АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Зейнетақы жинақтарын мезгілінен бұрын пайдалану туралы
Евгений Сейпульниктің коронавирустық пандемия кезеңінде салымшылардың зейнетақы жинақтарын жеке қажеттіліктері үшін пайдалану мүмкіндігі туралы бастамасы оның жеке пікірі болып табылады. БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің 2020 жылғы 17 шілдеде өткізілген кезекті отырысында бұл ұсыныс талқыланған жоқ.
Коронавирустық пандемия мен карантиндік шаралар жағдайында бүкіл әлемде бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен мемлекет тарапынан азаматтарды қолдау жөнінде жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл ретте мән беретін маңызды нәрсе – төтенше жағдайлармен байланысты мәселелерді мемлекет азаматтардың қария шағында зейнетақымен қамсыздандыруға арналған жеке зейнетақы жинақтары есебінен шешпейтіндігі.
Зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстар азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік шығыстар және жалпы экономика үшін қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді салдарын ескере отырып есептеулер мен бағалау жасауды талап етеді.
Евгений Сейпульниктің ұсынысы егжей-тегжейлі пысықтаусыз және негіздеме бола алатын есептеулерсіз ұсынылғандықтан, БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің он-лайн талқылауы барысында оның әлеуметтік желілерде айтылған позициясы қолдау таппады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).