Жамбыл облысының 2025 жылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы

Жалпы ішкі өнім.

2025 жылдың 1 тоқсанында облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 690,9 млрд. теңгені құрады, НКИ – 106,3% (2024 жылғы 1 тоқсан –                   638,7 млрд. теңге, НКИ - 101,7%). Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 565,5 мың теңгені құрады (2024 жылғы 1 тоқсан – 522,3 мың теңге).

Облыс бойынша 2025 жылғы қаңтар-тамыздағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 111,4% (ҚР-109,6%) деңгейінде қалыптасты. Өсім экономиканың базалық салаларында өндіріс көлемі арттыру есебінен қамтамасыз етілді (оның ішінде өнеркәсіп – 118,9%, ауыл шаруашылығы – 100,1%, құрылыс – 119,6%, сауда – 102,4%, көлік – 104,9%, байланыс – 109,3%).

Өнеркәсіп.

2025 жылдың қаңтар-тамыздағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі                      862,3  млрд. теңгені құрап, 2024 жылғы тиісті кезеңге 18,9%-ға өсті.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда 43,0%-ға                 (152,1 млрд. теңге), өңдеу өнеркәсібінде – 13,9%-ға (542,3 млрд. теңге), электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау 10,1%-ға (162,0 млрд. теңге), сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметтерінің көлемінде 5,0%-ға (5,9 млрд. теңге) өсім байқалады.

2025 жылы Бірынғай индустрияландыру картасы аясында                       жалпы құны 33,6 млрд. теңгені құрайтын 4 индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру жоспарлануда, онда 307 жаңа жұмыс орны құрылады («Есаров» ЖШС – форель өсіретін шаруашылықты ұйымдастыру және консерві цехын салу, құны – 141,5 млн.теңге, қуаттылығы – 67 тн/жыл,                 12 жаңа жұмыс орны (Қордай ауданы);«Максутова» ЖК – балық өндеу цехы, құны – 250 млн. теңге, қуаттылығы – 200 тн/жыл, 10 жаңа жұмыс орны (Мойынқұм ауданы); «Alit Holding» ЖШС – Жамбыл облысында шикізат дайындау учаскесі, шикізат және дайын өнім қоймалары бар сүрлем қоймалары бар құрғақ құрылыс қоспаларын (ҚҚҚ) өндіру бойынша цех салу, құны – 3666 млн. теңге, қуаттылығы – 149 мың тн/жыл, 85 жаңа жұмыс орны (Тараз қ.); «Shagala Mining» ЖШС – Мойынқұм аудандағы мыс кендерін үймелеп шаймалау бойынша кәсіпорын салу, құны – 29568 млн. теңге, қуаттылығы – 9072 тн/жыл, 200 жаңа жұмыс орны (Мойынқұм ауданы)).

Ауыл, орман және балық шаруашылығы.

Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 2025 жылы облыстық бюджеттен 29,2 млрд. теңге субсидия бөлінді. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне                              28,9 млрд.теңге игерілді.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі                        216,1 млрд. теңгені немесе 2024 жылғы тиісті кезеңге 100,1%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 214,2 млрд. теңгені немесе 2024 жылғы тиісті кезеңге 100,1%-ды құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 85,9 млрд. теңге (НКИ - 96,4%), мал шаруашылығы –                   127,8 млрд. теңге  (НКИ – 102,6%).

Өсімдік шаруашылығында ауыл шаруашылығы дақылдары 639,7 мың га жерге орналастырылды, оның ішінде дақылдар – 362,0 мың га, майлы дақылдар – 38,0 мың га, көкөніс дақылдары – 31,1 мың га, картоп – 8,2 мың га, қант қызылшасы – 6,6 мың га алқапқа егілді. 15.09.2025 жылғы жағдай бойынша масақты дәнді дақылдар  335,9 мың га немесе 447,7 мың тоннадан астам өнім жиналды. Сонымен қатар 8,2 мың гектар картоптан 5,0 мың гектары жиналды (119,7 мың тонна өнім алынды), 31 мың гектар көкөністен - 21,8 мың га (720,2 мың тонна өнім алынды),18,2 мың га жүгеріден –                   4,9 мың га (28,6 мың тонна өнім алынды), 38,0 мың га майлы дақылдардан - 29,4 мың га (16,3 мың тонна өнім алынды),12,7 мың га бақша дақылдарынан - 12,5 мың га (385,6 мың тонна өнім алынды).

Мал шаруашылығында шаруашылықтардың барлық санаттарында ет өндіру (тірі салмақта) 75,1 мың тонна (104,8%), сүт – 156,3 мың тонна (101,6%), жұмыртқа – 68,2 млн. дана (76,1%) өндірілді. МІҚ саны 462,4 мың басты (91,1%), қой – 3 263,4 мың басты (85,8%), жылқы – 190,0 мың басты (105,7%), құс – 1 901,6 мың басты (104,0%) құрады.

Сауда.

2025 жылдың қаңтар-тамыздағы тауар айналымының көлемі 648,9 млрд. теңгеге жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға өсті.

Оның ішінде бөлшек сауда айналымының көлемі 364,4 млрд.теңгені құрап, 3,1%-ға өсті, көтерме сауда айналымы – 283,0 млрд. теңгені құрады (1,6%-ға).

Сыртқы сауда айналымы.

2025 жылғы қаңтар-шілде айларында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша сыртқы сауда айналымы 405,2 млн. АҚШ долларын немесе 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120,3%-ды құрады, оның ішінде экспорт – 179,3 млн. АҚШ доллар (158,3%), импорт – 225,9 млн. АҚШ доллар (101,1%). Сыртқы сауда айналымының сальдосы теріс қалыптасты (46,6 млн. АҚШ доллар).

2025 жылғы қаңтар-шілдесінде облыстың ЕАЭО елдерімен өзара сауда айналымы 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ға                         (204,4 млн. АҚШ доллар), оның ішінде экспорт – 48,6%-ға (89,6 млн. АҚШ доллар), импорт – 29,5%-ға (114,8 млн. АҚШ доллар) өсті.

Шағын және орта кәсіпкерлік.

2025 жылғы қаңтар-наурыз айларында шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 323,3 млрд. теңгені (106,1%), жұмыспен қамтылғандар саны – 163,5 мың адамды (98,9%) құрады.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ШОК субъектілерінің тіркелген саны 120,0 мың бірлікті, оның ішінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 109,0 мың бірлікті құрады. Тіркелген ШОБ субъектілерінің жалпы көлеміндегі жұмыс істеп тұрғандардың үлесі                    90,8%-ды құрайды.

Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 188,5 млрд. теңгені немесе 2024 жылдың тиісті кезеңіне 119,6%-ды құрады.

Өсім Тараз қаласында «Ұлы Дала» шағын ауданындағы мектептер құрылысы («Отау-Строй» ЖШС, «Интегро констракшн KZ» ЖШС), Шөлдала, Көлтоған, Құмшағалы, Айшабібі, Пригородное массивтерінде жоғары вольттық желілерді және қосалқы станцияларды салу («АФПМК-519» ЖШС), көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу («Агроспецстрой» ЖШС, «Таразкурылысдизайн» ЖШС), Қордай ауданында иммунобиологиялық құралдар шығаратын бифармацевтикалық зауыт құрылысы («К-Строй ЛТД» ЖШС), «Корцем» ЖШС-не арнайы цемент зауытын салу («Казградстрой» ЖШС).

Тұрғын үй.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 403,3 мың ш.м немесе 2024 жылдың тиісті кезеңіне 102,8%-ды құрады.

287,4 мың м2 жеке тұрғын үй (1704 бірлік үй), 939 пәтерге арналған                 111,9 мың м2 көппәтерлі тұрғын үй (22 үй) және 4,0 мың м2 жатақхана (2 үй) пайдалануға берілді.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың                                2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2025 жылы 17,6 млрд. теңгені (о.і. құнды қағаз - 11,8 млрд.теңге., ОБ - 1,3 млрд.теңге,                              аудандық және қалалық бюджет - 4,5 млрд.теңге) құрайтын 2550 пәтерлі    52 тұрғын үй (226,2 мың ш.м.) құрылысы жүргізілді. Жылдың соңына дейін  2 390 пәтерге арналған 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.

Көлік.

2025 жылдың қаңтар-тамыздағы көлік қызметтері 419,4 млрд.теңгені (104,9%) құрады. Көліктің барлық түрлерімен жүктерді тасымалдау 29,3 млн. тонна (91,6%), жүк айналымы – 26,5 млрд.ткм (91,3%), жолаушыларды тасымалдау – 61,6 млн. адам (142,2%), жолаушылар айналымы – 1271,6 млн. жкм (86,4%) құрады.

Жолдар.

Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шқ құрайды, оның ішінде республикалық мәндегі – 1204 шқ, облыстық –1697 шқ, аудандық – 1451 шқ, елді мекендердің көшелері – 5732 шқ.

2025 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын ұстауға және жөндеуге 27,3 млрд. теңге бөлінді (РБ-3,4 млрд. теңге, ОБ-23,9 млрд. теңге). 2025 жылдың 1 қыркүйегіне 17,5 млрд. теңге игерілді (РБ – 1,7 млрд. теңге, ОБ – 15,8 млрд.теңге).

2025 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 99,5%-ға жеткізу жоспарлануда.

 

 

Негізгі капиталға салынған инвестициялар.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 391,7 млрд. теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңіне 32,4%-ға өсті.

Өсім Тараз қаласында мырыш оксиді (пигменттер) өндіру есебінен («Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС), «Шөлдала», «Ұлы Дала» және «Бәйтерек» шағын аудандарында мектептер салу («Samruk-Kazyna Construction» АҚ), көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу («Тұрғын үй жөндеу» ЖШС), көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу («Ayna group» ЖШС), етті қайта өңдеу зауытының құрылысы («Алельагро» АҚ Жамбыл филиалы), Жамбыл ауданында Оңтүстік аймақтың электр желісін нығайту жобасы бойынша (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» АҚ «Оңтүстік жүйеаралық электр тораптары» 500 кВ «Жамбыл» қосалқы стансасының құрылысына жабдықтар сатып алу, Т. Рысқұлов ауданында газ құбырларын күрделі жөндеу және жылжымалы азот станциясын сатып алу («Азиатский газопровод» ЖШС), Сарысу ауданында химиялық кешен құрылысы және құрал-жабдықтар сатып алу («Еврохим Қаратау» ЖШС), кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысы («ҚазақСода» ЖШС), қосалқы станция үшін құрал-жабдықтар сатып алу («KEGOC» АО филиалы), Талас ауданында 15 мың тонна калий цианидін өндіретін зауыттың 2-ші желісін салу («Талас инвест компани» ЖШС), салынып жатқан әк өндіру зауытына жабдық сатып алу («Каратау LIME» ЖШС) есебінен қамтамасыз етілді.

Инфляция.

Инфляция деңгейі 2025 жылғы тамыз айында 2024 жылғы желтоқсанға 107,8% құрады. Азық - түлік тауарларының бағасы 8,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 5,7%-ға, ақылы қызметтер – 9,7%-ға өсті.

Облыс бойынша инфляция деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен 1,0 пайыздық тармаққа төмен (ҚР – 108,8%).

Азық-түлік тауарлары бойынша 2025 жылғы тамыз айында бағалар қияр - 23,8%-ға, жұмыртқа - 11,8%-ға,  алма - 4,9%-ға, кофе - 3,1%-ға, ет - 2,5%-ға (о.і. қой еті - 3,0%-ға, жылқы, шошқа еті - 2,8%-ға, сиыр еті - 2,6%-ға, құс еті - 1,3%-ға), жарма - 2,4%-ға (о.і. қарақұмық жармасы - 4,8%-ға, жүгері - 1,4%-ға, арпа - 1,3%-ға), сүзбе майлығы 5-9% - 1,8%-ға, сүт өнімдері, май және тоң майлар, нан - 0,6%-ға (о.і. жоғары сұрыпты ұннан жасалған бидай наны - 5,1%), қант - 0,5%-ға, балық және теңіз өнімдері - 0,4%-ға, макарон өнімдері - 0,1%-ға өсті.

Жаңа піскен көкөністер бағасы 18,5%-ға (о.і. пияз - 34,5%-ға, қызанақ - 31,6%-ға, картоп - 14,7%-ға, сәбіз - 11,7%-ға, қызылша - 10,1%-ға, ақ қырыққабат - 9,6%-ға), жаңа піскен жемістер - 4,4%-ға, күріш - 0,4%, шәй - 0,1%-ға төмендеді.

Нан, шошқа еті, қатты ірімшік бағалары өзгеріссіз қалды.

Азық-түлік емес тауарлар бойынша бағалар кеңсе тауарларына - 2,2%-ға, бензин - 1,8%-ға, фармацевтика - 1,7%-ға, сыртқы киім - 1,2%-ға, құрылғылар мен жеке тауарлар - 0,8%-ға, тұрғын үй-жайларды күтіп ұстауға және жөндеуге арналған материалдар - 0,7%-ға, дизель отыны - 0,6%-ға өсті.

Ақылы қызметтер бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында тарату желілері арқылы тасымалданатын газ бағасы 20,9%-ға, кабельдік телевидение қызметі 8,3%-ға, курьерлік қызмет 7,9%-ға, сақтандыру 1,2%-ға, көлік қызметі 0,3%-ға (о.і. автомобиль жолаушылар көлігі 0,5%-ға) қымбаттады.

Салықтар мен бюджет.

Мемлекеттік бюджетке 193,0 млрд. теңге салықтар мен басқа төлемдер түсті немесе болжамға 109,4%, оның ішінде республикалық бюджетке –                49,6 млрд.теңге (96,7%), жергілікті бюджетке – 143,4 млрд.теңге (114,5%).

Өзіндік кірістер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда            121,1% - ға өсті.

2025 жылғы 1 қыркүйегіне  облыс бюджетінің шығындары                             495,6 млрд.теңгеге немесе болжамға 96,8%-ға орындалды, оның ішінде әлеуметтік салаға 324,2 млрд.теңге қарастырылды (99,9 %).

2025 жылғы 1 қыркүйегіне облыс бюджетінің шығыстары 853,6 млрд. теңгені құрады, тиісті кезеңімен салыстырғанда шығыстар сомасы              66,7 млрд.теңгеге немесе 108,4% - ға өсті (2024 жылдың 1 қыркүйегіне-               786,9 млрд.теңге).

Шығындар құрылымындағы ауқымды үлес білім беруге – 48,6%, әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға – 6,4%, спорт, туризм, мәдениет және ақпараттық кеңістік салаларына – 4,8 %, денсаулық сақтауға –2,6% келеді.

Сумен қамтамасыз ету және су бұру.

Облыстың 357 елді мекеннен 343-і (98,7%) су құбыры орталықтандырылған, 24-і (6,5%) су құбыры орталықтандырылмаған.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың                        2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 2025 жылы АЕМ - де және облыс қалаларында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және қайта жаңғыртуға 15,4 млрд. теңгеге (о.і. РБ – 6,4 млрд. теңге, арнайы мемлекеттік қордан – 5,0 млрд. теңге, ЖБ – 4,0 млрд. теңге) 53 жобаны іске асыру қарастырылды.

2025 жылы қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету деңгейін 100,0%-ға жеткізу жоспарлануда.

Электрмен, жылумен және газбен қамтамасыз ету.

Тұтынушыларды сапалы коммуналдық қызметтермен, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмыс істеу сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың                2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2025 жылға      6,8 млрд. теңгеге (РБ – 3,7 млрд. теңге, ЖБ – 3,1 млрд. теңге) 5 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Экология.

2024 жылы Жамбыл облысындағы стационарлық көздерден ластаушы заттардың нақты жиынтық шығарындылары 52,9 мың тоннаны құрады. Тараз қаласындағы атмосфералық ауаның ластануы «төмен» деңгейде көрінеді, мұнда көлік көп жүретін қиылыстарда күкірт қышқылының орташа тәуліктік деңгейінің жоғарылауы байқалады, бұл автомобиль көлігінің атмосфералық ауаның ластануына айтарлықтай әсерін көрсетеді.

Халық саны.

2025 жылдың 1 тамызына Жамбыл облысы бойынша халық саны                    1 219,1 мың адамды құрады. Оның ішінде Тараз қаласында 438,4 мың адам, Байзақ ауданында 106,5 мың адам, Жамбыл ауданы – 87,9 мың адам, Жуалы ауданы – 53,2 мың адам, Қордай ауданы – 156,4 мың адам, Т.Рысқұлов ауданы – 65,9 мың адам, Меркі ауданы – 87,8 мың адам, Мойынқұм ауданы -                   27,6 мың адам, Сарысу ауданы – 43,1 мың адам, Талас ауданы - 47,4 мың адам, Шу ауданы - 104,9 мың адам.

Әлеуметтік қорғау.

2025 жылдың 2 тоқсанына жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады, жұмыссыздардың саны - 26263 адам (2024 жылдың көрсеткішінен                    957 адамға аз), өз бетінше жұмыспен қамтылған халық саны 159305 адам, бұл 2024 жылдың көрсеткішінен 22564 адамға аз, облыс экономикасында жұмыспен қамтылғандардың барлығынан өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 30,5%-ды құрады. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне жаңадан              39911 жұмыс орны құрылды.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі                      2025 жылдың 1 тоқсанында 5,2%-ды немесе 63296 адамды құрады.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 30368 адам қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен - 11179 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен – 683, жастар практикасымен – 1075, «Күміс жас» жобасы бойынша - 1115, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға - 3317, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 8813, онлайн оқыту курстарына – 3357 адам жолданды.

Білім.

Бүгінге 621 мектепке дейінгі ұйымдармен (501 балабақша, 120 шағын орталықтар) 63,8 мың бала немесе 94,8% (1-6 жас) қамтылды,                          бұл 2024 жылдың деңгейінен 2,7 пайыздық тармаққа жоғары.

2025 жылы 26 білім беру  обьектілерін дамытуға 26,3 млрд. теңге бөлінді.

Оның ішінде: «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында                      4 мектептің құрылысы қарастырылды (Қордай ауданында 2 мектеп                     (600 орындық), Тараз қ. «Ұлы Дала», «Шөлдала» шағын аудандарында                      2 мектеп (2600 орындық)).

2025 ж. 1 қыркүйегіне 2600 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді (Қордай ауданында 2 мектеп (600 орындық), Тараз қ. «Ұлы Дала» 1 мектеп (2000 орындық).

Сондай-ақ, Ұлттық жобадан тыс Байзақ ауданында 2 мектептің                       (200 орындық), Жамбыл ауданында 3 мектептің (350 орындық), Т.Рысқұлов ауданында 1 мектептің (120 орындық), Шу ауданында 3 мектептің                       (340 орындық), Тараз қаласында 1 мектептің (600 орындық) құрылыстары қарастырылған (облыс бойынша 12 мектепке жапсарлас, оның ішінде дарынды балаларға арналған ІТ лицей - интернат).

2025 ж. 1 қыркүйегіне 350 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді.

Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі орташа есеппен              1 компьютерге 4 оқушыны құрайды.

Облыстағы 450 мектеп Интернет желісіне және «Bilimclass» жүйесіне қосылған. 363 мектепте 1808 интерактивті панельдер орнатылған.

Денсаулық сақтау.

Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2025 жылы 22,7 млрд. теңге бөлініп, есепті кезеңге 11,3 млрд. теңгесі немесе 97,2%-ы игерілді.

Тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 5,0 млрд. теңге бөлініп, есепті мерзімге 3,2 млрд. теңгесі игерілді, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 12,3 млрд. теңге (РБ - 3,6 млрд. теңге, ЖБ – 8,7 млрд. теңге) бөлініп, есепті мерзімге ЖБ-тен 4,6 млрд. теңгесі игерілді.

Денсаулық сақтау объектілерін дамытуға 4138,9 млн. теңге                               (о.і. РБ – 3726,6 млн. теңге, ЖБ  - 412,3 млн. теңге) қарастырылды.

Бөлінген қаражатқа 5 денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жүргізу қарастырылған (Қордай мен Талас аудандарында 90 келушіге арналған 2 ДА, Қордай ауданында Сортөбе а. бір ауысымда 200 келушіге арналған емхана құрылысы, Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасының ғимаратын қайта жаңғырту (литер А қабылдау бөлімшесі), Талас ауданында ДА-ның  сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы, Қаратау қаласында 200 орындық орталық аудандық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту).

2025 ж. 1 қыркүйегіне 3 нысан пайдалануға берілді (Қордай ауданында Сұлутөр а. 45 келушіні қабылдайтын ДА және Сортөбе а. бір ауысымда     200 адамды қабылдайтын емхана, Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасының ғимаратын қайта жаңғырту (литер А қабылдау бөлімшесі).

2025 жылдың қаңтар-тамызында қатерлі ісік, наркологиялық аурулармен, мерез және қан айналымы жүйесімен алғаш сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.

Сонымен қатар, туберкулез, психикалық бұзылу және қант диабетімен алғаш сырқаттанушылықтың деңгейі төмендеді.

Ана өлімінің 3 жағдайы Мойынқұм ауданы, Тараз және Шу қалаларында тіркелді. 

Мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінің желісіне 383 медициналық ұйым кіреді, оның ішінде 27 ауруханалық ұйымдар, 141 амбулаториялық емханалық ұйымдар, 4 диспансер, 58 фельдшерлік-акушерлік пункт,                    145 медициналық пункт және 8 басқа ұйымдар.

Жамбыл облысының 2025 жылғы қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы
Дата публикации
30 сентября 2025