Қарасу ауылдық округі Өтеген ауылында орналасқан атауы жоқ тұйық көшеге атау беру туралы ауыл тұрғындарының қатысуымен жергілікті қоғамдастық жиналысының №1 ХАТТАМАСЫ

Қарасу ауылдық округі Өтеген ауылында орналасқан атауы жоқ

тұйық көшеге атау беру туралы ауыл тұрғындарының қатысуымен жергілікті қоғамдастық жиналысының

№1 ХАТТАМАСЫ

 

 

 

Өтеген   ауылы                                                                      2022  жылғы 11 қаңтар

Өтеген ауылдық клубы                                                                            сағат 11:00

 

 

 

Жиналыс төрайымы: Қарасу ауылдық округінің  әкімі Р.Т.Жасыбаева

Жиналыс хатшысы: А.Ж.Палуашова

 

Жиналысқа қатысқандар:

1) жергілікті қоғамдастық мүшелері – 7 адам,

2) Өтеген ауылындағы Абай, Жастар, Тілеміс көшесінің тұрғындары – 28 адам.

 

Күн тәртібінде:

        Қарасу ауылдық округі Өтеген ауылындағы Абай және Тілеміс көшелерінің қиылысындағы тұйық көшеге Құлшықов Өмірқұлдың есімін беру туралы.  

 

Тыңдалды:

        Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Р.Жасыбаева, Қ.Байсарин,  М.Нурмаханбетов, Б.Орманкулова сөз сөйледі.

 

        Қарасу ауылдық округінің әкімі Р.Жасыбаева: Өтеген ауылындағы Абай, Жастар, Тілеміс көшелерінен 28 тұрғын және 7 қоғамдастық мүшелері қатысып отыр.

        27.01.2021 жылы Қордай ауданының әкіміне Республикамыздың біртуар құрметті азаматтары, оның ішінде өзіміздің ауылдың құрметті ақсақалдары Қарасу ауылдық округі Өтеген ауылындағы атауы жоқ тұйық көшеге Құлшықов Өмірқұлдың есімімен атауды ұсынып, қайырылған болатын.

        Өткен жылы халық санағы жүргізілуіне байланысты бұл жұмыстар уақытша тоқтатылып, биылғы жылы Сіздердің ұсыныстарыңызды негізге алып Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы 14-1 бабының 1-тармағы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 қаулысын басшылыққа ала отырып, Сіздердің пікірлеріңізді ескере отырып Өтеген ауылындағы Абай және Тілеміс көшелерінің қиылысындағы тұйық көшеге Құлшықов Өмірқұлдың есімімен атауды қарау үшін жиын өткізіп отырмыз.    

       

 

Осыған орай, жиынға қатысушылар әр қайсыларыңыз өз ойларыңызды ортаға салсаңыздар.

        Ауыл ақсақалы Қ.Байсарин: Ауыл әкімі Рая Тұрғанқызының айтқанындай былтыр біз бір топ ауыл тұрғындары орталықтағы аудан әкіміне осы ауылдағы атауы жоқ көшені өзіміздің жерлесіміз марқұм Өмірқұл Құлшықовтың есімімен атасақ деген ұсыныспен қайырылғанбыз.

        Өмірқұл Құлшықовты бәріміз білеміз, танимыз ол кісінің ауылға сіңірген еңбектерін тізбектей берсең өте көп. Кезінде қандай еңбектер жасады. Оны бәрімізде білеміз. Ол кісі  Өтеген батырдың  сүйегін туған жерінің топырағына көшіріп әкелуде тарихта қалған тұлға. Осындай дардай тұлғаның есімін тұйық көшеге беруді дұрыс деп санаймын.

        «Қарасу» шаруа қожалығының басшысы М.Нурмаханбетов: Өмірқұл атаны бала кезімнен танимын, көптеген еңбектерін естігенімде бар. Ол кісі ауылымызда қызмет атқарып, көптеген еңбегі сіңген. Ауыл ақсақалының сөзіне қосылып, қолдаймын.

        Зейнеткер Б.Орманкулова: Өмірқұл Құлшықовтың өмірбаянымен толық таныспыз. Ол кісімен біз мақтанамыз, осындай тұлғаның біздің ауылдан шыққанына қуанамыз. Ауыл тұрғындарының атынан осы ұсынысты бірауыздан қолдайтынымызды жеткізгім келеді.

        Қарасу ауылдық округінің әкімі Р.Жасыбаева: Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы 14-1 бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 қаулысына сәйкес тиісті аумақ халқының пікірін ескеру мақсатында ашық дауысқа салды.

Қарсы – жоқ.

Қалыс – жоқ.

Қолдағандар саны – 28 адам.

Жиналыс төрайымы ашық дауыс беру қорытындысы бойынша атауы жоқ тұйық көшеге Өмірқұл Құлшықовтың есімімен атау туралы ұсынысын көше тұрғындары көпшілік дауыспен қолдағандығы туралы жария етті.

 

Жиынның шешімі:

  1. Қарасу ауылдық округі Өтеген ауылындағы атауы жоқ тұйық көшеге Өмірқұл Құлшықовтың есімі берілсін.
  2. Тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің қорытындысы бойынша ұсыныс облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының қарауына енгізілсін.

 

 

Жиын төрайымы                                                                                        Р. Жасыбаева

 

Жиын хатшысы                                                                                       А. Палуашова       

Қарасу ауылдық округі Өтеген ауылында орналасқан атауы жоқ тұйық көшеге атау беру туралы ауыл тұрғындарының қатысуымен жергілікті қоғамдастық жиналысының №1 ХАТТАМАСЫ
Дата публикации
19 января 2022