Құрметті қордайлықтар! Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды тіршілік пен табиғатты түлеткен, ұлттардың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз мерекесі еліміздің тарихының айнымас бір бөлшегі, мәдениетіміз бен дәстүріміздің киелі бастауы екендігі баршамызға аян.
Бұл шын мәнінде жалпыхалықтық мереке. Сондықтан оның мәні де, сипаты да ерекше. Жарасымды өмірдің тамаша көрінісі деп білемін.
Қазіргі таңда Наурыз мейрамы халқымыздың асыға күтетін сүйікті мерекесіне айналды. Көктемде жер-дүние қайта құлпырып, табиғат-Ананың құдіретімен тіршілік біткен оянады. Наурыз айы - жақсылық пен ізгіліктің құндылықтары адам бойынан табылатын шақ. Күн мен Түн теңесіп, Ай мен Үркер жұлдызы тоғысатын кезең де - осы Наурыз айы.
Наурыз - әрқашан да халқымыздың берекелі бірлігінің, ынтымақты тірлігінің, өсиетті өнегесінің бой тұмарындай болған тағылымы мол мейрам. Наурыз - табиғат пен қоғамның, адам мен адамның, ел мен елдің ара-қатынасындағы теңдік заңдылығын сақтайтын бастау бұлақтар мен қайнар көздердің ашылуына мүмкіндік туғызатын сән-салтанатты, мағынасы терең айтулы мереке.
Бүгінде егемен елімізде Наурыз тойы ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастырып, еліміздің еңселі тірлігін, ырысты ынтымағын насихаттайтын сипатқа ие болып отыр. Бұл – ғасырлар қойнауынан жоғалмай жеткен ұлы жаңғырық, бабалар үнін асқақтатар қасиетті дәстүр. Наурыз – ұлтымыздың береке-бірлігі мен ынтымақты тірлігінің, өсиеті мен өнегесінің өшпес рәмізі сияқты.
Бұл күндері адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіріп, бір-бірін ұлықтап, құрметтейді. Жүрегіне имандылық нұры ұйыған жандар игі дәстүрмен қайырымдылық шуағын шашады. Ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, бір-біріне жақсылық тілейді.
Әрине, осынау әрбір игі істің, ата дәстүрдің астарында ғасырлар бойы сабақтастығын үзбей жеткен ұлы даланың даналығы, халқымыздың өшпес өсиеті жатыр.
Құрметті қордайлықтар!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!
Ұлыс оң, ақ мол болсын!