралып, Тараз қаласы мен барлық аудандардағы сайлау учаскелерін ақпараттық қамтудың маңыздылығы атап өтілді.

Әрбір сайлау учаскесінен фото және бейнематериалдар әзірлеп, оларды әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында уақытылы жариялау, сайлау процесінің ашықтығы мен азаматтардың белсенді қатысуын көрсететін мазмұнды ақпараттық материалдар ұсыну міндеті қойылды.

Кеңес қорытындысы бойынша, дауыс беру күнінде сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды жасау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, сайлау процесін заң талаптарына сәйкес өткізу тапсырылды.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
17 августа 2026
Қордай ауданында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті

2026 жылғы 17 тамыз күні Қордай ауылындағы аудандық мәдениет үйінде учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту-семинар өтті. Іс-шара 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республика Құрылтайының депутаттарын сайлауға дайындық аясында ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына Қордай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев, комиссия төрағасының орынбасары Э.Күмекбай және комиссия хатшысы Г.Ниязгулова, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Семинар барысында «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауына қатысуға құқығы бар азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерді «Электрондық үкімет» порталында тексерудің онлайн-сервисін іске асыру алгоритмі» тақырыбы қарастырылды. Қатысушыларға онлайн-сервисті қолдану тәртібі мен алгоритмі түсіндірілді.

Аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Э.Күмекбай аталған сервис арқылы азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексеру тетіктері туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Б.Маратұлы мен А.Кудушева онлайн-сервисті практикалық тұрғыда қолдану тәртібін көрсетіп, жүйемен жұмыс істеу кезеңдерін түсіндірді.

Семинар барысында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев сайлау учаскелеріне жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысн баяндаса, аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Г.Ниязгулова ұйымдастырушылық мәселелерге тоқталып, комиссия мүшелерінің назарын сайлауды өткізу кезінде заң талаптарын сақтау және азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Семинардың мақсаты – учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерін тексеру бойынша онлайн-сервисті тиімді қолдану тәртібін түсіндіру.

Семинар қорытындысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

 

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
14 августа 2026
ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЗЕРДЕЛЕНДІ

2026 жылғы 12 тамызда Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы аудан аумағындағы бірқатар сайлау учаскелерінің қолжетімділігін зерделеу мақсатында аралау жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс тобының құрамында аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Г. Ниязгулова, топ мүшелері: аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы М.Джартыбаева, «Мол нәсіп» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Д.Жайлаубекова, сондай-ақ мүгедектігі бар сайлаушылар болды.

Аралау барысында сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар азаматтар үшін физикалық қолжетімділігіне, кедергісіз дауыс беруге қажетті жағдайлардың жасалуына және тиісті құрал-жабдықтардың болуына ерекше назар аударылды.

Зерделеу барысында жұмыс тобы:

  • сайлау учаскелеріндегі мүгедектігі бар азаматтар үшін жасалған жағдайларды бағалады;
  • учаскелердің кіреберістері мен пандустарының қолжетімділігін тексерді;
  • дауыс беруге арналған орындардың талаптарға сәйкестігіне назар аударды;
  • азаматтардың сайлау құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілуін зерделеді.

 «Мол нәсіп» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Д.Жайлаубекова мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне толыққанды қатысуы үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігімен қатар, қызметкерлердің азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасауы мен қажетті көмек көрсетуі де маңызды екенін атап өтті.

Ал мүгедектібі бар  азаматтың бірі сайлау учаскелерін аралау барысында мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдайлармен жақынырақ танысқанын айтты.

«Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі, пандустар мен қажетті құралдардың болуы зерделенді. Мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар жасалғанын атап өткім келеді. Әрбір азаматтың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруы маңызды. Алдағы уақытта қолжетімді ортаны одан әрі жетілдіру қажет деп есептеймін», – деді ол.

Жұмыс тобының аралау жұмыстарының негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік жасау, олардың конституциялық сайлау құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтіретін факторларды анықтау және сайлау учаскелерінде қолжетімді орта қалыптастыру.

Жалпы, мұндай зерделеу жұмыстары мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы шараларды жетілдіруге, сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыруға және әрбір азаматтың сайлау процесіне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауға ықпал етеді.

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
12 августа 2026
Қордай ауданында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұзақ мерзімді байқаушыларымен кездесу өтті

2026 жылдың12 тамызында Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының ұзақ мерзімді байқаушыларымен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының ұзақ мерзімді байқаушылары Викен Тонже Мерит (Норвегия), Бедрицкий Александр (Ресей Федерациясы) және аудармашы Тасина Зарина қатысты.

Іс-шара барысында 23 тамызға жоспарланған Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындықтың қазіргі барысы талқыланды. Халықаралық байқаушылар аудан аумағында сайлау процесін ұйымдастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, сайлау науқанының негізгі кезеңдері бойынша ақпарат алмасты.

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Төреханұлы сайлауды ұйымдастыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының қызметін үйлестіру, сайлау процесіне қатысушылардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау заңнамасының талаптарын сақтау және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелеріне тоқталды.

Кездесу соңында тараптар сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық байқаушылардың бақылау қызметін жүзеге асыруы барысында өзара ақпарат алмасу және ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
12 августа 2026
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамбыл облысында сайлауды ұйымдастыру және өткізу барысымен танысты

2026 жылғы 10 тамыз күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ерман Мұхтар Тілдәбекұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі сайлауға дайындық барысымен танысып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын зерделеді.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізуге өңірдің дайындығын бағалау, сайлау комиссияларының жұмысын, сондай-ақ, сайлау процесіне қатысушылардың даярлық деңгейін және сайлау учаскелерінің әзірлігін жергілікті жерде зерделеу.

Сапар барысында сайлау процесінің негізгі бағыттары – учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру, комиссия мүшелерін оқыту, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы, жаңадан құрылған сайлау учаскелерінің жұмысы, цифрлық технологияларды пайдалану және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Сайлау учаскелерінің дайындығы зерделенді

Жұмыс сапары Тараз қаласының білім бөлімінің Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы ғимаратында орналасқан №58 сайлау учаскесінің жұмысымен танысудан басталды.

Мұхтар Ерман учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру барысын қарап, сайлау учаскесінің алдағы сайлауға дайындығына назар аударды.

№58 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Киял Абитова сайлау учаскесінің сайлауға дайындығы, комиссия мүшелерінің дайындығы және учаскеде сайлау процесін тиісті деңгейде ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.

 

Сонымен қатар, учаскеде дауыс берушілер үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, сайлау рәсімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізу және комиссия мүшелерінің өз міндеттерін сапалы орындауға әзірлігі жөнінде ақпарат берілді.

Сапар барысында, сайлау учаскесінде дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасау, сайлау рәсімдерін сапалы ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің өз міндеттерін білуі және сайлау заңнамасының талаптарын сақтау мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.

Өңір басшылығымен сайлауға дайындық мәселелері талқыланды

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауында болып, кездесу барысында өңірдегі сайлау науқанына дайындықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Атап айтқанда, сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы, сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету және сайлау процесін ұйымдастыру кезінде заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу барысында сайлауды ұйымдастыруға жауапты барлық тараптардың үйлесімді жұмысы сайлау процесінің сапалы әрі тиімді өтуінің маңызды шарты екені атап өтілді.

Мемлекеттік органдар өкілдерімен кеңес өткізілді

Жұмыс сапары аясында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кеңес өтті.

Кеңеске құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кеңесте сайлау процесін ұйымдастырудың өзекті мәселелері қаралып, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселесіне мән берілді.

Кеңесте Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов өңірдегі сайлау науқанына дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Оның айтуынша, облыста 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлауды әзірлеу және өткізу жұмыстары сайлау заңнамасының талаптарына және күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде.

С. Айдапкелов сайлау инфрақұрылымының дайындығына тоқталып, алдағы сайлауды өткізуге облыс бойынша 532 сайлау комиссиясы жұмылдырылғанын атап өтті. Оның ішінде 12 аумақтық және 520 учаскелік сайлау комиссиясы. Учаскелік комиссиялардың 499-ы ашық, 21-і жабық учаске ретінде жұмыс істейді. Комиссия құрамдарында барлығы 3702 комиссия мүшесі бар. Олардың 92,4 пайызының сайлау жүйесінде тәжірибесі бар. Бүгінде комиссия құрамдарында бос орындар жоқ.

Сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да бекітілген күнтізбелік және медиа-жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірде сайлау учаскелерінің шекаралары, комиссиялардың орналасқан жерлері, үгіт жүргізуге арналған орындар мен саяси партиялардың сайлаушылармен кездесулерінің кестелері туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында, аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланған.

Сайлаушыларды ақпараттандыру мақсатында ақпараттық-күнтізбелік баннер әзірленіп, халық көп шоғырланатын орындар мен елдімекендердің ірі көшелеріне орналастырылған.

Сайлаушылар тізімдеріне қатысты жұмыстар да белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде. 2 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдардан сайлаушылар тізімдерін қабылдап алған. 7 тамыздан бастап азаматтарға өздері туралы деректермен танысу және сайлауға шақыру қағаздарын алу мүмкіндігі берілді. Бұл жұмыстар 12 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, 7 тамыздан бастап сайлаушыларға есептен шығару куәліктері беріле бастады.

Сондай-ақ, азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге уақытын белгілеу мәселесі де реттелген. Мұндай учаскелердің тізбесі аумақтық сайлау комиссияларының шешімдерімен бекітіліп, сайлаушылардың назарына жеткізілген. Оның ішінде Тараз қаласында – 18, Жуалы ауданында – 2 және Қордай ауданында – 1 учаске бар.

Сайлау күні учаскелерде «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн-сервистерді іске қосу жоспарлануда. Облыс бойынша тексеру сервисі 328, тіркеу сервисі 15 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін әрбір учаскелік сайлау комиссиясынан екі комиссия мүшесінен бекітіліп, алдағы күндері оларды арнайы оқыту жүргізіледі.

С. Айдапкелов материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның мәліметінше, облыстағы барлық 520 сайлау учаскесі талапқа сай жабдықталған. Оның ішінде, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне және дауыс беру кабиналарына кедергісіз кіруі мен дауыс беруіне қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген.

Аумақтық сайлау комиссиялары учаскелік комиссияларды қажетті заңнамалық және ақпараттық-әдістемелік материалдармен, журналдармен, брайль қарпімен дайындалған трафареттермен, кеңсе және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз еткен.

Сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту жұмыстары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бекіткен оқу-жоспарына сәйкес екі кезеңде жүргізілуде. Бірінші кезеңде аумақтық сайлау комиссияларының толық құрамы және учаскелік комиссиялардың басшылық құрамы оқытылса, екінші кезеңде учаскелік комиссиялардың қатардағы мүшелерін оқыту жұмыстары жалғасуда.

Бұдан бөлек, сайлау процесіне қатысатын жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін оқыту жұмыстары ұйымдастырылған.

 

Кеңесте сайлауды байқау институтының жұмысы да назардан тыс қалмады. Бүгінде, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясында сайлауды байқау жөніндегі бес өңірлік қоғамдық бірлестік аккредиттелген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ миссиясының ұзақ мерзімді байқаушылары өңірге келіп, 20 және 30 шілдеде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының қабылдауында болған. Сайлау қарсаңында қысқа мерзімді шетелдік байқаушылардың да өңірге келуі күтілуде.

Сөз соңында Серғали Айдапкелов Жамбыл облысында Құрылтай депутаттарын сайлауды өткізуге дайындық жұмыстары белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, кеңесте сайлау учаскелерінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, сайлау процесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық мәселелердің алдын-ала шешілуі және сайлау науқаны барысында туындауы мүмкін жағдайларға дайын болу мәселелері талқыланды.

М. Ерман сайлау процесінің барлық кезеңінде заңдылықты, ашықтықты және ұйымдастырушылық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сайлау комиссияларын оқытудағы цифрлық технологиялар

Жұмыс сапарының маңызды бағыттарының бірі – сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту және олардың практикалық даярлығын жетілдіру болды.

Осы мақсатта ОСК төрағасының орынбасары Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ғимаратында орналасқан IT алаңында болып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талгат Жамалов пен Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов IT алаңының мүмкіндіктерін таныстырды.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде заманауи цифрлық жабдықтар көрсетіліп, оларды сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту процесінде пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.

IT алаңының жұмысы комиссия мүшелерінің практикалық дағдыларын жетілдіруге, оқыту процесін заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге және сайлау процесіне қатысушылардың цифрлық технологияларға қабілеттерін арттыруға бағытталған.

Сапар барысында комиссия мүшелерін оқыту кезінде ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, практикалық сабақтардың сапасын арттыру және сайлау процесінің түрлі кезеңдерін модельдеу мүмкіндіктері қаралды.

Тараз қаласының учаскелік сайлау комиссияларына арналған оқыту семинарына қатысты

М. Ерман сапар бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласының учаскелік сайлау комиссиялары мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларына арналған оқыту-семинарына қатысты.

Оқыту барысында сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық даярлығын арттыру, сайлау рәсімдерін заңнама талаптарына сәйкес орындау, сайлау құжаттарымен жұмыс істеу және дауыс беру күні туындауы мүмкін жағдайларға дайын болу мәселелері қамтылды.

Мұхтар Тілдәбекұлы сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби дайындығы сайлауды сапалы ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі екенін және учаскелік сайлау комиссиялары деңгейінде жүргізілетін оқыту жұмыстары комиссия мүшелерінің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, сайлаушылардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңадан құрылған сайлау учаскесінің жұмысымен танысты

М. Ерман жұмыс сапары барысында Тараз қаласы Жібек жолы ауданы «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан жаңадан құрылған №525 сайлау учаскесінің жұмысымен де танысты.

Аталған сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына арналған арнайы модульдік учаске ұйымдастырылған. Бұл жұмысты облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев пен Тараз қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арын Аскарбеков таныстырды.

Аталған учаскенің негізгі ерекшелігі – ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға сайлау процесіне өз бетінше және барынша ыңғайлы қатысуына мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешімдердің қарастырылуы.

Атап айтқанда, модульдік учаскеге жақындаған кезде арнайы қозғалысты сезгіш құрылғы іске қосылып, азаматтарға сайлауға қатысты қажетті ақпаратты аудио форматта жеткізетін ақпараттық аудиороликтер автоматты түрде ойнатылады. Бұл - әсіресе көру қабілеті бұзылған азаматтарға сайлау учаскесінің қызметі, дауыс беру тәртібі және қажетті әрекеттер туралы ақпаратты өзіне ыңғайлы форматта алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, учаске ішінде сенсорлық экранмен жабдықталған теледидарлар орнатылған. Олардың көмегімен сайлауға қатысты ақпаратты визуалды форматта алуға болады. Бұдан бөлек, сурдоаударма қызметіне тікелей қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни есту қабілеті бұзылған азаматтар қажет болған жағдайда сурдоаудармашымен қашықтан байланысып, сайлау процесіне қатысты ақпарат пен түсіндірмелерді ымдау тілі арқылы ала алады.

Осылайша, №525 сайлау учаскесіндегі модульдік шешімдер мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне қатысуына қолайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл – сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттырумен қатар, әр азаматтың сайлау құқығын тең жағдайда жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Фарида Шортанбекова жаңадан құрылған учаскенің жұмысын ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің даярлығы және сайлау процесін өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.

Жаңа сайлау учаскесінің жұмысын алдын-ала зерделеу оның сайлау күніне дейін толыққанды әзірлігін қамтамасыз етуге, ұйымдастырушылық мәселелерді уақытылы анықтауға және қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Іс-сапар қорытындысы бойынша, М. Ерман сайлау комиссияларының кәсіби даярлығын одан әрі арттыру, сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін, сонымен қатар, сайлауды ұйымдастырудың барлық кезеңінде заң талаптарын сақтау, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан сайлау комиссияларының қызметін жетілдіруге, олардың кәсіби даярлығын арттыруға және сайлау процесін ұйымдастырудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Ақпараттық материалдар (бейнероликтер, аудиороликтер, инфографикалар)
07 августа 2026
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының «Қазақстан республикасындағы сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырудағы негізгі аспектілер» тақырыбында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту-семинары өтті

2026 жылы 07 тамызда Қордай аудандық мәдениет үйінде Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан республикасындағы сайлау туралы заңнаманы  түсіндіруді ұйымдастырудағы негізгі аспектілер» тақырыбында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту-семинары өтті.

Оқыту-семинарына аудан әкімі аппаратының басшысы А.Байбеков, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты.

Бірінші дәріскер аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев «Қазақстан республикасының сайлау туралы» конституциялық заңына енгізілген өзгерістер туралы» баяндама жасады.

Екінші дәріскер болып  аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы У.Менболат «Сайлаушылар тізімін қалыптастыру, тізімге енгізу тәртібі және сайлаушылардың құқықтары туралы» тақырыбында сөз сөйледі.

   Оқу-семинарының жоспарына сәйкес «Дауыс беретін уақыт пен орны туралы хабарлау және шақыру қағазының есебін қалыптастыру тәртібі туралы», «Сайлау алдындағы үгіт», «Байқаушы, сенім білдірген адамдар, БАҚ өкілдерімен жұмыстың негізгі аспектілері туралы»  тақырыптарында Қордай аудандық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Э.Күмекбай сөз сөйледі. 

Келесі дәріскер, Қордай аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Г.Ниязгулова «Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы» тақырыбы бойынша түсіндірді.

«Сайлау құқытарын іске асырудың кепілдері, сайлау комиссияларының қызметіне қатысты шағымдарды қарау тәртібі және заңнамада көзделген жауапкершілік туралы» тақырыбында аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Е.Токтогулов  баяндама жасады.

Әр тақырып бойынша Қордай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы қосымша пікір білдіріп, қорытындылады.

Әр тақырыпты бекіту бойынша учаскелік сайлау комиссия кейстік сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.

Телешоу стиліндегі викториналық сұрақтар арқылы, «KAHOOТ» бағдарламасымен топтық ойын жүргізіліп, жеңімпаз топтар анықталды.

Семинар тақырыптары бойынша дәріс оқылғаннан кейін, семинар соңында оқылған тақырыптарды бекітуге арналған қорытынды тест алынды.

 

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы